Сырдария ауданында соңғы жылдары өз кәсібін бастаушылар мемлекеттік қолдаудың шапағатын көріп, олардың саны арта түсуде. Кәсіпкерлер арасында қайтарымсыз немесе жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар бар. Олар кәсіпкерлікпен айналысу арқылы табыс тауып қана қоймай, аудандағы жұмыссыздық деңгейін азайтуға да үлес қосуда. Сондай-ақ, ел қазынасына салық төлеп, жыл сайын кәсіптерін кеңейтіп келеді.
Ауданға қарасты Н.Ілиясов ауылының тұрғыны Роллан Олинов – «Жания» ЖК басшысы. Ол 2019 жылы Өңірлік инвестициялық орталығынан «Еңбек. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау» бағдарламасы арқылы 1,5 млн теңге несие алып, 2020 жылы мемлекет тарапынан 2 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алып бүгінде бал өндіруді жақсы меңгерді.Қазіргі таңда Роллан Нұрланұлы омарта шаруашылығымен айналысуда.
Омарташы бүгінде 80 ұяшықта бал арасын бағып отыр. Жеке кәсіпкер жылына 3,5 тонна өнім өндіруді жолға қойды. Дайын өнімді кәсіпкер Қызылорда қаласы мен аудан тұрғындарына өткізеді. Бүгінде оның тұрақты тұтынушылары мен сатып алушылары бар.
– Кәсіппен айналысушыларға мемлекет тарапынан бағытталып жатқан қолдау көп. Тек ізденіс пен еңбек керек. Сондай-ақ жаңаны үйренуден жалықпау қажет. Сонда ғана кәсіптің берекесі болады. Менің мақсатым – алдағы уақытта омарта шаруашылығын отбасылық бизнес ретінде дамыту. Бал өндірісінен пайда бар, сұраныс көлемі де жыл санап артып келеді. Балдың денсаулыққа пайдалы екенін тұрғындар жақсы біледі. Сондықтан тұрақты тұтынушыларым да бар, – дейді жеке кәсіпкер Роллан Олинов.
Еңбек еткен адамның мақсаты айқын болса, табысқа да, жетістікке де қол жеткізеді. Оның дәлелі ретінде омарта шаруашылығын кәсіпке айналдырып отырған кейіпкерімізді айтуымызға болады. Ол осы аталған кәсіп арқылы облыс пен аудан экономикасының дамуына үлес қосып келеді. Мемлекет осы сияқты басқа да кәсіппен айналысамын деушілерге оңтайлы тұсын ұсынып, қолдау көрсетуде. Олай болса, жас кәсіпкердің алдағы ісіне сәттілік тілеп, еңбегінің жемісін көрсін дегіміз келеді.
Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<