«Достық үйінде» халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Оған қалалық филиал, ірі бастауыш ұйым төрағалары қатысты. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша облыстық филиал төрағасы Сәдуақас Аңсат өткен жылы атқарған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің VІ құрылтайы мен облыстық ұйымының VІ конференциясында қойылған міндеттерді орындау шаралары жайында айтты.
– Құрылтай дегеніміз – әншейін жиын емес, шешімін таппай отырған мәселелер сол жиында көтеріледі, өзгерістер белгіленеді. Жұдырықтай жұмылған белсенді азаматтардың басын біріктірген ұйым өзінің күрескерлік ісімен халықтың көңілінен шығатындай беделі бар жетекшісін, алқа жиынын, алқасын сайлайтын ұйымның басқосуы. Мен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың және қала әкімі Ғанибек Қазантаевтың қабылдауында болып, мемлекеттік тіл мәселесі бойынша аймақта қалыптасқан жағдайды баяндадым. Аймақ басшысы қолдау білдіріп, облыстық ішкі саясат басқармасына, қала, аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы мен облыстық ішкі саясат басқармасы аймақта мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жұмысын жандандырудың облыстық іс-шаралар жоспарын жасадық. Осы жоспар бойынша Қызылорда қаласы мен аудандарда тіл туралы заңнама талаптарын, тілдік нормаларды бұзған көрнекі ақпараттар бойынша БАҚ өкілдерімен бірнеше рейд жүргіздік. Жоспардағы 26 бөліктен тұратын жұмыстардың біршамасы орындалды. Бұдан былай мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым бірлесе отырып, құрылтай өткізуден бастаған дәстүрімізді одан әрі жалғастырып, ана тіліміздің мәртебесін өз деңгейіне көтереміз деп сенемін.
Облыстық филиал басқармасына Светлана Крюгер, Елена Рыбина мүше болып сайланды, Сымбат Абдрахманова, Уәлихан Ибраев, Жанар Әлішова сынды жастар тартылды. Төралқа құрамы да өзгерді. Жаңадан Мира Қазбекова, Алтынсары Шүренов, Болат Нұрхожаев, Талғат Мендібаев сынды белсенді азаматтар төралқаға мүше болып сайланды.
Өткен жылы аудандық филиалдарды нығайтып, бастауыш ұйымдарды түгелдеп алдық. Қазір 7 аудандық, 2 қалалық филиалда 2 комитет, 796 бастауыш ұйым бар, оған барлығы 38973 адам мүше.
Аудандық, қалалық филиал төрағалары жаңадан бастауыш ұйымдар ашуы керек. Кей ауданда 2-3 мың ғана мүше бар, 70-80 мың халыққа шаққанда бұл өте аз.
«Тіл сақшысы» газетінің таралымы 12000 данадан асты, бұл жерде негізгі мәселе – біздің дауысымыздың, іс-әрекетіміздің көпшілікке жетуі. Қазір газетті іздеп жүріп оқитын адамдар бар. Басылымның мазмұнын тереңдетіп, көркемдігін жақсартуымыз, адамдардың ақпараттық, рухани қажеттілігіне қарай жұмыс жасауымыз керек, – деді облыстық филиал төрағасы.
Облыстық филиалдың 2022 жылға арналған іс-шара жоспары, филиалдары атқаратын шараларды қаржыландыруға байланысты жасалатын жұмыстар туралы төраға орынбасары Жалғасбек Аманов баяндама жасады.
– Екі жылда бір рет әр ауданда облыстық семинар өткізіп тұру дәстүрге айналған. Алдағы сәуір айында Арал ауданында «VI құрылтай шешімдерін жүзеге асыруда жасалатын жұмыстар» жиынын өткіземіз деп белгілеп отырмыз. Қыркүйек айында Қызылорда қаласында «Қалалық филиалдың жұмысын жақсарту және бастауыш ұйымдарды нығайту жайы» атты семинар-кеңес өтеді. Айта кету керек, қаладағы бастауыш ұйымдар қатары азайған. Осыны қалпына келтіру үшін жұмыс жасалып жатыр. Ал қазан айында Жаңақорған ауданында «Қазақ тілі» қоғамының жастар және жасөспірімдермен жұмысы» тақырыбында семинар ұйымдастыру жоспарлануда. Қаржыландыру мәселесіне байланысты нақты шешім әлі жоқ, бірақ мемлекеттік сатып алумен жұмыс жасауымыз керек. Ол үшін әрқайсыңыз ұсыныс бересіздер, жоба жасап, оны қорғайсыздар. Шараны өткізіп болған соң есеп бересіздер, – деді баяндамашы.
Мәжіліске қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, ұсыныстар берді. Облыстық ұйым төралқасының қаулысы қабылданды. Белсенді жұмыс жасаған қалалық филиал, ірі бастауыш ұйым төрағалары марапатталды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





