Адам бекерге жасамайды

34

0

Досым ағасы туралы әңгімелеп отыр.

– Қызметтік аядан шыға алмады. Әйтпесе өрісті, білімді азамат еді, шіркін. Бізді білімге баулыған, кісілікке үйреткен Аралбай аға еді. Ажал да Аралбайға аранын ерте ашты. Бүгінде мен сол Аралбай ағам­нан қайда жасым үлкен…

Кеңес досым күрсініп қалды.

Мен оның күрсініп, сағынышты әңгі­мемен еске алатын ағасы туралы қызыға сұрадым. Өйткені Кеңестің ағасын осын­шалық махаббатпен еске алуы бірінші рет емес. Әрдайым осылай. Әрдайым еске алып отырады. Өмір белеңінің сәтті, кейде сәтсіз сәттерінде осылай еске алады. Шамасы, менің орнымда Аралбай ағам болса не істер еді деп ойлайтын болса керек. Демек, өміріне өлшем тұтқаны.

Байқай бермейміз. Әйтпесе, өзінен бұ­рын өзгені ойлайтын, жан дүниесімен ай­на­ласын нұрландырып жүрер азаматтар бо­лады. Қарадай ру-руға, тіпті ата-атаға бө­лініп, қу сиырдың бүйрегіндей қырық бөлек болып бара жатқан мына өзімшіл қазақ қоғамына бір жетпесе, сондай жаны нұрлы, алысты жақындатып жүрер, қазақ қоғамын аламалай-бөлмей тұ­тас сүйер жай­саң азаматтар жетпей жата­ды. Ондай жан­дар азайып кетті ғой, азайып кетті.

Аралбай азайып кеткен асыл жандардың бірі болған екен. Теміржолшының отба­сында дүниеге келген. Жастай өнер-білімге құштар болып өсіпті. Жеткіншек кітапқа үйірсек болса ке­рек. Өспірім шақтан театрға әуестенген. Облыс орталығында жоғары педагогикалық білім алыпты. Оқу орнының комсомол же­текшісі болыпты. Қызылорда қалалық жас­тар ұйымында, облыстық партия коми­те­тінде жауапты қызмет атқарыпты.

Қызметті кісі әрқилы істейді. Біреу өз міндетін ұқыпты атқарады. Жетеді. Біреу өзінен қызметі төмендеу лауазымды­лар­ға ықпалды болады. Кейде адуын мінез­бен, кейде кішіпейіл мінезбен жетек­ші­лік жа­сайды. Болады. Енді біреу қыз­меті тө­мен бола тұра өзінен жоғары лауазым­ды кі­сілерге ықпалы жүреді. Біреуі жағы­нып ықпал етеді. Күні құрсын ондай «ық­пал­дың». Келесісі өзінің абырой-беделін сақ­тай отырып ықпал етеді. Жұрт қамын жейтін, істің көзін табатын, елдің сөзін табатын шынайы ықпалдылық, міне, осы!

Кеңес досым әкеліп берген бұрқыраған қағаздардан менің көргенім, оқығаным, оқып болып танығаным осы болды. Дос ағасы Аралбай көпшіл, принципшіл, үлкен мен кішіге бірдей ықпалды, білімді, алғыр абзал жан болған екен.

Өзі домбыра тартып, ән салады екен әуелетіп. Өзбекстанның тамаша әншісі, КСРО Халық әртісі Батыр Закировпен дос болуына да оның осы музыкалық білімі, туа біткен табиғи білімі себепкер болса керек. Аралбай бейнесінде Батыр Закиров кәсіби музыкант, тамаша өнерпазды таныпты. Та­ныпты да, дос тұтып өмірінің ақырына дейін сезімін де, сенімін де ақ сақтапты. Жиі-жиі Ташкентке сапарлап, Ташкенттегі досын Қызылордаға шақырып, жиі араласыпты. Сықиған партия қызметкерінің бұл әрекеті уақытының партиялық этикасына қалай сыйған қайдам? Сыйыпты. Рахмет!

Жазушы ағайын келсе, облыстық партия комитеті Аралбайды іздей бастайды екен. Әсіресе, досы жазушы Қалтай туған жеріне келсе, ауылдасы Шарипаның қолын алар-алмастан Аралбай досын іздейді екен. Үйіне түседі, тізе қосып бір жүреді. Пікірлеседі. Спектакль қойылымын бірге тамашалайды. Бірге талдайды. Шыңғыс Айтматов сынды байыпты досына Аралбайды таныстырған да Қалтай. Сондағысы не? Не себеп? Сон­дағысы – Аралбайдың білімділігі. Кәнігі әдебиетшідей пікір сабақтап, пікірін бетке айтатын дағдысы ұнаса керек. Ұнаған, пі­кірі кәсіптік шеңберден табылған шығар, әйтпесе, пьесасы бойынша спектакль Моск­ва театрларында қойылғанда да қолқалап Аралбайды Қызылордадан бірге ала кетеді екен.

Қалтайдың қияметтік досы Шыңғыс Айтматов Қызылордаға барған сапарында Аралбайдың үйінде болып, оның адами тұлғасына, әдеби біліміне қайран қалыпты. «Алғаш кездескенде ол уақыттың партия қызметкерлеріне кездесе бермейтін білім, жан-жақтылық, бай дүниетанымы қайран қалдырды. Ұлы ақындардың өлеңін жатқа соқты. Домбырада ойнап, ән шырқады», – деп еске алады. «1966 жылы Ыс­тық­көлде демалып жатқан жерінен келіп, Қыр­ғызстан Жазушылар съезіне қатысты», – дейтіні тағы бар. 1967 жылы Аралбайдың үйінде болған Шыңғыс: «Был приятно удив­­лен его богатой библиотекой», – дейді та­ңырқасын жасыра алмай. 1972 жылы «Көк­төбедегі кездесу» «Современник» теат­­рына дайындалып жатқанда театрдың бас режиссері Галина Волчекпен талдау жү­реді. «Арекен также живо участвовал в этой беседе», – дейді Шыңғыс аға тағы да сүйсініп.

Ол дос-жаран жүрген қаламгердің бірі түркмен жазушысы Даулет Есенов екен. Ол да бір қимас достық болса керек. Бірде Қалтай аға «Аралбай, досым, сен жазатын Қалжан типтес білімді адам едің. Жазушы, әйтпесе профессор болатын-ақ адам едің. Менің пьесаларым бойынша қай жерде, қандай спектакль қойылады? Тіпті Мәскеу­де қойылса да. Ол ерінбей-жалықпай арнайы келіп көреді. Талдауға қатысып, белсене пікір айтады. Айтқанда да осындағы мына біздің Оразай Батырбековтердің аузын ашқызып тамаша талдап айтады. Қайтсін? Өзі жастайынан өкпе ауруынан азап шекті. Кейін рак деген пәлеге ұшырады. Ерте кетті», – дегені бар Аралбай Махамбетовті еске алып.

Кеңес досым әкеліп берген қағаздардың арасында аранын ерте ашқан ажал шір­кінмен арпалысып жатып інісіне (К.Махам­бетовке), ұлдарына, жарына жазған аманат сөздері бар екен. Оқып отырып денем тітір­кенді, арқамнан құмырсқа жүріп өткендей жыбырлады.

Өлім шіркіннің келіп қаларын біліп сөйлейді. Мойынсұнбай. Бірақ мойымайды. Адам баласына бір келетін өлім. Бірақ ажал­ды қалай қарсы алу туралы батыл сөй­лейді. Ажалдың алдында «құлым» қал­мас үшін әрбір адам азаматтық биігіне кө­те­ріле білуі керектігін талмай айтады. Санкт-Петербургтен жоғары білім алған, мем­ле­кеттік қызметке араласып үлгерген інісіне: «Егер абыройлы боламын десең, басшыңа да, қарамағыңдағы бағынышты қыз­меткерлеріңе де бірдей қара, бірдей бол. Ашуыңмен емес, ақылыңмен басшы­лық жаса. Ақылыңа мол білімің серік бол­сын. Ұлттық дәстүр аясынан шығып кетпе. Ұлттық біліміңді молайт», – деп аманат­тапты.

Ұлдарына: «Ажалдан қашып құтылған адам жоқ мынау өмірде. Қорқыт аталарың Сырдария жағасында жатыр ғой. Ол кісі де құтылмаған ажалдан. Ажалдан қашып келіп жеткен жері – Сыр бойы! Тек ажал сендердің әкелеріңе қарағанда ертерек сал­ды. Қырық жас деген немене? Алайда мен ажалдың бетіне тура қараймын. Өлімнен қорықпаймын. Жүрегім ақтық сәтін соққан­ша беріспеймін. Қорықпайтыным – жоғары лауазымды қызметтер атқара жүріп, өзім­­нің алдымдағы азаматтарға өтірік сөйле­медім, жағымпаз болмадым, сырты­нан ғай­бат сөйлемедім. Не айтсам бетіне айт­тым, жаным ашып айттым. Сондық­тан олар­мен дос болдым. Өзімнен кейінгі жас­тар­ды шамам келгенінше қоғамға берілген, адам­дарға адал, іскер етіп тәрбиеледім. Өзім­нен асып түссе деп армандай жүріп тәр­биеледім. Алаламадым. Бөлмедім. Бәріне бірдей қарадым. Сондықтан олармен қыз­меттес қана емес, дос болдым.

Мен өмірден өткен соң не менің басшым болған, не қосшым болған азаматтардың бірі де сендерді көзтүрткі етпес. Қолынан келгенінше қамқор болар. Есесіне сендер де Аралбай Махамбетовтің балаларымыз деп кеуделерің ашық, жүздерің жарқын жү­ріңдер. Өкінішім, жас қалып барасыңдар. Аяулы аналарың аялар, қиналсаңдар, ме­нің қызметтес болған достарымның қай-қайсысы болсын, сендерге қамқор қолын соза алады.

Алайда сендер де, менің қимас пер­зент­терім, оларға мендей адалдық таныта біліңдер.

Өз орталарыңда алар орындарың бол­сын. Ол үшін адамгершілік сабақтарын бой­ларыңа ұялата біліңдер. Жан-жақты мол білім алыңдар. Сонда мұраттарыңа жете­сіңдер!

Мен сендерге дүние қалдыра алмадым, есесіне тәрбиелі ұрпақ – сендерді мынау дүниеде қалдырып барамын деп көңілім тоқ, – деп жазыпты.

Перзенттеріне деген әкелік мейірімін тө­ге отырып балаларына адами ізгілікті ама­нат етіпті. Әрине, өкініші де көп. Де­ген­де, өкінішін жұбанышына жеңдіре сөй­леп­ті. Айналасын, ұрпағын жігерлендіре сөйлепті.

Уақыттан оза туған осындай адамдар болады. Көрініп қалайыны жоқ, бетегеден биік, жусаннан аласа тірлік кешеді. Есе­сіне, айналасына адал мейірім, кісілік шуа­ғын шашып өтеді өмірден. Әдетте біз қазақ қоғамы қалай жақсарады деп жата­мыз басымызды қатырып. Оған жауап тап­қандаймын. Қоғамда жақсы адамдар, жайсаң жандар көп болса, қазақ қоғамы жақсарады. Өйткені адам – қоғамның басты байлығы! Ал білім, ізгілік, адамгершілік, қамқорлық – адамның басты байлығы. Арал­бай – сондай адамның бірі. Ұрпақ бойына дүние қалдыра алмадым деп емес, еселенген білім мен есті тәрбиені әлі де молынан егіп үлгере алмадым деп өкініп бара жатыпты марқұм мынау жалған дүние есігін жабарда…

…Досым ағасы туралы әрдайым әңгі­мелейді. Ол ағасы жайында әңгімелеген са­йын көз алдыма бірсыпыра жыл Қызылорда облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған, үлкен-кішіге бірдей сыйлы болған, толық білім, кәміл кісілік иесі бола білген азамат бейнесі елестейді. Қаншама үлгі-өнеге қал­дырып өткен азамат! Мынау қазақ қоға­мына бір жетпесе ізгілік жетіспейді.

«Адам бекерге жасамайды» деймін мен досыма! Адам бекерге жасамайды.

Құлбек ЕРГӨБЕК,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты