Жыл үздіктері марапатталды

618

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында өткен салтанатты жиында әр саланың озат қызметкерлерін марапаттады. Жыл бойы еңбегімен көзге түсіп, «Үздік педагог» байқауының облыстық кезеңінде топ жарған ұстаздарға 1 миллион теңгеден астам біржолғы қаржылай сыйақы сертификатын табыстады.

Аймақ басшысы Сыр жұртшылығын келе жатқан мерекемен құттықтап, өткен жыл толағай табыстар мен ілкімді істерге толы болғанын еске салды.

–  Санаулы күннен кейін 2023 жылды түйіндеп, жаңа жылға қадам басамыз. 2023 Сыр елі үшін берекелі, ырысы мол жыл болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің дамуына оң бағасын берді. Облыстағы маңызды мәселелерге қатысты тарихи шешімдер қабылдады. Экономиканың барлық негізгі көрсеткіштерінде өсім бар. Тамыз айынан бері үздіктер қатарында, яғни алғашқы үштіктеміз, – деді Н.Нәлібаев.

Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс бюджеті 387 миллиард теңгені құраса, 13 желтоқсандағы облыстық мәслихат сессиясында 2024 жылдың бюджеті 650 миллиард теңге болып бекітілді. Облыс әкімі келер жылдың соңына дейін салық түсімдерін арттырып, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы бюджет көлемін 700 миллиард теңгеден асыру жоспарланып отырғанын атап өтті.

– Әлеуметтік салаға 435 миллиард теңге, жолдарды жөндеуге 31,5 миллиард теңге, энергетика нысандарына 32,7 миллиард теңге, құрылыс саласына 19,7 миллиард теңге қаржы бағытталуда. Жыл ішінде бұл қаржы көлемі едәуір ұлғаятын болады, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы биыл ашылған әлеуметтік нысандар, пайдалануға берілген тұрғын үйлер, жүзеге асырылған инвестициялық жобалар мен алдағы уақытқа қойылған межелі міндеттерді атап шықты. Олардың ішінде түрік инвесторларымен бірге жаңа ЖЭО-ның іргетасын қалау, қалалық автобус паркін жаңа қоғамдық көліктермен толықтыру, 12 елді мекенді газдандыру секілді жетістіктер, келер жылға жоспарланған ауқымды жұмыстар бар.

Жыл қорытындысына арналған салтанатты жиында сала озаттары мен түрлі номинация иегерлері марапатталды. Жетістіктерімен көзге түскен өз ісінің нағыз шеберлері, меценаттар, қоғам белсенділері құрмет төрінен көрінді.

Шара қорытындысында жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, кеш қонақтарына мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<