Ғасырлық мереке ғибраты

179

0

Қызылорданың астана болғанына және «Қазақ» аты ресми қайтарылғанына 100 жыл толуына орай «Қызылорданың астаналық кезеңі: тарих пен тағылым» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.

Осыдан жүз жыл бұрын Сыр бойындағы ескі қалашық жер-су мен халқы бір шаңырақ астына жиылған кеңестік мемлекеттің астанасы атанды. Бұл Ақмешіттегі V съезде жүзеге асқан еді. Съезге сайланған делегаттар жаңа Қазақ республикасының даму жолын, мұқтаждықтарын қарастырып, маңызды шешімдер қабылдады. Халықтың этникалық аталымын ресми түрде өзіне қайтарып, республиканың бұрмаланған атауын түзетті. Жаңа астанаға заманның және жаңғырған ұлттың рухына сай жаңа да айбынды ат берді. Міне, осы тарихи оқиғаның ғасырлық мерекесін атай отырып, оның өмірге келу жолын да еске түсірмей тұра алмаймыз.

Сол себепті Ақмешіт съезі – тарихи кезеңді қамтитын тарихи сәт. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан шараның маңызы зор. Қаланың тарихы – қазақтың тарихы, «Қызылорда» атауы қайдан шыққаны халықтың есінде болуы тиіс. Өйткені бұл қазақ өміріндегі үлкен бетбұрысқа өткен кезең болып саналады. «Киргиз» республикасының «Қазақ» деп аталуы сол кезде жүзеге асты. Міне, Қызылорда қаласының астана болғанына бір ғасыр толды. Біз де мерейлі мерейтойды атап өтуге келіп отырмыз.

Алғашқы астананың тұрғындары бұл тарихи оқиғаны айрықша мақтан етуге болады. Өйткені бұл – бүкіл қазақ бір шаңырақ астына біріккеннен кейін тұңғыш съезд өткен тарихи жер. Сол себепті жастар тарихты терең ұғынып, жасампаз қаланың жандануына үлес қосып, құрметпен қарауды үйрену керек.

Байқап қарасақ, Қызылорда қаласы қарқынды дамып келеді. Жаңашыл бағытта заманауи ғимараттар, зәулім үйлер көптеп салынуда. Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтерген жаңа қала қандай керемет! Өңірдегі оң өзгерістерді көріп, қуанып жатырмыз. Тарихи қаланың әлі де өркендей түсетініне сеніміміз мол.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты,

«Әділет» республикалық тарихи-ағарту қоғамы

 басқарма төрағасының орынбасары