Әрбір дүниенің есебі жасалған сайын қызық деректер жарыққа шығып жатыр. Соның ішінде қанша қазақстандық баспанасыз жүргені анықталды деп хабарлайды Massaget.kz.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ берген ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда 6 миллион 435 мың 175 адамның жеке меншікте бір баспанасы (пәтер немесе жеке үй) бар екені хабарланды. Елімізде жеке баспанасы жоқ қазақстандықтардың саны шамамен 6,9 миллион адам. Бұған, сонымен қатар, олармен бірге тұратын, бірақ мүлікке меншік құқығында үлесі жоқ меншік иелерінің жұбайлары жатады.
Қазақстанда 7 миллион 259 мың 231 жылжымайтын мүлікке құқық тіркелген. Олардың ішінде 944 849 азаматта 2 жылжымайтын мүлік, 286 502 азаматтың 3 және одан да көп жылжымайтын мүлкі, оның ішінде 10-нан астам жылжымайтын мүлікке ие 1669 азамат бар. Кәмелетке толмағандардың есебінде 91 534 жылжымайтын мүлік нысаны тіркелген көрінеді.
«Ақпараттық жүйеде тек жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тіркеген азаматтар туралы ақпарат қамтылғанын хабарлаймыз. Сонымен қатар, жылжымайтын мүліктің заңды кадастрында «Экономикалық белсенді халық» критерийі бойынша ақпарат жоқ екенін хабарлаймыз» деп қорытындылаған компания.
«СБ» ақпарат





