Сыр елі – сонау Қорқыт бабадан басталатын өлең-жыр, өнегенің алтын тін арқау жібін үзбей бүгінге жеткізген аймақ. Қызылордадай қазақтың руханият орталығында Сыр сүлейлерінің қалдырған қазынасы мол. Кеше ұлттық мұра – жыраулық өнерді насихаттау мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы өтті.
Жыр додасында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тәуелсіздіктің арқасында талай жыл көмбеде жатқан салт-дәстүр, төл өнеріміз қайтарылғанын, «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданып, халық қазынасы қалпына келгенін ерекше атап өтті.
– Қай кезеңде, қай елде болмасын, мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі – елдің өсуі. Тәуелсіздігіне тәубе еткен халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет шоқтығында жатыр.
Ежелгі түркі мәдениетінің бастау бұлағы болған, даланың дана философы, абыз Қорқыт атаның есімімен тығыз байланысты Сыр елі талай ғасыр ширегінде өркениет өлкесі болғаны баршаға мәлім. Жібек жолы жүріп өткен, Жанкент, Сығанақ, Жент, Шірік Рабат секілді астаналар қоныс тепкен, қазақ елінің алғашқы астанасы болған қасиетті жер тарихи құндылыққа тұнып тұр.
«Сыр елі – жыр елі» атанған қасиетті өлкеміз – тума таланттардың бесігі болған, дауылпаз Сыр сүлейлері шыққан өңір. Абыз Қорқыттан бастау алатын жыраулық дәстүрдің мектебін қалыптастырған Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Нартай, Нұртуғандай дүлдүлдер дүниеге келген жер. Өнер зерттеушісі Мардан Байділдаевтің тынымсыз еңбегінің арқасында Сыр бойында мақамсаздық ерекшеліктеріне қарай төрт жыраулық мектеп қалыптасты. Олар – Жиенбай, Сәрсенбай, Нұртуған, Нартай жыр мектептері, – деді аймақ басшысы.
Ұлттық өнердің қашанда шоқтығы биік. Сырдың жыршы-жыраулары әр жылдары Жапония, Америка, Франция, Голландия, Қытай, Моңғолия елдерінде және Италия мемлекетінің Флоренция қаласында өткен фольклорлық фестивальдар мен алқалы симпозиумдарда жыр төгіп, дәстүрлі өнерді әлемдік деңгейде насихаттады.
Өнер саңлағының мол мұрасын бүгінгі ұрпаққа аманаттау мақсатында өткен байқауда қатысушылар Жүсіп Ешниязұлының бұрын-соңды көп орындалмай жүрген айтыстары, термелері және «Шәһзада», «Сұрмерген», «Мекер қатын» дастандарымен қатар ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған арнау жырлар орындады.
Айта кету керек, Жүсіп Ешниязұлы Қармақшы ауданының Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Жастайынан әкесі Ешнияздан тәлім алған ол халық арасында жыршылығымен, ақындығымен танылды, ел билігіне араласып, болыстық қызмет те атқарды.
Ақын шығармалары ауыз әдебиеті нұсқаларын зерттеушілердің назарына ілінеді. Алғаш рет В.Васильев, Ә.Диваев жинақтаса, М.Әуезов, А.Тоқмағамбетов, М.Байділдаев өз пікірін айтып, әдебиет жанашырлары Ә.Қайнарбаев, А.Нүркенов, Ү.Аяпов және басқа да зерттеушілер жыршы шығармаларының нұсқаларын Ұлттық Ғылым академиясы қорына тапсырған.
Салтанатты жиында облыс әкімі Кете Жүсіп Ешниязұлының шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, төл өнеріміз төрден түспей келе жатқанын баса айтты.
– Кете Жүсіп мұраларын Тұрмағамбет, Қаңлы Жүсіп, Жиенбай, Тұрымбет сияқты ақын-шайырлар жоғары бағаласа, жыр жампоздары Қуандық Бүрлібаев, Көшеней Рүстембеков, Сардарбек Қожағұлов, Алмас Алматов, Жұмабек Аққұлов бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Орта буын жыршылық өнер өкілдері Эльмира Жаңабергенова, Ұлжан Байбосынова алыс-жақын шет елдерде ұлы өнерімізді насихаттап жүр, – деді аймақ басшысы.
Ұлт өнері ұлықталған байқауға Маңғыстау облысынан Амангелді Сәңкібаев, Ақтөбеден Демеубай Жолымбетов, Алматыдан Тоғжан Бақытова, Кереку жерінен Бөкен Жігер, сондай-ақ Сыр елінің жыр жүйріктері, жалпы саны 13 өнер иесі қатысты.
Жыр додасына жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы және Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмас Алматов, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры Эльмира Жаңабергенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Ұлжан Байбосынова және қоғам қайраткері, өнер жанашыры Рзақұл Нұртаев, жыршы-жырау, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Майра Сәрсенбаева қазылық етті.
Ұлттық өнер асқақтаған салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет жыраулық дәстүр қазақтың рухын көтеретін, рухани кемелдігін көрсететін бекзат өнер екенін атап өтті. Бабалар дәстүрін жалғап, ел мұрасын әлемге танытып жүрген жырау Алмас Алматов пен оның талантты шәкірттерінің халық қазынасын дәріптеп келе жатқан еңбегі тағы бір биіктен көрінгенін ерекше айтты.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Арал ауданының тумасы, атақты жыршы-жырау Айбек Тәңірбергеновке табысталды. Бас жүлде иегерін облыс әкімінің орынбасары марапаттады.
Байқаудың жүлделі І орны қызылордалық Серік Жақсығұловқа берілсе, ІІ орынды ақтөбелік Демеубай Жолымбетов жеңіп алды. Ал, үшінші орынмен Павлодар қаласынан келген Бөкен Жігер, қызылордалық Жәнібек Жақсан, аралдық Бексұлтан Орынбасар марапатталды.
Қатысушылар Әділхан Қуаңбаев, Амангелді Сәңкібаев, Мұхамедәлі Бекпейісов, Тоғжан Бақытова, Болат Баймұратов, Әлішер Мырзағалиев, Малика Алдамжарова ынталандыру сыйлығын иеленді.
Жауһар өнер дәріптелген сайыстан соң жыршы-жыраулар Алмас Алматов, Эльмира Жаңабергенова, Ұлжан Байбосынова, Майра Сәрсенбаева және Айбек Тәңірбергеновтің қатысуымен баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Брифингте Алмас Алматов республикалық байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, осы жолы Кете Жүсіп Ешниязұлының терме-толғаулары кеңінен насихатталғанын атап өтті. Осы кезге дейін концерттік жүйеде шығармалар 4-5 минут көлемінде орындалса, бұл жолы жырауларға кеңінен жырлауына мүмкіндік берілгенін, жас таланттардың бабалар жолын жалғап келе жатқанын жеткізді.
Айдана Жұмадинова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<