«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, өңірде қысқа дайындық жұмыстарының қандай деңгейде екенін бағамдау мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті баспасөз турын ұйымдастырды.
Алғашқы нысан – «Шұғыла» шағын ауданы. Мұнда жылу құбырларын жаңалау жұмыстары жүргізілуде. Диаметрі 273 мм, ұзындығы 200 метр жылу құбырын ауыстыру «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның өз қаражаты есебінен жүргізілуде. Бұл жұмысқа 4,5 млн теңге жұмсалуда. Айта кетелік, тозығы жеткен жылу құбырлары қыс мезгілінде сыр бере бастаған. Бірнеше мәрте жарылғанын айтпағанда, көпқабатты үйлерге жеткізілетін жылу температурасының төмендеуіне әсерін тигізе бастағаны тағы бар. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде шағын аудандағы 7 көпқабатты үйге және «Ақмешіт» институты ғимаратына орталықтан жылумен қамтамасыз етуде еш кедергі болмайды. Мұнан кейінгі мәселе тұрғындардың жауапкершілігіне байланысты.
Екінші нысан – қаланың шет аймағында орналасқан №35, 37 жылу камералары. Мұнда облыс орталығын жылумен қамтамасыз ететін жылу магистралы былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жөндеуден өткен. Бұл қаланы жылумен қамтамасыз етуде ысырапқа жол бермеуге, сапалы жылумен қамтамасыз етуге ықпалын тигізбек. Мамандардың айтуынша, жаңа құбырлардың жарамдылық мерзімі – 25 жыл.
– Жылу маусымына дайындық барысында мекеменің есебінен 57 млн теңге қаржы жұмсалып, 8,5 шақырым жылу құбырлары ауыстырылуда. Жұмыс қыркүйек айына дейін толық аяқталады. Өткен жылы қаламызда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 8 жоба жүзеге асты. Соның ішінде өткен жылы ұзындығы 5 шақырым жылу құбырларын ауыстыру нәтижесінде тұрғындарды сапалы әрі шығынсыз жылумен қамтамасыз етуге қол жеткіздік,– дейді «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның «Жылу желілері» филиалы директоры Б.Молдиманов.
Баспасөз турындағы соңғы нысанда қаланың шет аймағындағы электр желілерін жаңарту жұмысының нәтижесін көрдік.
– Облыс бойынша барлығы 230 км электр желісі және 120 подстанция ауыстырылды. Жаңадан жүргізілген желілер қар мен жаңбырға төзімді. Сондай-ақ, 7300 үйге жаңа электресептегіш құралы орнатылды. Бұл жұмысқа 4,5 млрд теңге қаржы жұмсалды. Мұндағы мақсат – тұрғындарды жарықпен қамтамасыз етуде шығынсыз әрі сапалылыққа қол жеткізу, – дейді «КРЭК» АҚ басқарма төрағасы М.Кәрімбаев.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<