Адал еңбек – абыройлы зейнет

369

0

Фото: Автордан

Ел қорғаны болу – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін мәртебелі міндет. Бұл жолды жүрек қалауымен таңдап, он екі жылдан аса уақытын Отан қорғауға арнаған капитан Рәзия Ералықызы жақында әскери қызметтен құрметті еңбек демалысына шыққалы отыр. Оның әскери жолы – табандылық пен ерлікке, жауапкершілік пен адалдыққа толы ғұмырнаманың жарқын көрінісі.

Рәзия Ералықызы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Қызмет жолында абыройлы еңбек етіп, зейнет жасына жетіп отыр. Отбасындағы әкенің тәлімі, ананың тәрбиесі Рәзияның осындай беделді, парасатты, сабырлы, өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, тиянақты қызметкер биігіне көтерілуіне негіз болды.

Адал еңбек – абыройлы зейнет

Әкесі Ералы Мұхамеджанов КСРО Мемлекеттік банк пен Агроөнеркәсіп банкінің Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық бөлімшесін ұзак жылдар абыроймен басқарған. Анасы Мақсұтқызы Шынармен екеуі дүниеге он бір бала әкеліп, әрқайсысының тәрбиесі мен білім алуына ерекше көңіл бөліп өсірген. Қайран әке 1996 жылы 60 жасында өмірден озып кетті.  Анасы биыл 84 жасқа келіп, ұрпағының қызығына бөленіп отыр. Бұл отбасында әскери адам болған жалғыз Рәзия ғана емес. Әскери салаға алғаш жол салған ең үлкен ағасы Абуддин. Ол әскери дәрігер ретінде көп жылдар қызмет етіп, зейнетке шыққан, запастағы полковник, білікті дәрігер-травматолог. Онан кейінгі ағасы Зайниддин әскери оркестрде қызмет еткен, отставкадағы аға сержант. Әпкелері Құралай мен Нәзипа Ұлттық ұланда аудармашы болып абыройлы қызмет етіп, зейнетке шыққан, отставкадағы сержанттар.

Бұл отбасының ерекшелігі – барлығы музыкаға жақын: баян, домбыра тартып, ән салады, өнерді ерекше қастерлейді. Олар – елге қызмет етуді де, ұлттық мәдениетті насихаттауды да қатар алып жүрген жандар. Көпбалалы жанұяда бір-біріне сүйеу, қамқор болып ер жеткен бауырлар мейірімділік пен ізгіліктің бесігінде тербеліп, шапағатшыл қасиетті қазық тұтары кәміл. 

Капитан Рәзия Мұхамеджанова 1977 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы Жаңақорған кентінде дүниеге келген. 1984 жылы аудандағы орыс орта мектебінің 1 сыныбына барып, оны 1994 жылы бітіреді. 1994 жылы Ақмола қаласындағы (қазіргі Астана қаласы) Политехникалық колледждің «техник-технолог» мамандығына оқуға түседі. 2002-2007 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінен «қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы» мамандығын алып шығады. 2007-2013 жылдары Қызылордадағы № 7 орта мектепте мұғалім болып еңбек еткен.

2013 жылы Ұлттық ұланның 5547 әскери бөліміне қызметке келді. Әскери саладағы еңбегін мемлекеттік тілді оқыту жөніндегі маман болып бастап, құпия бөлімінің іс жүргізушісі болып жалғастырады. 2016 жылы офицерлік лауазымға тағайындалып, осы уақытқа дейін тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі болып қызмет етіп келді.

Рәзия Ералықызы әскери бөлімдегі мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мен насихаттау барысында түрлі деңгейде мәдени шараларды ұйымдастырды. Әскери қызметшілер арасында мемлекеттік тілге қатысты түрлі байқаулар, сайыстар өткізді. Мекемедегі тәрбие саласы – күрделі әрі жауапты сала. Әскери қызметте жүріп, ұлттық тәрбие мен мәдени мұраны насихаттауда ілкімді істерге мұрындық бола білді. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында ақпараттық сағаттар мен оқыту курстарын, аймақтық тәжірибе алмасу семинарларын үздіксіз ұйымдастырып отырды. Ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында   өткізілген «Менің отбасым-менің қуанышым» атты отбасылық сайыста жүлделі орын алып, үлгілі отбасылар қатарына енді. Әскери бөлім қызметінің рухани-мәдени деңгейін көтеру мақсатында өңірдегі мекемелермен әріптестік байланыс орнатып, қолдау тауып келеді.

Отбасы мен қызметті қатар алып жүру ерекше қажыр мен жауапкершілікті қажет етеді. Кей сәттерде қызметтік тапсырмалар мен тыныштықты қамтамасыз ету барысында отбасын екінші орынға қоюға мәжбүр болатын сәттер де кездеседі. Осы ретте, отбасында жанұя жарастығын қалыптастырып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған аяулы жар бола білгенін айтқымыз келеді. Қатардағы жауынгерден капитан шеніне дейінгі белес жолында Рәзия Мұхамеджанованың маңдай тері мен қажырлы еңбегі жатыр.

Саптағы әйел сардар да, тәлімгер де, ана да атанады. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» демекші, Рәзия – нағыз ел жанды, өз ісінің маманы, әділдікті ту еткен әскери қызметші. Отбасы – әрбір адамның тірегі, рухани байлығы мен өмірлік қуанышы. Осындай берекелі отбасының алтын қазығына айналған жанның бірі – Разия Ералықызы. Ол – екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған ардақты ана, қамқор жар, ұлағатты ұстаз.

Рәзия Ералықызының жұбайы Әшірбек аға – қаржы саласының маманы. Жанұяда өзара сыйластық пен түсіністікке негізделген тәрбиенің арқасында балалары да өмірден өз жолдарын адаспай табуда.

Үлкен ұлдары 1998 жылы туған, есімі Ансар, Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімі қаржы бөлімінің аға офицері, былтыр отбасын құрып, шаңыраққа келін әкелді. Одан кейінгі қызы Алуа 2002 жылы дүниеге келген, ол да тұрмыс құрып, биыл Әшірбек пен Рәзия жиенді болып, қуаныштары еселеніп отыр. Алуа қыз Алматы қаласындағы №202 мектеп – гимназиясының ағылшын пәні мұғалімі. Университетте үздік оқып, 2021-2022 жылдары академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Польшадағы Лодзь университетінде білім алды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Еуропаның бірқатар елдерін – Франция, Германия, Чехия секілді мемлекеттердің қалаларын аралап, таным көкжиегін кеңейтті. Университетті үздік бітіріп, өзінің табандылығы мен ізденімпаздығы арқылы биік жетістіктерге қол жеткізуде. Ортаншы ұлы Әділет мектепте білім алуда, ол биыл 9-сыныпты аяқтайды. Ал кенже қыздары Аяла биыл күзде мектеп табалдырығын алғаш аттамақ. Отбасындағы барлық балалары да өнерге жақын, музыкалық аспаптарда ойнап, ән айтқанда, жүрген жерлерін мереке-думан етіп жібереді.

Бұл отбасы үлкен сынақты да бастан өткерген еді. 2006 жылы дүниеге келген ұлдары Әзірет 2014 жылы жол көлік оқиғасынан қайтыс болып, отбасы қара жамылған еді. Ата-ана үшін перзентінен айырылудан асқан қасірет жоқ екені белгілі. Қанша уақыт өтсе де, жүректегі жара жазылмайды. Әскери тәртіп, қызметтегі жауапкершілік пен тынымсыз еңбек – Рәзияның қайғысын жеңілдетіп, бірте – бірте күнделікті өмірге қайта араласып кетуіне ықпал етті. Шерлі Ана қиын сәтте де сабыр мен рухты мінезін көрсетті.  Оның өмірі – ана махаббаты мен отбасылық құндылықтардың жарқын көрінісі.

Рәзия Ералықызы – тек өз отбасының ғана емес, айналасындағы ұжымы үшін де үлгі боларлық тұлға. Әскери өмірдің қиындығына төзіп, ерлермен қатар жауапкершілік жүгін көтере білді. Осы әскери бөлімде атқарған қызметі елеусіз қалған жоқ. «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін», «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі», «Асыл ана» және басқа да мерейтойлық төсбелгілерімен, алғыс хаттар және құрмет грамоталарымен марапатталды.

Темірдей тәртіпке төзіп, жігерін қайрап жүрген Рәзия Ералықызы биыл мерейлі зейнеткерлік жасқа жетті. Әріптесіміздің отбасына амандық, деніне саулық, еңбегінің зейнетін көруді тілейміз!

Бақыт ӘЛІПБАЕВ,

ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

баспасөз қызметінің бастығы, подполковник.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<