Жыл басынан бері қызметке қабылданған 83 мемлекеттік қызметші жұмыстан босаған. Ал 150 қызметшіні қайта даярлау жоспарланса, оның 81,3 проценті ғана орындалыпты. 451 маманның біліктілігін арттыру көрсеткіші 73,8 процентке жетті. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері департаментінің кеңейтілген мәжілісінде айтылды.
Департамент қызметкерлерінің талдауы нәтижесінде бос жұмыс орындары конкурсында Қызылорда қаласының, Арал, Жалағаш, Сырдария аудандарында бір адам байқаушы ретінде бірнеше мәрте қатарынан қатысқан. Департамент басшысы, Әдеп кеңесінің төрағасы Нұрман Талқанбаев бұл мәселенің өзекті екенін қадап айтты.
– Облыста 3600-ден астам мемлекеттік қызметші бар. Ел Президентінің Жолдаулары, мемлекеттік бағдарламалар және түрлі тапсырмалар осы азаматтар арқылы жүзеге асырылады. Өкінішке қарай, қызмет барысында конкурстарда бұрмалаушылықтар көп. Конкурстық комиссия айналасындағы бұл мәселе сыбайластық бар ма деген күмән туғызатыны да жасырын емес. Бір жылға жетпей жатып, жұмыстан кеткен мемлекеттік қызметшілер де аз емес. Нақты тәртіп керек. Қатаң бақылау болады. Сын айтылды, енді түзеу керек, – деді Н.Талқанбаев.
Қызылорда қаласы әкімдігінің өзінде қабылданғанына бір жыл болмай жатып, 17 мемлекеттік қызметші жұмыстан босаған. Бұған байланысты қала әкімдігінің аппарат басшысы Ғалымжан Рахметов мәселені біржақты қарауға болмайтынын жеткізді.
– Қала әкімдігінде 209 мемлекеттік қызметші бар. Жұмыстан босауының негізгі себептері жұмыс ауқымының көптігінен. Сонан кейін мемлекеттік қызметшінің жалақысы аз екені жасырын емес. Бір жылға жетпей жұмыстан кеткендердің 47 проценті 24-30 жас аралығындағылар. Оның ішінде басқа қызметке ауысқан және жеке кәсіп ашуға кіріскендер үлесі басым. Алдағы уақытта ауылдық жерлерде маман тұрақтандыруға жұмыс істеп жатырмыз, – деді Ғ.Рахметов.
Тоғыз айдың қорытындысын шығарған департамент жиынында сондай-ақ, тәртіптік шараны уақытылы көру, ішкі конкурстарда мамандарды жоғарылату, қызметке конкурстар мен мемлекеттік сатып алулардың заң талаптарына сай өту керегі айтылды. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты қатаң бақылауда. Департамент дерегіне сүйенсек, өткен жылы 791 сағат артық жұмыс істелсе, биыл бұл көрсеткіш 21 есеге төмендеп, 36 сағат болды. Ал облыста 39 мемлекеттік мекемеде СКУД жүйесі, 43 мемлекеттік мекемеде компьютерді автоматты өшіру орнатылмаған.
Дәулет ҚЫРДАН.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<