Журналистерге мәртебе беріп, тұрғын үй кезегіне қоя алмаймыз – депутат

940

0

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев БАҚ өкілдеріне мәртебе беріп, тұрғын үй кезегіне қоюдың мүмкін еместігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Журналистерге қатысты бір шындықтың бетін ашып алайық. Жаңа әзірленген заңнаманың аясында БАҚ өкілдерін арнайы бір тұрғын үй бағдарламасы арқылы кезекке қою, мәртебе беруді тұрғын үй туралы заңнамаға енгізе алмаймыз. «Масс-медиа» туралы заң Парламенттің қарауына енгеннен кейін журналистер депутаттардан әлеуметтік мәселелер бойынша көп нәрсе күтпеуі қажет», – деді Елнұр Бейсенбаев Мәжілісте «Масс-медиа» туралы заң жобасын талқылау барысында.

Сондай-ақ, халық қалаулысы аталған мәселені шешу бойынша өз ұсынысын алға тартты.

«Министрлік қазірден бастап «Отбасы банк» және екінші деңгейлі басқа да банктермен келісім жүргізуі керек. Тұрғын үй мәселесін шешудің жолдарын бірлесіп қарастырған жөн. Бізді қазір қарап, тыңдап отырған журналистер ойламауы қажет, біз оларды бір күнде категорияға енгіземіз деп. Өйткені, әр мамандықты категорияға енгізу мүмкін емес. Бүгінде 650 мыңнан астам азамат баспана кезегінде тұр. Жыл сайын тұрғын үй кезегіне тұратын азаматтардың саны 40-50 мың аралығында өсіп отырады. Сондықтан бұл мәселе «Масс-медиа» туралы заңның аясында шешілмейді», – дейді депутат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<