Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында аймақ журналистері арасында «Quizday» интеллекуталды ойынын өткізді. Оған білім саласын ақпараттандыруда еңбегі зор республикалық телеарналардың, облыстық газет пен интернет ресурстарының тілшілері, PR-саласының мамандары қатысты.
Іс-шарада мектеп директоры Жаңбыржан Бекболатов қаламгерлер қауымын кәсіби мерекемен құттықтап, журналистердің қоғамда алар ерекше орнын атап өтіп, алғыс білдірді.
Сайыс қатысушылары бес топқа бөлініп, түрлі тақырыптағы викториналық сұрақтар, логикалық тапсырмалар, видео мен аудиосауалдарды қамтитын алты раундта бақ сынасты. Тартысты ойын нәтижесі бойынша бірінші орынды «Makeba» командасы иеленсе, екінші орынды «БАҚ-LIKE» ойыншылары жеңіп алды. Ал ұпай саны бойынша тең түскен «BlueSky» мен «Makeba№1» топтары үшінші орынды бөлісті.
Іс-шарада оқу-ағарту саласын, зияткерлік ұрпаққа білім беру үдерісін жан-жақты ақпараттандыруда жоғары кәсібилігі үшін облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттері және «Qyzylorda» телеарнасының ұжымы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозиннің Алғыс хатымен марапатталды.
Ой сергітіп, білім көкжиегін кеңейте түскен журналистер алдағы уақытта мектеп бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.
«СБ» ақпарат





