Аудан жаңалықтары

190

0

Комиссия отырысы өтті

Қала әкімінің орынбасары Бақытжан Омаровтың төрағалығымен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған комиссия мүшелері, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету, қала бойынша кәсіпкерлікті дамытуға әйелдердің қатысу үлесін арттыру бағытында және жастар ара­сында отбасы құндылығын насихаттауда атқарылған жұмыстар қаралды.

Комиссия төрағасы жауапты сала басшыларына отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша тиісті тапсырмалар жүктеді.

Белсенділер солтүстікке шақырды

Ауданға Солтүстік Қазақстан облысының қоғамдық белсендісі, «TAUEKEL» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бурахан Даханов пен делегация мүшелері келіп, кездесу өткізді. Сондай-ақ, кездесуге Арал аудандық мәслихатының, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Базарбай Төрахметов, Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Әуелбек Исаев қатысты.

Негізгі мақсат – «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы» жобасы аясында аудан тұрғындарына солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы туралы ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Спикерлер мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер мен жәрдамақылар туралы және аталған жоба төңірегінде біршама ақпараттарды бөлісті.

Делегация мүшелері Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйі мен Балықшылар аллеясында болды.

Медицина қызметкерлері марапатталды

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде салтанатты шара өткізіліп, аудан дәрігерлері құрмет төрінен көрінді. Мерейлі мерекеге аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов, зиялы қауым өкілдері, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

Салтанатты шарада аудан әкімі мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде аймақ басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан оң нәтижелі жұмыстар жайында айтты.

Аудан медицинасының дамуына сүбелі үлес қосып, салада табысты еңбек еткен дәрігерлер мен сала ардагерлері марапаттарға ие болды.

«Таза Қазақстан» науқан емес

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы тек науқан ғана емес, ол әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысына, өмір салтына айналып келеді.

Сенбілік жұмыстарына кент, ауылдық округтер, дербес бөлімдер, жастар және еріктілер белсене қатысып, санитарлық тазалық жұ­мыстарының жүргізілуіне  үлес қосты. Аудан әкімі Жандос Еркінбек қоғамдық орындар мен орталық көшелерді абаттандырып, жасыл желек отырғызу бойынша бірқатар тапсырма берді.

Әскерге шақыру барысы қаралды

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының барысы қаралды. Жиында әскерге шақыру жұмыстарының ұйымдастырылу деңгейі баяндалып, алдағы міндеттер айқындалды.

Әскерге шақырылушылардың медициналық тексеруден өтуі мен іріктеу тәртібі, сондай-ақ олардың моральдық-психологиялық дайынды­ғы басты назарға алынды. Шақырылған азаматтардың заңды құқық­тарының қорғалуын, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін де басты назарда ұстау қажеттігі айтылды.

Әлеуметтік мәселелермен жүгінді

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Келушілер мемлекет тарапынан тұрғын үй алуға байланысты, жұмыссыздық және түрлі әлеуметтік, тұрмыстық мәселелермен жүгінді.

Қабылдауда аудан басшысы әрбір тұрғынның жеке мәселесін тыңдап, заңдылыққа сәйкес жауап берді. Айтылған мәселелер бақылауда болатынын айтып, оңтайлы шешiм табуы үшiн тиiстi сала басшыларына тапсырмалар берді.

Ең үздік ауыл дәрігері кім?

«Жөлек» ауылдық амбулаториясының білікті дәрігері Жақып Төлеуов «Ең үздік ауыл дәрігері – 2025» номинациясымен марапатталды.

Бұл марапат Астана қаласында Медицина қызметкерлері күніне орай өткен республикалық іс-шарада табысталды. Марапатты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова  тапсырды.

Құрылыс басына барды

Аудан әкімі Мажит Самитов Жаңақорған кенті аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойында орналасқан жаңа сервистік орталықтың құрылыс басына барды. Жобаның құрылтайшысы – «Engineering & Construction Company» («ЕСС») ЖШС.

Заман талабына сай етіп салынып жатқан қызмет көрсету кешенінде жолаушыларға барлық жағдай жасалады. Мұнда 44 нөмірлі қонақүй, 70 адамға арналған тамақтану орны, 50 орындық монша, 50 орындық жолаушыларға қызмет көрсету және жанар-жағармай бекеті қарастырылған.

Алдағы уақытта бұл нысанда 20-дан астам тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 85%-ы аяқталды.

Дайындаған

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»