Облыста 2021-2022 жылғы жылу беру маусымы жоспарға сәйкес өтті. Қалада 6 сәуір күні жылу беру тоқтатылды. 12 сәуірден бастап Жаңақорған ауданында, қалған аудандарда 15 сәуірден бастап тоқтатылады. Өңірдегі 1064 әлеуметтік нысан мен 816 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтылды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев хабарлады.
– Жалпы облыста тіршілікті қамтамасыз ететін барлық коммуналдық кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеді. Осы жылу беру маусымында коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке 33,3 мың тонна, ал тұрғындар үшін 140,4 мың тонна көмір жеткізілді. Алдағы жылу беру маусымында қала және аудан әкімдіктерінде, тиісті салалық басқармаларда дайындық жұмыстары жүргізіледі, – деді басқарма басшысы.





