Зұлмат жылдар зардабы санамыздан өшпейді

888

0

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Достық үйінде» «Қазақстандағы саяси-қуғын сүргін: Сыр өңіріндегі нәубет жылдар шежіресі» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференция жұмысына саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша облыстық комиссия мен жұмысшы топтың мүшелері, зиялы қауым, жоғары оқу орындарының ғалымдары, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының белсенділері қатысты. Жиынды облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова жүргізді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы Жарлығымен қуғын-сүргін құрбандарын мәңгілік есте қалдыру үшін 31 мамыр – «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» ретінде аталып келе жатқанына биыл 25 жыл. Басқарма басшысы ел тарихындағы аса ауыр кезең – зұлмат жылдардың зардабын тартқан халықтар туралы деректерге тоқталып, ақтаңдақ жылдар туралы ақиқаттың әлі де ашылмай жатқан тұстары бар екеніне тоқталды. Көңілге демеу болатыны, ел тәуелсіздік алғалы Алаш арыстарының ғұмырнамасы мен тарихи оқиға туралы маңызды құжаттар  жан-жақты зерделеніп жатқанын, келешекте ақиқат пен жалғанның ара-жігі ашылып, саяси тұрғыда нақты бағасы берілетінін айтты.

– Қолда бар мәліметтерге қарағанда, тоталитарлық жүйе жүргізген саясаттың салдарынан облыс бойынша 4038 отбасы қуғынға ұшырап, 1153 адам атылған екен. Ал, ашаршылық салдарынан тек  Қазақ елі ғана емес, Украина, Беларусь, Молдова және Ресей тұрғындары да зардап шекті. 1992 жылы құрылған Парламенттік комиссияның жұмыс қорытындысында, 1931-1933 жылдары ашаршылықтан қырылған қазақтардың саны 2 млн 300 мың адам деп көрсетілсе, этнос өкілдерінің саны 200 мың адамды құраған. Бұл оқиғалар халық жадында мәңгі сақталады, – деді М.Қазбекова.

Конференция барысында қоғам қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор төрағасы Сәпен Аңсат «Ұлт зиялыларын ұлықтау – елдіктің белгісі» тақырыбында келелі ой, кемел тұжырымын ортаға салды. Сыр бойынан шыққан ұлт қайраткері, қазақ мәдениеті мен руханиятына, ағарту саласына өлшеусіз қызмет еткен Т.Жүргеновтің 125 жылдығын халықаралық «Түрксой» ұйымының шеңберінде атап өтуге байланысты ұсыныстарын мемлекеттік деңгейдегі құзырлы орындарға жолдағанын айтты. Сонымен қатар,  қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша облыстық комиссияның терең ізденіспен еңбек етуінің нәтижесінде тарихи оқиғаға қатысты тың деректер табылғанын айтып, әлі де зерттеп-зерделеу барысында әділ әрі айқын қорытынды жасалатынына сенім артты.

– Алаш арыстарының зираты болуы керек. Кешегі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер ескерусіз қалған жоқ, арнайы белгі қойылды. Ал  Алаш арыстары ақталғанымен, оларға әлі күнге белгі қоя алмай келеміз. Осы жұмысты қолға алатын уақыт жетті. Ертеңгі ұрпақ сол арнайы орында Алаш қайраткерлерінің рухына тағзым етіп, ел тарихының өткенінен сабақ алуы тиіс, – дейді ардагер.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Тарих» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айтжан Оразбақов ХХ ғасырдың І жартысында Сыр өңіріне депортацияланған халықтар жайлы сөз қозғады.

– Кеңес үкіметі Сібір халықтарын репрессияға ұшыратты деген ұғым қалыптасқан. Бұл жерде кеңес үкіметі патшалық Ресейдің тәжірибесін әрі қарай жалғастырды деп айтсақ болады. Бір ғана мысал, 1920-1930 жылдары Қазақстанға бай-кулак деген жаламен өзге елдерден 150 мыңнан аса адам депортацияланған екен.

Сол 30-жылдардың басында аштық қырғыны Қазақстан халқын біраз күйзеліске ұшыратып, санын азайтса, соғыс алдындағы репрессия, ұлттық интеллигенцияны жоқ қылды деуге болады. Ал басқа халықтарды күштеп Қазақстанға көшіру онсыз да қиналып жатқан халықты одан сайын күйзеліске түсірді. Қоныс аударғандар негізінен ауылдарға көшірілгендіктен, ондағы этно-демографиялық жағдай, әсіресе бұрын қазақ ұлты ғана тұратын Оңтүстік Қазақстанның этно-демографиялық жағдайы күрт өзгерді, – дейді ғалым.

«Архив құжаттарындағы түркістандық әскери тұтқындардың тағдыры» тақырыбында баяндама жасаған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сағат Тайман бұл мәселе әлі де зерттеуді қажет ететінін айтты. Сол себепті қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға келгенде нақты құжаттарға жүгініп, аса мұқият болу қажеттігіне тоқталды.

Облыстық мемлекеттік архив басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Жанат Әбзалиева «Ұжымдастыру науқаны және ашаршылық ақиқаты архив кұжаттарында» тақырыбында сөз қозғап, дәл сол кезеңде елде қалыптасқан ауыр жағдайды накты құжаттар арқылы жеткізді. Ал, қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Әзиз Батырбековтың «Саяси репрессия мен ашаршылық тақырыбының қазақ баспасөзіндегі көрінісі» тақырыбындағы баяндамасында өзекті мәселедегі өмір шындығы, яғни, жазықсыз жалаға ұшыраған Алаш зиялыларын арашалау кезінде баспасөз бетінде орын алған тартысты жазбалар жайындағы деректер айтылды.

Жиынды қорытындылаған басқарма басшысы М.Қазбекова:

– Бір конференция аясында халқымыздың басына түскен нәубет-зобалаңды түбегейлі қарастыру мүмкін емес. Бұл бағыттағы кешенді іс-шаралар түпкі мәресіне жеткенше әлі жалғаса береді. Осы күнге дейін том-том архив құжаттарымен танысып, терең ізденіспен еңбек етіп жатқан ғалымдарға, жұмысшы топ мүшелеріне алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша арнайы жасақталған облыстық комиссияның жұмысын жергілікті БАҚ арқылы ақпараттандыру мәселесі назарға алынады, – деді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<