1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға көмек тағайындалады

839

0

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізбекші, деп хабарлайды El.kz

Көзделіп отырған өзгерістер «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңға қабылданған түзетулерге байланысты енгізілмекші.

Атап айтқанда, мынадай жаңашылдықтар ұсынылып отыр:

– кепілді әлеуметтік пакетті ұсыну, оның құнын өтеу тәртібін, сондай-ақ әлеуметтік қызметтер порталының жұмыс істеу мәселелерін реттейтін ережелерді алып тастау;

– АӘК көрсетуге өтініш беру тәртібін проактивті форматта ұйымдастыру;

– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының АӘК уақтылы төлеуді қамтамасыз етуі және АӘК төлемдерінің ай сайынғы қажеттілігін, төлемдер кестесін қалыптастыру, тиісті уәкілетті мемлекеттік органға АӘК төлеуге қаражаттың қажеттілігі туралы өтінімді жіберу жөніндегі құзыретін айқындау;

– АӘК тағайындау кезеңіне 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем белгілеу.

Бұл ретте проактивті қызмет оны алушының өтінішінсіз-ақ, яғни, жауапты ведомствоның бастамасы бойынша көрсетілетіні айтылған.

АӘК алушы учаскелік комиссияға өзінің материалдық жағдайын тексеруге келісімб еруі атаулы әлеуметтік көмекті проактивті форматта тағайындауғы негіз болмақ.

Осылайша, учаскелік комиссияға материалдық жағдайына тексеру жүргізуге келісім берілген күн АӘК тағайындауға өтініш берген күн болып есептеледі.

Сондай-ақ құжатта АӘК-ті белсенді форматта тағайындау үшін мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік нөмірін тіркеу қажет екендігі айтылған.

Бір жастан алты жасқа дейінгі әрбір балаға АӘК және ай сайынғы қосымша төлемді төлеуді уәкілетті орган мемлекеттік корпорация арқылы атаулы әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банк шоттарына немесе электрондық әмияндарға электрондық ақшамен аудару арқылы жүргізеді.

Бұл ретте бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға ай сайынғы қосымша төлем балалардың жасын ескере отырып, ағымдағы тоқсанға АӘК алушыларға тағайындалады және ай сайын төленеді.

АӘК тағайындау туралы өтініште бір жастан 6 жасқа дейінгі барлық балаларды, оның ішінде ағымдағы тоқсанда бір жасқа толған балаларды көрсету қажет.

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешімде баланың жасын ескере отырып, балаларға ай сайынғы қосымша төлем төлеу кезеңі көрсетіледі. Бала қайтыс болған жағдайда ай сайынғы қосымша төлем бала қайтыс болған айға төленеді.

Жәрдемақы беру жөніндегі қызметтерге ақы төлеу Мемлекеттік корпорация мен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым арасында жасалатын шарт негізінде жүргізіледі деп көзделеді.

Бұйрық жобасы Ашық НҚА порталында 25 қарашаға дейін қоғам талқылауына ұсынылып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<