Адал да табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы. Президент халыққа арнаған Жолдауында «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек адамы қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен адал еңбекті бағалаған абзал» деген болатын.
«Қызылорда су жүйесі» мекемесінің өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Маржан Сырманова, «Абай-Дәулет» ЖШС зертхана меңгерушісі Сәуле Шакенова және «Қызылорда автобус паркінің» жүргізушісі Азамат Сисенов өңірлік коммуникациялар қызметінде болып, тәжірибесі мен жұмысы жайында кеңінен айтып берді.
– «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің өндірістік-техникалық бөлімін басқарамын. Негізгі қызметіміз – ауызсу және кәріз суы нысандарын үздіксіз бақылау. Осылайша тұрғындарды таза, сапалы ауызсумен қамтамасыз етеміз. Апаттың алдын алып, инфрақұрылымды дамыту бойынша жоспарлы жұмыс істеп, жоба-сметалық құжаттар әзірлейміз. Сондай-ақ мекемеде базалық зертхана жұмыс істейді. Онда күнделікті су сынамасы алынып, құрамы зерттеліп отырады. Бүгінде ұжымда 617 қызметкер жұмыс істесе, оның 400-ге жуығы жұмысшы маман.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында мекемеде ауқымды тірлік атқарылды. Атап айтар болсақ, кәріз суымен жұмыс істейтін қызметкерлерге шипажайларға жолдама беріліп, айлық жалақысы 20 пайызға артты. Біздің ұжым алдағы уақытта да абыройлы еңбек ете береді, – дейді Маржан Сырманова.
«Абай-Дәулет» ЖШС мекемесінде зертхана меңгерушісі қызметін атқаратын Сәуле Шакенова білікті маман, өзінен кейінгі жастарға білген-түйгенін үйретуде. Нәтижесінде қаншама жас өндірістік тәжірбиеден өтуге келіп, тұрақты жұмысқа орналасуда.
– Менің еңбек жолымды бастағаныма 40 жылдан асты. Ауыл шаруашылығы саласында үздіксіз жұмыс істеп келемін. Биыл наурыз айында зейнет демалысына шығуды жоспарлап отырмын. Өздеріңізге белгілі, біздің шаруашылық күріш өсірумен, өндірумен, мал шаруашылығымен, ас тұзын өндірумен айналысады. Басты мақсат – сапалы өнім шығару. Компанияның өнімдеріне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Соның нәтижесінде Мемлекет басшысының «Алтын сапа», «Парыз» сыйлығының иегері атандық. Бұл жетістік ұжымда еңбек етіп жүрген әрбір қызметкердің адал еңбегінің жемісі деп білемін.
Зертханада өнімнің сапасы тұрақты бақыланады. Әр өнімнен сынама алынып, талапқа сай екені нақтыланғаннан кейін өндіруге жіберіледі, – дейді С.Шакенова.
Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау қызметінің сапасын арттыру, жолаушыларға жайлылық жасау мақсатында жүйелі істер атқарылуда. Осы орайда «Қызылорда автобус паркінің» жүргізушісі Азамат Сисенов жолаушылар тасымалы жауапкершілікті талап ететінін айтты.
– Қоғамдық көлікті тізгіндегеніме 8 жыл болды. Жұмыс таңғы 6:00-де басталып, кешкі 22:30-да аяқталады. Кезекшілік алдында міндетті түрде медициналық тексеруден өтеміз. Күніне шамамен 800-900 жолаушыны діттеген жеріне жеткіземін. Басты талап – жолаушылар қауіпсіздігі.
Қазіргі таңда қала тұрғындарына 285 автобус қызмет көрсетеді, – дейді А.Сисенов.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»






