Бүгін орталық стадионда 19 наурыз – Жаңару күніне орай ағаш егу акциясы өтті. Шараға аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, жиналған көпшілікті Наурызнама онкүндігімен құттықтады.
«Баршаңызды Наурызнама мерекесімен және Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңару күні аясында өңірімізді көгалдандыру бағытындағы игі бастама қолға алынды. Бұл – бір реттік акция емес, алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасатын маңызды жұмыс. Негізгі мақсат – ауданның экологиялық ахуалын жақсарту, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру және жасыл аймақтарды ұлғайту. Осы шараға белсене қатысып жатқан баршаңызға алғысымды білдіремін», – деді аудан әкімі.
Ағаш отырғызу акциясына аудан әкімімен бірге аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, мәслихат депутаттары, ардагерлер, батыр аналар, спортшылар және еріктілер қатысты.
Айта кетейік, Наурызнама аясында аудан көлемінде түрлі мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырылуда. Негізгі мақсат – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрлерді жаңғырту және қоғамдағы бірлікті нығайту.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






