42500 теңге: енді оны ұялы телефон нөміріне алуға болады

2849

1

42,5 мың әлеуметтік төлемді енді ұялы телефон нөміріне алуға болады, деп хабарлады ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен.


«42 500 теңге» әлеуметтік төлемін банк шотының жоқтығынан ала алмаған азаматтар енді оны IBAN шотын ұсынбай-ақ, ұялы телефон нөміріндегі «ұялы байланыс операторының электрондық әмиянындағы» жеке шоты арқылы ала алады. Ағымдағы жылдың 6 мамырында Төтенше жағдай кезінде табыстан айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) төлем тағайындау қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) тиісті өзгерістер енгізілді», – деді ведомстводан.


Ведомствода атап өтілгендей, ұялы байланыс операторының электрондық әмиянының» шотына әлеуметтік төлем алу үшін азамат SMS-хабарлама арқылы өзінің келісімін растауы қажет.


«Азаматтан жауап алғаннан кейін оператор алушының жеке сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – ЖСН) тексеріп, ұялы телефонының жеке шотына ақшаны жібереді. Оны Халық банкінің банкоматтары немесе Қазпошта бөлімшелері арқылы алуға болады. Арнайы мобильді электрондық әмиян қосымшасының көмегімен 2000-ға жуық қызметтің ақысын төлеуге болады. Механизм пилоттық тәртіпте жүзеге асырылды. Бұл нұсқа Қытайда, Үндістанда, бірқатар Еуропа және Азия елдерінде сәтті қолданылуда. Бұл әлеуметтік төлем жасаудың жедел енгізілген мүлдем жаңа тетігі. 6 мамырдан бастап азаматтарға оны пайдалануға мүмкіндік берілді», – деп хабардар етті еңбекминінен.


Бұдан басқа, қате берілген өтінішті кері қайтарып алғысы келетін азаматтардың өтініштері болды. Осыған байланысты, осындай мүмкіндік беру мақсатында Қағидаларға өзгерістер енгізіліп, техникалық шешімдер әзірленді. Енді өтінішті кері қайтарып алу туралы өтінішті әлеуметтік төлем туралы өтініш берген тәртіппен беруге болады.


Сонымен бірге, Қағидалардың талабын сақтамағаны үшін әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тартылған азаматтарға, төтенше жағдай кезінде енгізілген шектеулерге байланысты табысынан айырылу дерегін растайтын құжаттар болған жағдайда, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) штабтарға қайта жүгіну мүмкіндігі берілді.


Мысалы, екі немесе одан да көп жерде жұмыс істейтін (өтініште кірісті жоғалту туралы бір жұмыс берушіні көрсеткен, алайда іс жүзінде басқа жұмыс берушіде де ақысыз демалысқа жіберілген), ЖК патенті бойынша наурыз-мамыр айларын қоса алғандағы кезең үшін әлеуметтік аударымдар/міндетті зейнетақы жарналарын төлеген (бірақ іс жүзінде төтенше жағдайға байланысты осы кезеңде кіріс алмаған) азаматтар да болуы мүмкін, делінген хабарда.


Еңбекмині хабарлағандай, қолданыстағы Қағидаларға сәйкес «42 500 теңге» төлемі азаматтардың келесі санаттарына тағайындалады:


– жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта кәсіпорындардың жалақысыз демалысқа жіберілген қызметкерлері;


– карантин енгізілген елдімекендерде жұмыс істейтін ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысыз демалысқа жіберілген қызметкерлері;


– мемлекеттік мекемелерді есептемегенде, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысыз демалысқа жіберілген қызметкерлері;

– жеке тәжірибемен айналысатын тұлғаларға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);


– Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 774-бабына сәйкес Бірыңғай жиынтық төлем (бұдан әрі – БЖТ) төлеуші болып табылатын жеке тұлғалар;


– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы (бұдан әрі – АҚС) шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдар.


1) және 2) тармақшалардың жарғылық капиталында акциялар мен қатысу үлесі тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың, екінші деңгейлі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізетін ұйымдардың қызметкерлеріне қатысы жоқ.


Бұл нақтылау жоғарыда аталған ұйымдардың төтенше жағдай кезінде қызметін жүзеге асырғанына негізделген.


Қағидалардың бұдан бұрын қолданыста болған нормалары бойынша Төтенше жағдай кезінде табыстан айырылуға байланысты МӘСҚ-тан төлем тағайындалмайтын санаттар өзгеріссіз қалды.

Оларға:


– Төтенше жағдай енгізілген уақытқа дейін 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуының бір де бір ай өтілі жоқ адамдар, ал БЖТ төлеушілер үшін – өтініш бергенге дейін;

– Төтенше жағдай енгізілген уақытқа дейін 12 ай ішінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуының бір де бір ай өтілі жоқ АҚС шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар;


– кәсіпкерлік қызметті қоса алғанда, екі немесе одан да көп жұмысты қоса атқаратын, еңбек немесе кәсіпкерлік қызметті (оның ішінде қашықтан) жалғастырған немесе ақылы еңбек демалысы берілген немесе жұмыс орындарының бірінде тоқтап тұру болған адамдар;


– Төтенше жағдай енгізілгеннен кейін БЖТ алғаш рет төлеген, сондай-ақ бір мезгілде республикалық бюджеттен төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік жәрдемақыларды немесе қордан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдерді алушылар болып табылатын тұлғалар;


– Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуіне байланысты ішкі істер органдарында тіркеуден шығарылған адамдар.
Өтініш берушілер ұсынған мәліметтерді ақпараттық жүйелер арқылы тексеру кезінде толық мемлекеттің қамсыздандыруындағы азаматтар.

«42 500 теңге» төлеміне өтініш бергені анықталып, әлеуметтік төлем төленбейтін азаматтардың санаты келесі азаматтармен толықтырылды:


– толық мемлекеттің қамсыздандыруындағы қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі адамдар.


Еңбекмині атап өткендей, 42 500 теңге» әлеуметтік төлемін тағайындауға 2020 жылғы 11 мамыр күні сағат 18:00-ге дейін келіп түскен өтінімдер белгіленген тәртіппен қаралатын болады және Қағидаларда көрсетілген шарттарға сәйкес келген жағдайда, әлеуметтік төлем тағайындалады және төленеді.

ҚазТАГ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<