Қызылордалық зияткерлердің егін шаруашылығын цифрландыру жұмыстары республикалық додада үздік деп танылды. Кейінгі жылдары Сыр өңірінде су тапшылығы өте өзекті. Осы ретте қызылордалық оқушылар үнемдеудің тың әдістерін ойлап тапты. Оны жүзеге асыру үшін арнайы құрылғы құрастырған. Бүгінде егін алқаптарында жаңбырлатып суару технологиялары пайдаланылады. Бірақ ол адамдардың қатысуымен жүзеге асады.
10-сыныпта оқитын Сәния мен Жансая жаңбырлатып суару технологиясын толықтай автоматтандыруға болатынын дәлелдеп отыр. Олар бұл ойын шағын макет ретіндегі құрылғыға айналдырып, оны тәжірибеден өткізуде.
– Бұл жобада біз 3 түрлі бақылағышты, яғни ылғалдылықты анықтайтын, күн сәулесінің түсуін қадағалайтын және ауа температурасын есептейтін құрылғының бірлесіп жұмыс жасау үшін арнайы құрылғы орнатқан болатынбыз. Осы жоба сыртқы факторларды ескере отырып, жұмыс жасайды да, өсімдікке қолайлы жағдай туындаған кезде ғана конвейер іске қосылады, – дейді Сәния Мұратова.
Республикалық байқауда үздіктер қатарынан көрінген бұл жоба арқылы егін алқаптарына кететін судың көлемін 30%-ға дейін үнемдеуге болады дейді жас ізденушілер. Сәния мен Жансая енді бұл құрылғыны үлкен көлемде құрастырып, мектеп ауласында егілетін дақылды суаруға сынап көруді жоспарлап отыр. Осылайша халықаралық байқауларда бақ сынауға ниетті.
Ал 11-сынып оқушысы Еңлік Мұратбек пен Назгүл Ыдырыс егін алқаптарының өнімділігін бақылау және өнім көлемін болжау технологиясын ойлап тапты. Бұл автоматты жүйе егіншілердің жұмысын оңтайландырып, өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Автоматты қондырғымыз топырақ пен ауа температурасын анықтап, судың мөлшері бойынша ақпарат жинауға мүмкіндік береді. Бұл мәліметтерді радио арқылы қабылдағышқа жеткізеді, – дейді жоба жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Әділжан Науан.
Мал шаруашылығын цифрландыру бағытында тың идеяларымен үздік танылған Нұрдәулет Әділбек пен Аружан Мұхамбетия ауланы тазарту, қалдықтарды нығыздау, жемді ұнтақтау және тарату қызметтерін адам басқаруынсыз автоматты түрде орындайтын бағдарлама ойлап тапты.
Еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ге жуық жоба авторлары бәйгеге түскен сайыста сырбойылық зияткерлер IT саласы, қоршаған ортаны қорғау, техника, механика, қолданбалы математика және «Туған елге тағзым» бағытында өнертабыстарын таныстырып, сегіз жүлделі орынға ие болды.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<