Өңір халқының игілігін толықтырды
2025 жыл Сыр өңірінде айтулы жаңалықтармен басталды. Жаңақорған, Шиелі, Арал аудандарында мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен салынған нысандар ел игілігіне берілді. газ желісіне қосылған ауылдар саны артты, тұрғындар баспана бақытына кенелді.
ЖАҢАҚОРҒАН
Мерекелік демалыс күндері Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар үшін салынған 124 пәтерлік 62 жаңа тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстады. Рәсімге Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы Жаңа жылда жаңа баспанаға ие болған тұрғындарға ізгі тілегін арнады. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге тоқталды.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі» деп ерекше атап өтті. Сыр өңіріндегі мақсатты бастамалардың нәтижесі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіндегі оң өзгерістерден анық байқалады. Бір ғана құрылыс саласына тоқталсақ, тұрғын үй құрылысының көлемі 126 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 683 мың шаршы метр болса, өткен жылы 864 мың шаршы метрге ұлғайды. Өткен жылы бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд 100 млн теңге бөлініп, 2500-ден астам пәтер пайдалануға берілді.
Соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Бүгін міне, аумағы 10 мың шаршы метрден асатын тұрғын үйлердің құрылысын аяқтап, иелеріне салтанатты түрде табыстауға жиналдық. Жаңа баспаналарды уақытылы әрі сапалы салған құрылыс мекемелеріне шынайы алғысымызды білдіреміз. Мемлекеттің қолдауын сезініп, баспаналы болуға ниет еткен әрбір отбасы үшін бүгін айтулы күн! Жаңа қоныс – жақсылықтың бастауы. Баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасына айналсын, баршаңызға құтты болсын! Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай! Жаңа 2025 жыл құтты болсын, ардақты ағайын! – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, өткен жылы Жаңақорған ауданының бюджеті 15 млрд 800 млн теңге болса, биыл 20 млрд теңгеге жетіп, 20 пайызға өсім қалыптасты. Бұл қаржы аудан тұрғындарының көтерген мәселелерін шешуге бағытталуда. Мәселен, 1 млрд теңгеден астам қаржыға 40 шақырым болатын 38 көше жөндеуден өтті. Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін аспалы көпірдің құрылысы жүргізілуде.
Тұрғындарды «көгілдір отынмен» қамтуға ерекше мән берілуде. Аудан орталығы мен 7 елді мекенге газ келіп, халықтың 40 пайызы табиғи газды қолдануда. «Сүттіқұдық», «Жайылма», Қожамберді елді мекендеріне орталықтандырылған ауызсу жеткізілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Қаратөбе» ауылында дәрігерлік амбулатория ашылып, ел игілігіне қызмет етуде. Тәуелсіздік күні «Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториямен қоса 15 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана ел игілігіне табысталды.
Одан бөлек, Жаңақорған кентінде «Қамқорлық» оңалту орталығы, 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі», Байкенже ауылында 150 орындық мектеп, «Бесарық» ауылындағы 375 орындық қосымша оқу ғимараты пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жаңақорған кенті «Саяжай» шағын ауданындағы 600 орындық, «Жаңарық» елді мекеніндегі 300 орындық мектептер жақын күндері ел игілігіне табысталады.
Іс-шарада құрылыс мекемесінің мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов батасын берді.
Рәсімнен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, жиналған жұртшылықтың ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.
***
Сондай-ақ Жаңақорған ауданының Әбдіғаппар, «Бесарық» ауылдарында дәрігерлік амбулатория ашылды.
Аймақ басшысы жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, жаңа нысандардың ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
– Жаңа жыл халқымыз үшін берекелі жыл болсын! Әр шаңырақ шаттыққа, қуанышқа толсын! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Отандық медицинада емдеудің инновациялық әдістері енгізіліп, онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Сала қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау туралы заң қабылданды. Бұл – аталған мамандықтың мәртебесін арттыруға бағытталған қадам. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалып отыр» деп бұл саланың айрықша маңызға ие екенін айтты. Өткен жылы облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд 200 млн теңгеге жетті. Ұлттық жоба аясында өңіріміздің барлық ауданында 10 млрд 200 млн теңгеге 27 медициналық нысан салынды. Оның ішінде, 3 дәрігерлік амбулатория Жаңақорған ауданында бой көтерді. Тәуелсіздік күні «Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана ел игілігіне табысталды.
Осы игі істердің жалғасы ретінде бүгін Әбдіғаппар, «Бесарық» ауылдарындағы амбулаторияларды пайдалануға береміз. Халқымыз «Тәні саудың – жаны сау» деген. Бүгін іске қосылған жаңа нысандар бастапқы медициналық қызмет көрсетуге маманданған үздік мекемеге айналып, ақ халатты абзал жандар халық алғысына бөлене берсін! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жиналған жұртшылықты құттықтады, ел ағасы Бақыт Нұртазаев бата беріп, ауданның өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен ардагерлер мен құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек, аймақтың денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұрын-соңды өз ғимараты болмаған «Қан орталығы» салынып, ел игілігіне қызмет етуде. Ана мен бала өмірін қорғау мақсатында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Облыс орталығында емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың, Арал ауданы «Сексеуіл» кентінде 40 төсек-орынға арналған ауылдық аурухананың құрылысы жүргізілуде. Халықтың сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілді. Соңғы 2 жылда барлық елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдарына 225 санитарлық автокөлік табысталды.
Саланы дамытуға бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыс орнатылған. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 4 млрд теңге қаржы бағыттады.
Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» орталығы ашылып, қажетті дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығын скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Мұндай кешен еліміздің 3 өңірінде ғана бар. Бүгінде шалғай елді мекендердегі тұрғындарға тұрақты қызмет етуде.
***
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапары кезінде №54 мектеп жанындағы 375 орындық қосымша оқу ғимаратын көрді.
Құрылысты «Жабдықтау» ЖШС салған. Үш қабатты нысанға 789,6 млн теңге қаржы «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы бөлінді. Онда білім алушыларға барлық қолайлы жағдай жасалған. Кең әрі жарық сыныптар, жоғары сапалы оқу құралдарымен, ақпараттық технологиялармен жабдықталған кабинеттер бар. Оқушылар үшін арнайы кітапхана, зертханалар және шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелер де қарастырылған.
Ғимараттың әр қабатындағы арнайы инженерлік, жылу, жарық, су және желдету жүйелері заманауи талаптарға сай орнатылған. Спорт залы мен демалыс орындары денешынықтырумен айналысуға және түрлі спорттық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 2023 жылы облыс орталығындағы 4 мектептің орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 1850 оқушыға арналған қосымша ғимараттар салынды. Ал өткен жылы 1050 орынға лайықталған 3 қосымша ғимарат, 2 спорт зал құрылысы жүргізілді.
***
Жаңақорған ауданының «Жаңарық» ауылында 300 орындық мектептің ашылу рәсімі өтті. Білім ошағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған.
Ашылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов қатысты.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» деді.
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен қолға алынған Сыр өңіріндегі байыпты бастамалардың, мақсатты жобалардың игілігін халық көруде. Білімді азамат – егемен еліміздің ертеңі, халқымыздың болашағы. Қандай мықты мемлекет болмасын, жас ұрпақтың білімі мен оқу-ағарту ісіне барынша көңіл бөледі.
2024 жылы білім саласына бөлінген қаржы 264 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға артты. Аймағымызда 6 мектеп, 5 мектепке қосымша ғимарат салынып, ел игілігіне табысталды. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан бой көтерген «Шығармашылық академиясы» мамыр айында ел игілігіне табысталады.
Дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты алдағы наурыз айында пайдалануға беріледі. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен қолға алынған музыкалық колледждің жаңа ғимараты да мамыр айында ашылады.
Шиелі ауданынан 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебін» пайдалануға береміз. 2023 жылы облыс орталығындағы 4 мектепке 1 850 орынға арналған қосымша ғимарат салдық. Бюджетке салмақ түсірмей, қаржыны үнемді пайдаланып, үш ауысымды оқытуға көшуі мүмкін мектептер мәселесін шештік.
Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Мемлекет басшысының 1 300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жылға 51 мектеп жоспарланған. Заманауи білім нысандарының пайдалануға берілуі, жаңа келбеті – аймағымыздың білім саласына үлкен қолдау, балалар мен ұстаздарға деген ерекше қамқорлық. Бүгін табысталған жаңа білім ғимаратынан алдыңғы буынның ізгі жолын жалғаған білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол. Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті оқушыларымыз көп болғай, –деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты іс-шарада Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы, Мәжіліс депутаты Мұрат Абдуламитұлы жиылған жұртшылықты құттықтады.
Сонымен қатар, ауылдың өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен құрылыс мекемесінің мамандары марапатталды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды.
Президент тапсырмасына сәйкес 9-сыныпты бітірушілердің арасынан жұмысшы және орта буын мамандықтарды игеруге ниетті жастарды 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамту жоспарланған. Аймақ колледждеріне 5 308 орын мемлекеттік тапсырыс бөлінеді. Бұл – жастардың кәсіптік білім алуына берілген үлкен мүмкіндік.
Аймақтың еңбек нарығына қажетті кадрлардың ұзақ мерзімді болжамын анықтау үшін Мамандықтар атласы әзірленеді. Атласқа сәйкес жаңа мамандықтар ашылады.
Атаулы жылдың іс-шараларын жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 900 млн теңге қаржы қарастырылуда.
Қаржы колледждерді күрделі жөндеуге, материалдық-техникалық базасын жабдықтауға, мектептерде кәсіби бағдар беру кабинеттерін ашуға, «Кәсіби бағдар беру педагогы» штат бірлігін енгізуге және жұмысшы мамандықтарын дәріптейтін түрлі шаралар мен нақты жұмыстарды жүзеге асыруға бағытталады.
Шиелі
Жылдың алғашқы күндерінде Шиелі ауданының «Бестам», Ә.Тәжібаев ауылдарында дәрігерлік амбулатория ашылды. Медициналық мекемелер «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен салынған.
Аймақ басшысы жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы, құрылыс саласындағы жетістіктерге тоқталды.
– Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында қазіргі таңда аймағымыз байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың ордасына айналды. Өткен жылдың қорытындысымен барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатардан көріндік. Облысымыздың бюджеті 750 млрд теңгеден асты, осыдан екі жарым жыл бұрын 364 млрд теңге болатын. Өсім 206 пайызды құрады.
Бұл ауқымды қаражат тұрғындар көтерген ең өзекті мәселелерді шешуге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек» деп атап өтіп, бірқатар маңызды міндет жүктеді. Ұлттық жобамен Шиелі ауданында 3 дәрігерлік амбулатория Досбол би, Бала би, «Бұланбай бауы» ауылдарында бой көтерді.
Тәуелсіздік күні дәрігерлік амбулаториялар «Тартоғай» және «Алмалы» елді мекендерінде ел игілігіне табысталса, бүгін «Ортақшыл», Ә.Тәжібаев, «Бестам» ауылдарында пайдалануға береміз. Жаңа ғимаратта ауыл тұрғындары сапалы әрі уақытылы бастапқы медициналық қызмет алады деп сенеміз. Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Жаңа 2025 жыл құтты болсын! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іске қосылған дәрігерлік амбулаториялар құрылысын «Бақ-Береке-2030» ЖШС сапалы әрі сәулетті етіп салған.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты құттықтады. Қызылорда облысының Құрметті азаматы Дайрабай Ысқақов бата беріп, ауданның өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен ардагерлер мен ауылға сән берген әсем ғимараттарды салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
***
Одан әрі Шиелі ауданының «Ортақшыл» ауылын газ желісіне қосу рәсімі өтті.
Аймақ басшысы ортақшылдықтарды ауылға газ келу қуанышымен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда «Үкімет газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп атап өткен болатын.
Соңғы үш жылда Шиелі ауданына 159 млрд 500 млн теңгеден астам инвестиция тартылды. 2023 жылы аудан бюджеті 16 млрд 500 млн теңге болса, 2024 жылы 18 млрд 800 млн теңгеге жетіп, 12,4 пайызға өсім алды. Өткен жылдан бері 5 млрд 953 млн теңгеге 25 жоба жүзеге асырылуда.
Кейінгі үш жылда 1 млрд 262 млн теңгеге ауызсу желілері жаңартылып, аудан халқының 99,9 пайызы таза ауызсумен қамтылды. «Ақтам», «Ызалы» елді мекендеріне су желісі тартылғаннан кейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Бүгінде «Еңбекші», «Жиделіарық», «Бестам», Ә.Тәжібаев, «Алмалы» және Досбол датқа елді мекендерін газдандыру жобасы толық аяқталды.
Бұдан бөлек, ауданның Сыр беткейіндегі жұртшылықты «көгілдір отынға» қосу үшін 1 млрд 165 млн теңгеге Мұстафа Шоқай автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы басталды. Елдің дамуы ауылдың гүлденуінен басталады. Ауылдың дамуы, келешегінің зор болуы бекем бірлігіміз бен тату тірлігімізге байланысты. Бүгінгі қуаныш барша отбасының бақыты мен шаттығын еселесін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Туған жеріміз Сыр өңірі қарыштап дами бергей! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шарада Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов жиналған жұртшылықты құттықтады, ел ағасы Қорғанбек Қайруллаев батасын берді. Ауылдың өсіп-өркендеуі жолында қажырлы қызмет еткен сала мамандары мен ардагерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
***
Осы күні «Ортақшыл» ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен салынған дәрігерлік амбулатория ашылды.
Аймақ басшысы жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы, құрылыс, денсаулық сақтау салаларындағы жаңашылдықтарды атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдағы денсаулық сақтау саласының маңызын айқындап, медицина мамандарының мәртебесі мен беделін арттыру үшін жағдай жасауды тапсырды.
Ұлттық жоба аясында барлық ауданда 10 млрд 200 млн теңгеге 27 медициналық нысан салынды. Оның ішінде, Шиелі ауданында 2023 жылы 3 дәрігерлік амбулатория Досбол би, Бала би, «Бұланбай бауы» ауылдарында бой көтерді. Тәуелсіздік күні «Тартоғай» және «Алмалы» елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялар ел игілігіне табысталса, күні кеше Ә.Тәжібаев және «Бестам» ауылдарындағы медицина мекемелері іске қосылды. Бүгін «Ортақшылда» жаңа дәрігерлік амбулатория ашылуда. Ұлттық жоба аясындағы ғимаратты сапалы салып, мерзімінде аяқтаған «Бақ-Береке – 2030» мекемесінің ұжымына Сыр жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз!
Жаңа амбулаторияда ауыл тұрғындарына бастапқы медициналық көмек сапалы әрі дер кезінде көрсетіледі деп сенеміз. Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Жаңа 2025 жыл құтты болсын! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында Сенат депутаты Руслан Рүстемов жиналған жұртшылықты құттықтады. Ауданның өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірген аға буын ардагерлер мен құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
***
Сонымен қатар Шиелі ауданында әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар үшін салынған 120 пәтерлік 60 жаңа тұрғын үйдің кілті иелеріне табысталды.
Аймақ басшысы Жаңа жылдың алғашқы күндерінде көл-көсір қуанышқа кенеліп, жаңа баспанаға ие болған тұрғындарға ізгі тілегін білдірді. Жыл қорытындысымен іске асқан игіліктерді, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерді атап өтті.
– Алдымен баршаңызды Жаңа 2025 жылмен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Жаңа жыл жемісті де нәтижелі, ырыс-несібесі мол жыл болсын. Мереке күндері Шиелі ауданында бірқатар нысан ашылып, «Ортақшыл» ауылына «көгілдір отын» келді. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауы барлық саланың көтеріңкі көрсеткіштерінен, іске асқан жобалардан, қолданысқа берілген нысандардан, байыпты бастамалардан байқалады. Жыл бойы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатардан көріндік.
Осыдан екі жарым жыл бұрын 364 млрд теңге болған аймақ бюджеті 206 пайызға өсіп, 750 млрд теңгеден асты. Бұл қаражатты тұрғындардың кездесулерде, қабылдауларда көтерген ең өзекті мәселелерін шешуге бағыттадық. Іске қосылған жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізуде. Әсіресе, ауқымды инфрақұрылымдық жобалар елді мекендердің тыныс-тіршілігінің тамырына қан жүгіртіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашты.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары Шиелі ауданында да үйлесімді жүргізіліп келеді. 2024 жылы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 14 млрд 550 млн теңге болып, 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артты. Жеке тұрғын үй құрылысының жалпы ауданы 67 934 шаршы метрге жетіп, 10,9 пайызға өсті. Бүгін Шиелі кентінде 120 пәтерлік 60 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға салтанатты түрде табысталады.
Мұндай маңызды бастамалар әрі қарай да жалғасатын болады.
Елдік мүддеге қызмет етіп, жаңа баспаналарды сапалы салып, уақытылы аяқтаған мердігер компания ұжымына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасына айналып, қуаныш пен құт қонсын! Балаларымыздың шат күлкісі үйдің ішін бақытқа толтырсын! Қуаныштарыңыз көбейсін! Қоныстарыңыз құтты болсын! – деді аймақ басшысы.
Іс-шарада ауылдың өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер, әр салада еңбек ететін азаматтар, құрылыс мекемесінің мамандары марапатталды. Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев жиылған жұртшылықты құттықтады, ел ағасы Ибрагим Әбибуллаев батасын берді.
Жаңа пәтерлер 3 бөлмелі, ас үй мен жылыту бөлмесі де бар. Сапалы құрылыс материалдарынан салынған жаңа баспаналар кенттің келбетін көріктендіре түсті.
***
Жыл басындағы тағы бір жаңалық – Шиелі ауданында «Руханият орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Мерекелік іс-шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Нұртөре Жүсіп, Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Аманжол Әлтай, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, облысқа арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, сондай-ақ Мәдениет министрлігі мен Жазушылар одағының өкілдері арнайы қатысты.
Рәсім үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың арнауымен ашылды.
Аймақ басшысы жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» деген болатын.
2024 жыл өңірімізде «Руханият жылы» деп жарияланып, атаулы жылда мәдени-көпшілік шаралармен қатар, ауқымды жобалар жүзеге асты.
«Руханият жылы» Сыр өңірі үшін жемісті жыл болды. Барлық 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңге, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынып, пайдалануға берілуде.
Сыр өнерпаздарының әлеуметтік мәселесі де басты назарымызда. Мәдениет саласы өкілдеріне арналып алғаш рет жаңадан көпқабатты тұрғын үй салынып, 40 жаңа қызметтік пәтер табысталды. Мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында өткен жылдан бері «Тұран» сыйлығы дәстүрлі түрде жыл сайын табысталуда. «Төрлет, еңбек адамы!» тақырыбындағы республикалық айтыста жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан «Алтын домбыраны» иеленді. Бұл жеңіс аймағымызда жарияланған «Руханият жылы» қорытындыланатын тұста керемет тарту болды. «Руханият орталығы» бірліктің ордасы болып, еліміздің құндылықтар қазынасын толықтыра бергей. Жаңа 2025 жыл құтты болсын! – деді Н.Нәлібаев.
Жиында ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтай, Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйлеп, жиылған жұртшылықты құттықтады. Ақын Жүрсін Ерман ақ батасын берді.
Ауданның өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.
Рәсімде Мейірбек Сұлтанхан арнау айтып, «Алтын домбыраны» облыс әкіміне табыстады.
Бұл – Сыр елінің айтыскер ақындары жеңіп алған екінші «Алтын домбыра». Оны Сыр руханиятының жұлдызын биікте жарқыратқан Айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязовтан кейін Мейірбек Сұлтанхан иеленіп, жыр еліндегі сабақтастықтың үзілмегенін тағы бір дәлелдеді. Еңбек тақырыбын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған «Адал еңбек – адал табыс – адал адам» қағидатын жырлап, көрерменді асыл сөздің нәрімен сусындатты.
Айта кетейік, төрімізге озған 2025 өңір үшін тарихи маңызды жыл болмақ. Осыдан бір ғасыр бұрын, 1925 жылы мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шыққан. Сырдың киелі топырағында Кеңестердің Бүкіл қазақстандық бесінші съезі өтіп, «Киргиз Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы» деген атау «Қазақ автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы» деп өзгертіліп, ұлтымыздың тарихи атауы қайтарылды. Республика астанасы Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылданды. Еліміздің алғашқы Үкімет басшылығы, басқару институттары осы жерде қалыптасып, нығайды. Өнер-білім ордаларының іргесі қаланып, әсем ғимараттар бой көтерді.
Ұлт зиялыларының баршасы осы қалада шоғырланды. Қызылорда сол кезден бастап қазақ елінің тек саяси ғана емес, рухани және мәдени орталығына айналды, халық ағарту ісі, қазақ әдебиеті, театры сынды рухани құндылықтар осы топырақта жаңа қарқынмен дамыды. Биыл қазақ театр өнерінің негізі қаланған Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының құрылғанына 70 жыл толады.
Кәсіби өнер ұжымы 300-ден астам қойылымды сахналаған. Республикалық, халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді.
АРАЛ
Арал қаласында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін сатып алынған 150 пәтерлік 75 тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстау рәсімі өтті. Оған Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов және зиялы қауым өкілдері, тұрғындар қатысты.
Өңір басшысы жиналған қауымды Жаңа жылмен, жаңа пәтер иелерін қоныстоймен құттықтап, әлеуметтік-экономикалық дамудағы, құрылыс, инфрақұрылым салаларындағы жетістіктерді атап өтті.
– Баршаңызға Жаңа жыл құтты болсын!
Үкімет басшысы облысымызға жұмыс сапары кезінде жүзеге асырылған жобаларға оң бағасын беріп, құрылыс, «Ауыл аманаты» бағдарламаларын іске асыру тәжірибесін республикаға кеңінен таратуды тапсырды.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналды. Облыста 133 млрд 400 млн теңгеге 187 жобаның құрылысы жүргізілуде. Бұл – қолға алынған жұмыстарымыздың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта елдің игілігі мен балаларымыздың болашағы үшін жасалатын ауқымды жобалар жалғасын табады. Қасиетті Сыр өңірі өркендеп, көркейе берсін! Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай! – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Іс-шарада ел бірлігін бекемдеуге үлес қосқан аға буын ардагерлер мен жаңа тұрғын үйлерді сапалы етіп салып, ел игілігіне табыстаған құрылысшылар марапатталды. Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов қоныстой иелерін құттықтап, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Биғали Қаюпов батасын берді.
Айта кетейік, соңғы үш жылда Арал ауданына 71 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Екі жыл бұрын аудан бюджеті 10 млрд теңге болатын, бүгінде 21 млрд теңгеден асты. Үш жыл ішінде 1 млрд 900 млн теңгеге 80 шақырым ауызсу желілері, 783 млн теңгеге 54,2 шақырым электр желілері жаңартылды. «Шижаға» елді мекенінің ескірген электр желілері қайта жаңғыртылуда, Арал қаласында 795 млн теңгеге 2 жоба қолға алынған.
Аудан халқына «көгілдір отын» жеткізуде құны 5 млрд 200 млн теңге болатын «Қамыстыбас» автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы басталды.
***
Осы сапарда аймақ басшысы Аралдағы аспалы көпірдің құрылыс барысын көрді. Ұзындығы 940 метр көпірдің бас жобалаушысы «АлматыДорПроект», мердігер мекеме «РИТМ» серіктестіктері.
Облыс әкімі аспалы көпір елге ұзақ жыл қызмет ету үшін құрылысты сапалы салу аса маңызды екенін айтты.
Бүгінде мұндағы көлік қатынасы бір ғана теміржол өткелі арқылы жүргізілуде. Өткел жабылғанда 2-2,5 шақырымға дейін автокөлік кептелісі пайда болады. Жедел жәрдем, өрт сөндіру, құқық қорғау органдарының кезек күттірмейтін қызметтік көліктеріне, тұрғындарға кедергі келтіруде. Көпір салынса осы мәселе шешімін табады.
Өткен жылы аймақтың жол құрылысын дамытуға 44 млрд 703 млн теңге бөлініп, 300 шақырымнан астам жол жөндеуден өтті. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асты.
Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Облыс аумағындағы 216 шақырымның 151 шақырымы аяқталып, пайдалануға берілді. Қосымша 30 шақырымына екі қабатты асфальт жабындысы төселді. Жұмыс қарқынды жүруде. Жоба биыл толық аяқталады.
Көлік-логистика саласында да жетістіктер көп. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірге арнайы жұмыс сапармен келіп, «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалын салтанатты түрде ашты. Жобаны іске асыруға «Болат Өтемұратов қоры» 16 млрд 600 млн теңге инвестиция салды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4 млрд 300 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.
«Қазақстан Темір Жолы» компаниясының, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн теңгеден астам қаржыға теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты пайдалануға берілді.
***
Сонымен қатар аймақ басшысы Арал ауданындағы Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты.
ҚР Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігінің сәуір айындағы алқа кеңесінде бағдарламалық қамтамасыз ету үшін қалалық және аудандық полиция бөліністерінде кіші жедел басқару орталықтарын қаржыландыру тапсырылған болатын.
Осыған байланысты өңірдің 7 аудандық полиция бөлімінде Жедел басқару орталығын құруға облыс әкімдігінен қажетті қаражат бөлінді. Ақпараттарды қабылдау мен тіркеуді автоматтандыратын, қоғамдық орындарда тәртіпті бақылайтын 77 бейнекамера, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын 7 стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы сатып алынған, «ЖБО 2.0» бағдарламасы да қамтамасыз етілген.
Жедел басқару орталықтарындағы бейнекамералар пилоттық режимде жұмысын бастады, стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғылар мен «ЖБО 2.0» бағдарламасын іске қосу үшін мердігер мекеме тексеру жүргізуде.
Аймақ басшысы орталықтың басты мақсаты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтіп, тексеруді толыққанды жүргізуді тапсырды.
***
Арал ауданына жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы «Қамқорлық» оңалту орталығындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бұл орталық А.Байтұрсынов ауылдық емханасының жанында, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен қайта жаңғыртылуда. Құрылысты «Жылу-ХХІ» серіктестігі жүргізуде. Жалпы ауданы 1060,7 шаршы метрлік, екі қабатты ғимарат толық жөнделеді. Орталықта Арал және Қазалы аудандарындағы 2 мыңнан астам бала медициналық оңалтудан өтеді. Нысан биыл наурыз айында іске қосылады.
Облыс әкімі жұмысқа қойылатын басты талап сапа мен мерзім екенін айтты. Жауапты басшылар жөндеу жұмыстарын үнемі тексеріп, кемшілікке жол бермеуі керек.
2022 жылы облыстық балалар ауруханасы базасында «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларының қолдауымен «Қамқорлық» оңалту орталығы жұмысын бастады. Мұндай орталық тамыз айында республикада алғашқы болып аудандық аурухана деңгейінде Жаңақорған ауданында ашылды. Орталықта заманауи, сапалы медициналық көмек көрсету үшін қажетті жағдай жасалған. Онда Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы 1,5 мыңнан астам бала ем алады.
***
Кеше Арал ауданының «Шижаға»
ауылын және «Сексеуіл» кентін газ желісіне қосу рәсімі өтті.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты Жаңа жылмен, көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтады.
– Жаңа жыл – жаңа үміттердің, асқақ армандар мен жарқын мақсаттардың бастауы. Өткен жыл аймағымыз үшін бірлік пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың, жасампаздық пен жарқын жетістіктердің кезеңі болды.
Газдандыру жобаларына 30 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды, 330 шақырым газ желілері салынды. Осылайша халықты газбен жабдықтау көрсеткіші 78 пайызға өсті.
Бүгін – көптен күткен қуанышты күн, «Шижаға» елді мекені мен «Сексеуіл» кентін газдандыру толық аяқталды. Тұрғындар күнделікті тұрмыста «көгілдір отын» тұтына бастады. Баршаңызды игілікке қол жеткізулеріңізбен құттықтаймын. Жаңа жылда барлық бастамаларыңыз сәтті болсын! – деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты іс-шараларда Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев жиналған қауымды құттықтап, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Айтбай Көшербаев батасын берді. Сонымен қатар, ауылдың өсіп-өркендеуі жолында қажырлы қызмет еткен сала мамандары мен ардагерлер марапатталды.
Сексеуіл кентіндегі «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырынан бастап газ құбыры тармағын салу» жобасының құрылысы биыл аяқталды. Рұқсат құжаттар әзірленіп, монтаждау жұмыстарын жүргізуге «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамымен келісім-шарт жасалған. АГТС құрылғылары өзара байланыстырылып, құбырлар гидравликалық тексеруден өткізілген.
***
«Сексеуіл» кентіндегі 40 төсектік аурухананың ашылу салтанатында аймақ басшысы жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы, құрылыс, денсаулық сақтау салаларындағы жаңашылдықтарды атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл халқын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз етуді тапсырып, денсаулық сақтау саласы айрықша маңызға ие екенін ерекше атап өтті. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023 жылы екі дәрігерлік амбулатория Арал ауданының «Қызылжар», «Бөген» ауылдарында ашылып, қазіргі таңда емделушілерге қызмет көрсетуде. Осы игі істің жалғасы ретінде бүгін «Сексеуіл» кентіндегі 40 төсек-орынға арналған ауылдық аурухананы пайдалануға береміз.
Бүгін іске қосылатын жаңа амбулатория ем іздеп келген әрбір адамға сапалы қызмет көрсететін үздік мекемеге айналсын! Білікті дәрігерлеріміз елге адал қызмет етіп, алғысқа бөлене берсін! – деді аймақ басшысы.
Ашылу рәсімінде Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов жиынға қатысушыларды құттықтап, ел ағасы Нажмадин Мұсабаев батасын берді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында қажырлы еңбек еткен ардагерлер мен аурухананы салған құрылысшыларға марапаттар тапсырылды.
***
Арал қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған 300 орындық білім ошағының ашылу рәсімі өтті.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылуда. Қазан айында 900 оқушыға арналған алғашқы мектеп облыс орталығында ашылды. Күні кеше Жаңақорған ауданының «Жаңарық» ауылында 300 орындық «Жайлы мектеп» пайдалануға беріліп, бейімделген ғимаратта орналасқан білім ошағының мәселесі шешімін тапты. Бүгін, міне, Арал қаласында республикалық бюджеттің тікелей қаржыландыруымен, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен жүзеге асқан, құны 2 млрд 608 млн теңге болатын 300 орындық «Жайлы мектеп» ел игілігіне табысталуда. Біз бұл арқылы үш ауысымды оқытуға көшу қаупі бар №62 және №220 мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шештік. Енді осы шағын аудан балаларына басқа мектепке қатынаудың қажеті жоқ. Алдағы уақытта тағы 2, жыл көлемінде 5 «Жайлы мектепті» аяқтап, пайдалануға береміз.
Бұның барлығы жас ұрпақтың игілігі үшін жасалуда. Шәкірттердің сапалы білім мен саналы тәрбие алуына жағдай жасау біздің басты мақсатымыз болып қала бермек, – деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты іс-шарада Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жиылған жұртшылықты құттықтады. Сондай-ақ ауданның өркендеуіне еңбегі сіңген ардагерлер мен құрылыс мекемесінің мамандары марапатталды.
Еске салайық, Аралдағы «Жайлы мектептің» құрылысын «Бақ-Береке – 2030» серіктестігі жүргізген.
***
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданы Тоқабай елді мекеніндегі 100 орындық мектептің құрылысымен танысты.
2020 жылы «NTDK Group» ЖШС-ның техникалық қорытындысы бойынша мектеп ғимараты апаттық жағдайда деп танылып, «Баспана Қызылорда» ЖШС-ның сараптамасы негізінде ғимаратты бұзып, қайта салу қажеттігі анықталған. Қазіргі таңда негізгі оқу корпусы пайдалануға берілген. Спорт, акт залдарына, сынып кабинеттеріне сейсмикалық белдеу құйылып, күрделі жөндеу жүргізілуде.
Аймақ басшысы құрылысқа қойылатын басты талап сапа екенін тағы бір ескертіп, жұмысты уақытылы аяқтаудың маңызын атап өтті.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<