Жылу маусымы: ортақ міндет қандай?

538

0

Міне, күздің бірінші айын да өткердік. Енді қазанның суығы басталады. Ал күн суыса шаһар тұрғындарының басым бөлігі жылуға алаңдап отыратыны жасырын емес. Сол себепті биылғы жылу маусымына дайындық жайына тоқталсақ.

Бүгінде аймақтағы арнайы нысандарды жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы техникалық- өндірістік бөлімінің басшысы Ислам Бектұрғанов айтты.

Оның айтуынша, коммуналдық кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарда дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілген.

– Біздің филиалдың бақылауындағы газ нысандары жылу беру маусымына 100% дайын. Қысқа дайындық мақсатында 50 ГРП мен 212 ШРП-ге ағымдағы жөндеу жұмысын жүргіздік. Оған қоса, қисайған, майысқан жерүсті газ құбырлары мен кронштейндерді қайта қалпына келтірдік. 24 электр қорғау қондырғысы мен 10 өлшеу құралы техникалық байқаудан өткізілді. Бәрі сәтті орындалды. Жалпы, дайындық барысы облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында, – деді  ол.

Биылғы жылу беру маусымында жоспар бойынша 130 мыңнан аса абонент «көгілдір отынның» игілігін көрмек. Оның ішінде тұрғындар саны 128 мыңнан асса, қалған бөлігін коммуналдық кәсіпорындар құрап отыр. Осы тұста аталған филиалдың апатты-диспетчерлік қызметінің басшысы Базарбек Ерімбетов табиғи газды қолданудың ережелерін қатаң сақтау керек екенін ескертті.

– Халық көбіне қарапайым сақтық шараларын сақтамайды. Мәселен, түтін шығатын құбырлардың тартуын үнемі тексеріп отыру керек. Ерекше ескеретін жайт, газ аспаптарын өзіңіз жөндеуге болмайды. Мұның соңы қиын жағдайға алып келуі мүмкін. Содан соң жылыту үшін газ плиталарын және қолдан жасалған пештерді пайдалануға тыйым салынады. Осы ретте, газды қауіпсіз пайдалану ережелерін сақтау бойынша тұрғын үйлерде, коммуналдық-тұрмыстық мекемелер мен өндірістік мекемелерде апта сайын профилактикалық рейдтер өткізілуде. Бұдан бөлек, тұрғындарға SMS хабарламалар жіберіліп, жадынамалар таратылып жатыр, – деді ол.

Сондай-ақ ол үй ішіндегі газға техникалық қызмет көрсету бәсекелестік ортаға берілгенін, мұржаны тексеру жұмыстарын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бұдан былай атқармайтынын ескертті. Енді үй иелері техникалық қызмет көрсету жұмыстарына рұқсаты бар мамандандырылған ұйыммен жұмыс істеуі тиіс. Нақтырақ айтсақ, заң бойынша әр жылы техникалық қызмет көрсету туралы келісім-шарт жасасады. Сөйтіп жылына бір рет аталған ұйым өкілін шақырып, түтін мұржасын тексертіп алуы қажет.

Брифингте облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Оразбаев та департамент қызметкерлерінің жылу беру маусымы басталар алдында адам өмірі мен қоршаған ортаны өрттен қорғау бойынша атқарып жатқан іс-шараларына тоқталды.

– Былтыр жылу беру маусымында облыстағы тұрғын үй секторында 150 өрт оқиғасы орын алды. Ал материалдық шығын 41  миллион теңгеден асты. Салдарынан 7 адам қаза болды. Бұл статистика бұрнағы жылмен салыстырғанда 28,5%-ға өскен. Бұдан бөлек, 4 адам жарақат алған. Арасында газдан уланғандар бар. Орын алып жатқан жағдайдың басым бөлігі тұрғындардың өрт қауіпсіздік шараларына салғырт қарауынан, яғни, тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен, балаларды қараусыз қалдыруынан пайда болуда. Сондықтан халық сақтық шарасына бей-жай қарамауы керек, – деді ол.

Айта кететін жайт, облыста әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар 8243 тұрғын үй тізімі нақтыланса, департамент қызметкерлері 2019 жылдан бастап 7250 үйге көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатқан.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<