Жылу беру маусымына дайындық қалай?

363

0

Сурет ашық дереккөзден

Бүгінде облыста алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қызу жүруде. Кәсіпорындар мен әлеуметтік маңызы бар нысандардағы іс-шаралар бекітілген кестеге сай орындалуда.

Жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 12 млрд теңге қаржы бөлінді. Атап айтар болсақ, республикалық бюджеттен 8,3 млрд, облыстық бюджеттен 3 млрд теңге, ҚЖЭО кәсіпорнының өз қаржысы есебінен 566 млн теңге қаралды. Жылу-энергия көздерін жаңғыртуға 4,8 млрд теңге бөлінген. «Қызылорда жылу-электр орталығының» Оңтүстік қазандығының «Боно энерджи» маркалы үш бу қазандығын жаңғыртуға бюджеттен 2,7 млрд теңге қаралды. «Азияэнергопроектмонтаж» ЖШС қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп, қазір  құрылыс жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Мұнан бөлек, №3 газтурбиналық қондырғысы мен генераторын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 887 млн теңге қаржы бағытталып, Ресейдің Тамбов қаласында газтурбиналық қондырғы жөндеуден өтіп жатыр. Облыстық бюджеттен 695 млн теңгеге және кәсіпорын қаржысы есебінен 566 млн теңгеге №1 газтурбиналық қондырғының генераторын, 11 қазандықты, 1 турбина мен 15 қазандықты жөндеу 98 пайыз орындалды.

Аймақтағы жылу желілерінің ұзындығы 216,7 шақырым, тозу деңгейі 44,6 пайыз. Бюджеттен 6 жобаны іске асыруға 6,9 млрд теңге берілді, 9,5 шақырым жылу желісінің 8,8 шақырымына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 93 пайызы бітті. Нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 41,8 пайызға дейін төмендеді.

Енді әлеуметтік нысандардың дайындығына тоқталар болсақ, облыстағы 1067 әлеуметтік нысанның 532-сі білім беру, 247-сі денсаулық сақтау, 288-і мәдениет пен спорт саласына тиесілі. Олар қыс мезгіліне сақадай сай.

Дәл осындай ауқымды жұмыстар аудандарда да қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Қазалы аудан тұрғындарына қажетті қатты отынның мөлшері белгіленіп, жеткізу жағы шешімін тапқан. Осы орайда аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет көмір тасымалдаушы кәсіпкерлермен кездесті. Жылу беру маусымында ауданға 19 мың тонна көмір қажет деп жоспарланған. Басқа облыстардан тасымалданатын болғандықтан, бағасына әсер ететіні белгілі. Осы ретте қатты отын тапшылығын болдырмау үшін тасымалдаушылармен  бірлесіп жұмыс жасалуда. 

Облысқа қажетті көмір қоры 192,8 мың тонна. Оның ішінде тұрғындарға 164,5 мың, әлеуметтік нысандар үшін 28,3 мың тонна қажет. Бүгінге дейін 18,6 мың тонна көмір жеткізілді. Көмір қоймаларында 27 мың тонна қоры бар, 26 өңірлік оператор жұмыс істейді. Оның 9-ы – ЖШС, 17-сі –жеке кәсіпкер.

Көмір тамыз айында жеткізіліп бастаған. «Шұбаркөл», «Қаражыра», «Екібастұз» түрлерінің тоннасы 17000-23000 теңгеге бағалануда. Қыстың қамын жаз ойлаған тұрғындар ерте бастан түсіруге қамданған, кезек жоқ. Бастысы, сапасына көңіл толады.

Көмірдің бағасы және қоймалардағы нақты қоры, олардың мекен-жайы мен байланыс нөмірлері жөнінде көпшілікті ақпараттандыру тұрақты түрде жүргізілуде.

    Жылу беру маусымының тұрақты өтуі облыс әкімінің тікелей бақылауында. Жылу орталығы мен әлеуметтік нысандардың дайындығы, тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету мәселелері ұдайы талқыланып келеді. Қала, аудан әкімдері мен сала басшыларына жылу беру маусымына дайындықты сапалы жүргізу, мерзімінде аяқтау, көмір тапшылығын болдырмауда өңірлік операторлармен тиісті жұмыс атқару тапсырылды. 

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<