Жүйелі жұмыс пен жауапкершілік қажет

323

0

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары қаралды.

Облыстық қоғамдық ден­саулық сақтау департаментінің басшысы Ұлболсын Ақанаева хабарлағандай, биыл тұр­ғын­дар арасында 33 адам кене шағып, медициналық кө­мекке жүгінген. Жаңақорған ауда­нындағы Ек­пінді ауы­лынан 1 күдікті науқас анық­талып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жат­қы­зылды. Ауру ошағынан 89 кене, оның 87-і малдан, 2-і мал қорадан, жиналып, зерт­ха­налық зерттеу­ге алынды. Есепті мерзімде облыс бо­йынша 6646 кене зертханалық зерт­теуге жиналып, 684 сынама зерттелді. Оның алтауы­нан серопозитивті кенелер анық­талған. Сонымен қатар, жекелеген тұрғындардан да кенелердің көптігі жайлы шағымдар түсуде. Ауа райы­ның қолайсыздығына байланысты кенелердің белсенділігі байқалуда.

Дегенмен, зоопарази­то­ло­­гиялық барлау бойынша ай­мақтағы қолайсыз елді ме­кен­­дер 127-ден 123-ке кеміп отыр. Конго-Қырым гемор­рагиялық қызбасының алдын алуда тиім­ді, үйлескен түрде іс-ша­ра­лар жүргізу мақсатында облыс әкімі «Қы­зылорда облысы аума­ғында Конго-Қырым гемор­ра­гиялық қызбасына қар­сы әрекет ету алгоритмін» бекітіп, тиісті міндеттер нақ­тыланды.

Облыстық жұмылдыру  да­йындығы басқармасының бас­шысы Асылбек Шәменов 2019 жылға КҚГҚ алдын алу шара­лары үшін көктемгі-күзгі жұмыстарға 214,5 млн теңге бөлінгенін жеткізді. Ол табиғи ошақтарда кенеге қарсы өңдеу жұмыстары мер­дігерлер толық анықталып біткеннен кейін 8 сәуірде басталатынын айтты. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкіл­дері мәлім­дегеніндей, емдеу мекемелерінде қажет­ті дәрі-дәрмектердің қоры сақ­талуда.

Облыс әкімі эпиде­мио­ло­гиялық жағдай күрделі сипат алып кетпеуі үшін аудан әкімдері, сала басшылары жос­парланған іс-шаралардың орын­далуына қатаң бақылау жасап, өте жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Кент, ауылдық округтер әкімдері өз аумақтарындағы қоражай­лардың, мал қораларының таза­лығына өте мұқият қара­уы тиіс. Елді мекендерде уақ малдарды тоғытуға қа­жет­ті жағдайлар жасалуы қажет. Жұмыстардың бәрі өз дең­гейінде атқарылатын болса, залалсыздандыруға бө­­лінген қаржы тиімді жұм­са­латын болады.

Ыдырыс Тәжіұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<