Қазіргі жаһандану кезеңінде кез келген мемлекет үшін қоғамдық сенім мен басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету – басты талап. Осы ретте қоғам дамуына ең үлкен қауіп төндіретін фактордың бірі – сыбайлас жемқорлық. Ол экономикалық өсімді баяулатып қана қоймай, қоғамдағы әділдік қағидаларын әлсіретеді. Сондықтан жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік құрылымдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Сыбайлас жемқорлық – лауазымды өкілеттікті жеке пайда үшін пайдалану арқылы жасалатын құқықбұзушылық. Оның салдары заңға деген сенімнің төмендеуі, мемлекеттік ресурстардың тиімсіз жұмсалуы, инвестициялық ортаның нашарлауы және жастар арасында құндылық дағдарысының туындауы сияқты әлеуметтік-экономикалық проблемаларға әкеледі.
Елімізде бұл қатерді азайтуға бағытталған жүйелі шаралар іске асуда. Мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы, бюджеттердің ашықтығын қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алулардың жария жүргізілуі – осы бағыттағы нақты қадамдар. Алайда техникалық мүмкіндіктермен қатар, қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыру және құқықтық сауаттылықты арттыру – ұзақ мерзімді нәтижеге жеткізетін маңызды тетік.
Жемқорлықтың алдын алуда қоғамдық бақылаудың рөлі ерекше. Азаматтардың белсенді позициясы мен ақпарат құралдарының ашықтығы мемлекеттік органдардың есептілігі мен жауапкершілігін күшейтеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – үнемі жалғасатын үдеріс. Бұл бағыттағы табыс әр азаматтың саналы ұстанымы мен жеке үлесіне тікелей байланысты. Адалдық пен әділдікке сүйенген қоғам ғана тұрақты дамуға қол жеткізе алады.
Ермек Орынбасар,
Қызылорда облыстық халық шығармашылығы және
мәдени-продюсерлік қызметті дамыту орталығы






