Жылу маусымы: Қысқа дайындық қарқынды

237

0

Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаменті «Қызылорда жылу-электр орталығына» баспасөз турын ұйымдастырды. Шара барысында инвестициялық бағдарлама бойынша қайта жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар  таныстырылды.

Қалада жылу маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. «Қызылорда жылу-электр орталығы» Қызылорда қаласын электрмен және жылумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда кәсіпорын балансында 23 энергия көзі бар. Оған 2 бу қазандығы, 2 бу турбинасы бар ЖЭО, 3 газ турбиналы қондырғысы және 3 қалдық жылу қазандығы бар КОГТЭС, 7 бу қазандығы бар Оңтүстік қазандық және 19 дербес блок-модульдік қазандық (АБМК) кіреді.

Алдымен БАҚ өкілдері автономды блокты-модульдік қазандық жұмыс барысымен танысты. Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Айбек Егембергеновтің айтуынша, қазіргі уақытта аймақта жылу желілерінің  44,7 пайызы тозған. Оны азайту және жылумен жабдықтау сапасын арттыру мақсатында  департамент пен ҚЖЭО  2021-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны бекіткен. Аталған бағдарлама аясында негізгі қорлар жаңартылып, жаңғыртылады, желілердегі апатты жағдай азаяды және көрсетілетін қызмет сапасын жақсартады.

Екінші бағыт Желтоқсан және Қорқыт ата көшесінің қиылысы болды. Мұнда көшелер қазылып, тозығы жеткен құбырлар алынуда. Ұзындығы 2,973 шаршы метр болатын кварталаралық жылу желісін қайта жаңғыртуға бюджеттен қаржы бөлінген, магистральдық жылу желісін жаңғыртуға да қаражат қарастырылған. Бүгінде мердігерлер жоспарлы жұмыстың 60 пайызын атқарып, мерзімінен бұрын аяқтауға күш салуда.

Мұнан кейін БАҚ өкілдері Оңтүстік қазандықтың жұмысымен танысты.  Орталықтың бас инженері Наурыз Сатханов жылу маусымына дайындық барысын баяндады.

− Бізде дайындық көктемнен басталады. Өйткені, өткен жылғы ақаулар қалпына келтіріледі. Оңтүстік қазандықта 7 бу қазандығы бар. Оның «Боно энерджи» маркалы үшеуін жаңғыртуға 7 млрд теңгенің жобасы жасалды. Биыл бюджеттен 2,7 млрд  теңгесі бөлінді. Қалғаны алдағы жылдарға жоспарланған. Мердігер мекеме анықталып, қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс берілді. Жұмыс 85 пайызға орындалды, − дейді бас инженер.

Айта кетсек, өткен жылы  кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы аясында  негізгі және қосалқы жабдықтарға,  3,031 шақырымдық әртүрлі диаметрлі кварталаралық жылу желілеріне жөндеу жүргізілген. Сондай-ақ 2,3 шақырым кварталаралық жылу желілері қайта жаңартылып, оған 761,019 млн теңге қаржы бөлінген. Ал магистральдық жылу желілерін қайта жаңғыртуға бюджеттен  қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылған.

− Президент Жолдауындағы тапсырмаларды орындау шеңберінде былтырдан бері «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы қолданыста. Оның негізгі міндеті − табиғи монополиялар субъектілеріне қосымша инвестициялар тарту арқылы жөндеу жұмыстарының көлемін ұлғайту есебінен электр, жылу және сумен жабдықтау саласындағы желілердің тозуын кемінде 15-20 пайызға азайту.

Осы бағдарламаны басшылыққа ала отырып, орталық өткен жылға арналған инвестициялық бағдарламаға тозу дәрежесін 3,13 пайызға дейін азайту үшін 8 нысанда кварталаралық және магистральдық жылу желілерін қайта жаңғыртты. Қазіргі уақытта станцияны алдағы жылу маусымына дайындау, кәсіпорынның экономикалық дамуы, техникалық қайта жарақтандыру және қайта құру, оның ішінде инвестициялық бағдарламаны іске асыру бойынша бірқатар міндеттер орындалды, − дейді департамент басшысы.

Ал биылға арналған инвестициялық бағдарламаны іске асыруға 6247,4 млн теңге қарастырылған. Оған негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу, 4,3 шақырым кварталаралық жылу желілерін жөндеу жұмыстары кіреді. Тағы 6 нысанның кварталаралық және магистральдық жылу желілері қайта жаңғыртылады. Оған  6137,7 млн теңге бөлінді.

Негізгі және қосалқы қондырғылар мен кварталаралық жылу желілерін жөндеу 58 пайыз, кварталаралық және магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту 52 пайыз  орындалған.

Мұндай жұмыстар көрсетілетін қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыруға, жылу және электр қуатының тапшылығын жабуға,  отын шығынын азайтуға, негізгі және қосалқы жабдықтардың сенімділігін арттыруға, еңбек шығындарын азайтуға, тозған жылу жүйелерін, жылу шығындарын азайтуға және  тұтынушыларды жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік бермек.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<