Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Жанқожа батырдың 250 жылдығына орай «Елдіктің туын желбіреткен қаһарман» атты жыр мүшәйрасы өтті.
Алдымен деректі фильмнен үзінді көрсетіліп, батырдың ерлік жолы насихатталды. Сонымен қатар филология ғылымдарының кандидаты, жанқожатанушы ғалым Нұрлан Нұрмахановтың «Тарихи өлең-жырлар мен дастандардағы Жанқожа батыр тұлғасы» атты монографиясының таныстырылымы өтті. Кеш одан әрі батырдың жорықтас серігі Бекмырза Әлдиұлы жайында жазылған өлкетанушы Болатбек Қуатовтың «Халқы қалаған хан Бекмырза» атты кітаптың таныстырылымына жалғасты.
Жыр мүшәйрасына ақындар Қаршыға Есімсейітова, Оңталап Базаралы және Нұрлан Көбегенұлы қазылық жасады.
Елдік дәстүр, отаншылдық қасиет пен батыр баба ерлігін насихаттауға арналған өлең бәйгесіне 9 ақын қатысып, өзара бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша аралдық Айдар Сайлауов жеңімпаз атанды. Екінші орын жүлдесін қызылордалық Бексұлтан Санақұл еншіледі. Үшінші орынға қармақшылық Нұркелді Өтепберген лайық деп танылды. Барлық қатысушы ақындарға дипломдар мен қаржылай сыйлық табысталды.
Кеш аясында Жанқожа Нұрмұхаммедұлы атындағы қоғамдық қор төрағасының орынбасары Марат Аралбаев бірқатар азаматтарды «Жанқожа батыр – 250» мерейтойлық медалімен марапаттап, сый-сияпат табыстады.
Шара қорытындысында кеш қонақтары «Баба ерлігі – ұрпаққа өнеге» атты кітап көрмесімен танысты.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<