Адамның көркі – сөз

1440

0

Жазушы-журналист Еркін Әбіл ағаның ғибратты әңгімесіндегі мына бір жолдарды оқыған адамның ойға қалмауы мүмкін емес. Онда былай деген: … Қорлық та өлімнен күшті көрінеді. Әсіресе, ол адал адамға ауыр соғады. Шаншу болып қадалатын шайпау сөз қате тисе де, бата тиетіні сондықтан. Ойландыратын жайт! Өмірде не болмайды, көресің де, естисің де! Ойланбай, мән бермей айта салған бір ғана жағымсыз суық сөздің ызғары ішкі сарайыңды аяздай қарып, қылдан нәзік көңіл жиегін үсітіп, тіпті сан тарауға дамылсыз жылу беріп тұрған жүрек-пешінің сыртқа мейір төгетін бір түтігін мұз ғып бітеп тастайды екен!

Адам қалай сөйлесе де өзі біледі емес пе дерсіздер, әрине біреудің аузына біреу қақпақ бола алмайды, дегенмен де адам бір-біріне қарап бой түзейді емес пе? Жалпақ шешей боп, қайсыбірінің көңіліне қараймыз дейсіздер ғой… «бір тұтам бұлт та күнді қалқалай алады» демекші, бір ауыз сөзден де бір-бірінен безіп жатқандар өмірде аз ба? Бір ауыз жақсы сөз де көңілдегі дақты өшіреді. Жарайды, кейде ашумен айттық делік, «айтылған сөз – атылған оқ» деген, оқты алғанмен орны жара болады, жара жазылғанмен тыртық боп із қалады. Осындай із қалдырмас үшін ойланып, абайлап сөйлеген жөн шығар! Ойланбай айтқан сөз опық жегізеді. «Сөйлеу үшін бойлау керек, жұту үшін шайнау керек» деп ардагер-ұстаздың айтқаны бар. Сөйлей білу де мәдениеттілікке жатады. Ойнап айтсаң да ойланып айт! Кейде «бір сөзге бола өкпесі қара қазандай болғаны несі?» деп те жатады, мәселе сол бір сөздің төркінінде, салмағында емес пе?

«Жаманның айтпадым жамандығын, жақсылардан ұялдым» деген ақын өлеңі еске түседі. Өмір болған соң жақсы да, жаман да бар. Бұл – заңдылық! Сөз түсінбеске «қасиетті сөздің қадірін түсірмейін» деп, үндемейсің. Адам көркі сөз десек, сөздің көркі ой емес пе? Саналы адамның ойланбауы мүмкін емес. Кезінде «оқымадық» деген бабаларымыздың өзі «ұлы сөзде ұят жоқ», «естіген құлақта жазық жоқ», «сөз орайы келгенде айтайын», «әзілің жарасса, атаңмен ойна» деп, алдын-ала ескерте отырып, көңілге тимейтіндей жайлы жеткізе білген, сөздің құдіретін түсінген. Сөз сүйектен өтеді. Көркем ойдан туған сөз тұщымды, көңілге жағымды тимей ме? Шіркін, әр пенде ішкі жан сарайының рухани сандығын көркем де жауһар ойлармен толықтырып отырса, қай кезде кімге ашса да ішінен әдемі де сұлу сөз маржандары шықпай ма?

Иә, онсыз да қысқа ғұмырда, нарық қысқан, пейілі тарылған заманда көңілімізге дақ түсірмей, дым бермесек те, жылы сөзімізбен бір-бірімізге дем бере жүрейік. Мен жазушы емеспін, ойымды діттеген жеріне дейін жеткізе алмаған да шығармын, сонда да болса тоқсан ауыз сөзімді «Есті адамнан есер сөз шықпас болар» деген тобықтай ғана сөзбен түйіндедім.

Бибісара Кенжебекова-Омарова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<