Жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын талқылады

226

0

Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы мен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылған жұмыстарға қатысты мәжіліс өтті.

Жылу беру маусымына дайындық жұмыстары туралы аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаевпен оған қосымша аудандағы білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының дайындығы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов пен аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытгүл Әлішева баяндама жасады.

Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет жылу беру маусымы кезеңінде тұрғындарды сапалы және үздіксіз коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мәселесі әрдайым өзекті екенін айтып, ешқандай мәселе туындамауы тиіс екендігін айтты. Осыған сәйкес бірқатар жауапты басшыларға дайындық жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Алдымен аудандағы көмір тасымалдаушы кәсіпкерлермен меморандумдар жасалып, қатты отын тапшылығының алдын алу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, биылғы жылға жоспарланған әлеуметтік нысандардың бу қазандықтарын газға бейімдеу жұмыстарын жеделдетіп, жылу беру маусымына дейін аяқтау керектігін айтты. Мұнымен қоса аудандағы барлық әлеуметтік-мәдени нысандардың бу қазандықтарының дайындығы, отын қорларының жасақталуы, өрт қауіпсіздік шараларының сақталуы да пысықталуы қажеттігін жеткізді.

Сонымен қатар тағы бір өзекті мәселе Әйтеке би кентіндегі көп қабатты тұрғын үйлерге дұрыс жылу берілмей тұрғындардың наразылығын тудырып жүргендігін айтып, тиісті бөлімдермен бірлесіп, көп қабатты тұрғын үйлерді аралап, проблемалық мәселелері жедел шешуді тапсырды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша тапсырмалардың орындалуы мен үйлестіруді жауапты орынбасары Жалғас Сүйеубаевқа тапсырып, қатаң бақылауға алуды ескертті. Мұнан соң мәжілісте «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асуы мен шағын және орта кәсіпкерлік саласының даму барысы бойынша аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов пен аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов қысқаша айтып өтті.

Хабарламашыдан кейін аудан басшысы халықтың табысын арттыруға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдауға, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске тартуға, азық-түлік қауіпсіздігін және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының маңыздылығына тоқталып, бұл бойынша бірде-бір жоба ұсынбаған ауыл әкімдерін қатаң сынға алды. Осыған сәйкес ауыл әкімдері аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімімен бірлесіп, бағдарлама аясында ауылда жүзеге асырылатын, қаржыландыру мүмкіндігі бар жобаларды айқындап, ауылға инвестиция тартуға жұмыс жасауды тапсырды.

Ал ауданда шағын және орта кәсіпкерліктегі халықтың үлесі төмен көрсеткіште екенін айтып, кәсіпкерлік бөлімі мен барлық әкімдер бірлесіп, халыққа нақты бағыт сілтеп, мемлекеттік бағдарламаларға азаматтарды қатыстырып, кәсіп ашам деген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету керектігін жеткізді.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<