Жыл үздіктеріне құрмет

509

0

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыстық білім басқармасы, білім және ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподағы жыл қорытындысын саралап, сала бойынша үздіктерді марапаттады.

Қаладағы Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейде ұйымдастырылған мерекелік кеште басқарма басшысы Асқарбек Есжанов қатысушыларға жаңажылдық құттықтау лебізін білдіріп,  жыл бойы атқарылған нәтижелі жұмыстарды атап өтті.

– Тарих қойнауына сырғып бара жатқан жыл аймақтың білім саласы үшін де табысты болды.  Биыл бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда, 19 пайызға өсіп, 278 млрд теңгені құрады. Бұл – облыс бюджетінің 45 пайызы деген сөз.

Қалада үш ауысымды оқытуды болдырмау және жүктемені азайту бағытында 4 мектепте 1850 орындық қосымша ғимарат салынды. Өздеріңіз білесіздер, қаладағы «Бәйтерек» шағын ауданынан 600 орындық, Шиелі ауданы Байсын ауылынан 250 орындық мектеп пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, білімді балаларды қолдау аясында қала орталығынан және Қармақшы ауданынан мамандандырылған мектеп-лицей интернаты жұмысын бастады. Қалада 350 орындық заманауи «Оқушылар үйінің» құрылысы басталды. Сондай-ақ 4,8 млрд теңгеге музыкалық колледж ғимараты салынбақ. Аймақта 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектебінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы Президент тапсырмасына сай аймақ басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқанын атап өткеніміз жөн.

Біле білсек, ең қайтарымды инвестиция – білімге салынған инвестиция. Қай қоғамда болса да мемлекеттің стратегиялық байлығы – бұл өскелең ұрпақ, – деді А.Есжанов.

Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлнар Есқалиева өз кезегінде мерекелік құттықтау тілегін арнап, сала мамандарын қолдауға бағытталған іс-шаралар кәсіподақ тарапынан лайықты жалғасын табатынын айтты.

Жаңажылдық кеште облыстық кәсіподақ ұйымының «Еңбек ардагері», «Кәсіподақ ардагері», «Үздік әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін», «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін», «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері, бағалы сыйлықтар берілді. Сонымен қатар, «Жыл үздігі» аталымы бойынша мектеп, балабақша ұжымдарының лайықты ұстаздары, сала мамандары құрмет төрінен көрініп, алғысқа бөленді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<