Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM) мәліметінше қазір дүние жүзінде шамамен 281 миллион мигрант бар. Әлемде орта есеппен 30 адамның біреуі туған елінен жырақта өмір сүріп жатыр. Дүние жүзінде әйелдерге қарағанда ер мигранттар басым және бұл алшақтық ұлғайып барады. Ал олар қай елде көп деген сұраққа келсек, БАӘ, Катар, Кувейтте халықтың жалпы санынан әлдеқайда артық. Қазақстанда мигранттар 20 пайызды құрайды екен.
Ұйым Ресей мен Украина, сондай-ақ Ресей мен Қазақстан арасындағы көші-қон ағынын ерекше атап өткен. Африка елдері де мигранттардың келіп-кету бағытына айналған. Халықаралық мигранттардың 40 пайыздан астамы –Азия, 20 пайызы – Үндістан, Қытай, Бангладеш, Пәкістан, Филиппин, Ауғанстан азаматы. Ал көші-қон донор елдерінің әлемдік рейтингінде Үндістан, Мексика, Ресей алғашқы үштікті бастап тұр. Сонымен қатар IOM мигранттардың Мексикадан АҚШ-қа, Сириядан Түркияға, Үндістаннан Араб елдеріне, Ресейден Қазақстанға ағылатынын айтады.
Елдегі дерекке келсек, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы келгендер саны 29282, кеткендер 12732 адам болыпты. Көші-қон айырымы – 16550 адам. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда келгендер саны 15,3%-ға өссе, кеткендер 20,9%-ға азайғанын көрсетеді. Негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттері арасында жүреді. ТМД елдерінен келгендердің үлесі 81,6%, ал оған кеткендердің үлесі 74,8%.
Өңіраралық көші-қон бойынша еліміздің 4 өңірінде Астана (73238 адам), Алматы (36061 адам), Шымкент (9361 адам) қалаларында және Алматы облысында (2639 адам) халықтың көші-қонының оң айырымы қалыптасқан.
Облыстағы көші-қон саласында қандай істер атқарылуда? Бұл туралы облыстық ПД көші-қон басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сағындық Қамитбековтен сұраған едік. Жалпы осы бағытта 8 мемлекеттік қызмет көрсетілетін болса, оның 90% электронды түрде. Жыл басынан 25516-сы мемлекеттік, оның 25272-сі электронды түрде, ал 244 қағаз түрінде қызмет көрсетілген.
– Қазіргі таңда, република аумағында тұрақты тұру, елден тыс жерге тұрақты кету өтініштері, еңбек етуге көшіп келушілерге рұқсат беру және ұзарту, шетелдіктерді елімізде уақытша тіркеу жұмысы халыққа қызмет көрсету орталығы (ЦОН) арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар, биыл облыс аумағына 4167 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынса, оның 4093-і – ТМД елдерінен, ал 74-і – алыс шетелдерден келгендер. Көші-қон процесіне талдау жүргізу және бақылау орнату ішкі істер органдарына жүктелгендігіне байланысты облыс көлемінде үнемі жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі, – деді.
Жыл басынан жалпы 432 құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде көші-қон заңнамаларын бұзған 265 шетелдік анықталып, 110 азамат әкімшілік жолмен республика аумағынан шығарылды. Шетел азаматтарын уақытылы тіркеуді қамтамасыз етпеген 167 адамға әкімшілік шара көрілді.
Қазір құрылыс маусымы басталғандықтан, олар жұмыс істеу үшін облысқа көптеп келуде. Алайда шекарадан өтерде келу мақсатын жасырып, ереже бұзады. Мигранттардың басым бөлігі – Өзбекстан азаматтары. Еңбек мигранттары көбіне құрылыс, ауыл және үй шаруашылығында жұмыс істейді.
Облыста тұрақты тұрып жатқан 382 шетелдік бар, оның алыс шетелдерден келгені – 39, ТМД елдерінен – 343, этникалық қазақтар – 82. Өтініш білдірген 10 азаматтың іс-құжаты қабылданып, ҚР азаматтығын алды, 21 мың азаматтың жеке басын растайтын құжаты рәсімделген. Оның ішінде, мүмкіндігі шектеулі және зейнет жасындағы, көпбалалы аналарды, мүгедектерді құжаттандыру үшін көші-қон қызметінің және ХҚКО-ның арнайы тұрғылықты жері бойынша үйлеріне баратын мобильді топтың жұмысы ұйымдастырылуда. Бүгінгі күнге барлығы 70-тен астам облыс тұрғыны құжаттандырылып, оларға табысталды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






