Жыр мүшәйрасының жүйріктері анықталды

1663

0

Облыстық «Сыр бойы» газетінің 95, қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің 30 жылдығына орай «Сыр медиа» ЖШС-ның ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы мектеп оқушылары арасында «Журналистика – мәні терең мамандық» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті. 9-11 сынып оқушылары арасында өткен жыр мүшәйрасының басты мақсаты – ұлт тарихын арқау етіп, елдік пен ерлік дәстүрді, өңірдің оң имиджін насихаттап, ақпарат жаршысына айналған басылымдар мәртебесін көтеру.

Студенттер сарайында өткізілген мүшәйраның ашылу салтанатында облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов ақпарат саласының маңыздылығына тоқталып, мұндай іс-шаралар жас таланттардың көпке танылуына ықпал ететінін атап өтті. Сонымен бірге «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Гүлмира Ділдәбекова, «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің редакторы Әзиз Батырбеков қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, жыр байқауында жас таланттар «Журналистика – мәні терең мамандық» тақырыбы бойынша жазған өлеңдерімен қатар еркін тақырыптағы туындыларын да ортаға салды. Мүшәйраға 20 оқушының еңбегі қабылданса, іріктеу кезеңінен өткен 11 жас талапкер шығармаларын оқыды. Қатысушыларға «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті әлеуметтік және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Жанар Бимұратқызы, ақын Ақжол Түменбай және «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі, ақын Аружан Оралбай төрелік етті. Жыр мүшәйрасын «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов жүргізді.

Нәтижесі бойынша бас жүлде Ұлықбек Бектайға бұйырса, І орынды Мерей Қалабай иемденді. ІІ орынға Данияр Құрбанәлі мен Мереке Қуаныш, ІІІ орынға Расул Жеткерген, Нұрайна Жүсіпбекова, Талшын Оспан есімді оқушылар лайық деп танылды. Ал өнерімен көзге түскен Ақтай Нұрбек «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша марапатталды. Азамат Қонысбекке, Ботагөз Мұхамбетжанқызы мен Мерей Шәкратқа алғыс хат табысталып, барлық қатысушылар арнайы сыйлықтарға ие болды.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<