Зиянкестерге қарсы күрес толастамайды

471

0

Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жахановтың қатысуымен Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясында семинар өткізілді. Онда ерекше қауіпті шегіртке зиянкестері мен карантиндік объектілерге қарсы жүргізілетін фитосанитариялық іс-шараларды ұйымдастыру, химиялық өңдеу жұмыстарын атқаратын арнайы техникалардың дайындығы таразыланды.

Облыстық аумақтық инспекция басшысы Мұхтар Оразбаев салада жүзеге асқан жұмыстар барысы мен алдағы жоспарлар жөнінде хабарлама жасады. Биыл ерекше қауіпті азиялық шегіртке зиянкестеріне қарсы 49765 гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізіледі. Ол мамыр-маусым айларының аралығында атқарылады. Оған арнайы 4 жер агрегаты, 3 аса жеңіл ұшақ және 2 ұшақ қатыстырылады.

Мониторинг және фитосанитариялық жұмыстарды бірлесіп жүргізу мақсатында көршілес Ақтөбе, Қарағанды және Түркістан облыстарымен ынтымақтастық келісім жасалды. Инспекция және жергілікті атқарушы органдар арасында бірлескен жұмыс жоспары да бар.

– Фитосанитариялық қауіпсіздік – аграрлық саладағы өзекті мәселенің бірі. Ол ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген өнімдердің экспортын ұлғайтуға жол ашады. Биыл зиянды, ерекше қауіпті зиянды организмдер және карантиндік нысандарға қарсы 5048,4 мың гектар алқапқа зерттеу жүргізіледі. Сәуір айында фитосанитариялық іс-шараларды уақытылы, сапалы, тиімді жүргізу үшін жұмысшы тобының отырысы өткізілді. Ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы жүйелі бақылау негізінде Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарында итальяндық, Шиелі, Жаңақорған аудандарында азиялық шегіртке дернәсілдері байқалды. Мониторинг жүргізуге 33 маман, 14 зерттеуші және 27 автокөлік қатыстырылады. Қосымша көмек ретінде маусымдық жұмысқа ауылдық округтер мен шаруа қожалықтарынан 274 зерттеуші маман қосылады, – деді инспекция басшысы.

Облыста кеңінен таралған карантиндік зиянкестер қатарында калифорниялық қалқанша сымыры мен қауын шыбыны, карантиндік арамшөп ретінде кекіре мен сарышырмауық енгізілген. Бұл бағытта облыс аумағында жаңа ошақтардың шығуына байланысты облыс әкімдігінің арнайы қаулысы жарияланған. Алдағы уақытта оларға қарсы өңдеу жұмыстары жүзеге асады.

Республикалық Фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы облыстық филиалының мамандары және өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар 27 агрооқу ұйымдастырды. Онда ауыл шаруашылығы құрылымдарының мамандарына зиянды организмдердің дамуы, таралуы және олармен фитосанитариялық күрес іс-шараларын уақытылы жүргізу жөнінде кеңес берілді.

Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов тиісті сала мамандарына жұмысты жауапкершілікпен жүргізу қажеттігін атап өтті. Әрбір жүйелі жұмыс мол өнімге негіз қалайды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<