Қолға қойдың сақасындай, көңілге көктемнің самалындай жаққан бір кітапты бас алмай оқып шықтым. Ол «Жылы жүрші» деп аталыпты. Авторы – жас қаламгер, облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Ержан Қожас.
Бұрынырақта осы газетте қызмет еткен Жақсылық Рахматулла, Ақберген Ержан, Қази Данабаев, Оразбек Мақсұтұлы секілді ағаларымыздың кітаптары жарық көріп жататын. Сол дәстүрдің үзіліп қалғанына да он бес-жиырма жыл өтіпті.
Бұл – Ержанның екінші кітабы. Бір-екі жыл бұрын әріптес інімнің «Мен – ауылдың ұлымын» деп аталатын кітабы басылып шыққанда образбен ойланатын ағаларымыздың жолын жалғайтын біреу шықты-ау деп қуандым. Cол қуанышым бүгін еселеніп отыр.
Кітап үш бөлімге жіктеліпті. Бірінші бөлім «Ауыл дейтін бір ғажап мекенненбіз» деп аталған. Шынында, ауыл деген – ғажап мекен. Ауылдың иісі, келбеті, тілі, бәрі өзгеше, өрнекті. Тілі демекші, мен осы кітаптан бұзылмаған қазыдай ауыл адамдары сөзінің нақ өзін көрдім. Ауыл үлкендері «алдыраз болсын, айналайын» деуші еді. Кітапта осы сөзді дәл сол күйде кездестіріп, жоғалтып алған сабы алтын пышағымды тапқандай болдым. «Алдыраз болсын, Ержан» дедім. Бұл – тіл заңдылығы, қазақы қалып, ол ережені ауылдағылар ғана сақтай алады. Ал, қазір «Алла разы болсын» демесек, мұсылмандықтан шығып қалғандай боламыз. Сонымен бірге кітапта қаладан қағажу көрген «ұлы ойбай», «кіттай», «келіннің ішіне көже бітіпті» деген әдемі сөздер бар.
Ержан жазған әңгімелердің тіні – адами байлық, қазақы тәрбие, салт-дәстүр сабақтастығы секілді құндылықтар.
«Обал ғой» деп аталатын әңгімедегі (36-бет) Рамаш жеңгейдің образы нағыз қазақ әйелінің бейнесін мөлдірете төккен. Азайып бара жатса да, обал-сауаптың сақталуында осындай кісілердің құдіреті жатыр.
Ал, енді маған «Аллергия» деген әңгіме (21-бет) ерекше әсер етті. Көзіңе жас келеді. Қазір үйіңе бір туысың тосыннан келе қалса, көзің аларып орныңнан атып тұрасың. Жаманат хабар әкелді дейсің, басқаша ойлаудың бізден қалғаны қашан. Себебі, бүгінде біреу біреудің үйіне сылтаусыз, шақырусыз бас сұқпайды. Бұрынғы «амансыңдар ма?» деп үй жағалап жүре беретін жақсылар жоқ, «сен тимесең, мен тиме, бадырақкөз» жамандар қалғанбыз.
«Аллергияда» ешкіммен қатыспайтын қасаң мінез Матығұл ағайын мен дос-жардың қадірін анасы қайтыс болғанда түсініп, райынан қайтады, тіпті оның басқа адам болып шығатыны саналыны ойлантпай қоймайтын ақиқат.
Ержан кітапта «Босбелбеу қайдан шығады?», «Қазір әкең келсін» секілді әңгімелер арқылы ата-ана тәрбиесіне байланысты тамаша эпизодтарды пайдалана білген. Маған да, саған да қатты ұнағаны, айтпақшы әлі оқымаған шығарсың, оқып көрерсің – «Сағындырған сары апа» әңгімесі. Көзіңе жас аласың, көңілің босайды. Қазақ өміріндегі әженің баласы деген ұлы образға кезігесің, сол бір ақылды тентек баланы жақсы көресің, басынан сипағың келеді. Өйткені, ол Абайша айтсақ, «самородный» ауыл баласы, әжесінің баласы!
Кітаптың екінші бөлімі «Теңіз бен тау жазбаларын» Арал, Қазалы өңірінің кіші тарихы десек те болады. Кезінде осы публицистикалық дүниелердің біразы газет бетінде жарық көрген. Тұтастай алғанда бұл жолжазбалардың шынында көп зерттеуді, табаннан тозып, көп сапарлауды қажет еткен еңбек екенін сеземіз. Тұтас бір өңірдің жер-су атауларына ден қойған журналистің топономика ғылымына қосар үлесі де бар. Мұны оқыған адам анық аңғарады.
Журналистің кәукейлік өлкетанушы Сәкен Қабыловпен бірге жер кезіп, жан байлығы мен жәдігерлік іздеген еңбеккештігі еріксіз бас шайқатады. Расында, риза боласың. Жазған кітабыңа қаламақы төленбейтін, оны демеуші іздеп басып шығаратын, өзің өтініш жасап өткізетін заманда, ол ол ма, бүкіл елдің мұңын, рухани қазынасын түгендеуге арқа еті арша болып жүрген бұл баланыкі қайдан келген қуат дейсің, кейде? Сосын туған жерге деген махаббат, қанмен келген қасиетке деген адалдық, кәсіби қызметіне деген құрмет екенін түсінесің.
Үшінші бөлім еңбегімен танылған белгілі ел ағалары, тұғырлы тұлғалар туралы сыр шертеді. Әрине, танымал адамдар туралы бәріміз де жазамыз. Олар жайлы жазу қиын да болмас, өйткені, халықтың көз алдындағы адамдар, жалпы жұртқа таныс. Тек сол жандардың қарапайым тірліктегі бейнесін іздеу керек. Өзіңе де, өзгеге де сол құнды. Жас қаламгер бұл жағынан әлі тәжірибе жинай берер, кәсібінің өзі соған алып келеді. Осылай деп әріптесіме базына айта бастап едім, бірақ, ол сөзімді «Сегіз әкімге серік болған» деген бір шағын әңгімесінің жоққа шығарары шын. Әкім туралы айтқан тілші көп, ал, әкімнің көлік жүргізушісі туралы қайсымыз мақала жаздық? Ержанның осы бір шағын мақаласы, айтпақшы, мақала емес, әдемі кейіптеу, әсерлі көріністерге толы әңгіме бұл! Айтып айшықтап беру бір бөлек, мұны енді оқып көру керек.
Анығында көсемсөз бен көркем сөзді қоса қабат алып жүру – ауыр жүк. Сол жүкті бел кеткенше арқалаймын деген Ержанның ерекше байламы ойланудан гөрі, ойын салуды жақсы көретін замандастарына үлгі.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<