Әбсадықовтар әулеті үздік атанды

105

0

Республика күні қарсаңында Астана қаласында дәстүрлі «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Елдің түкпір-түкпіріндегі өнегелі әулеттерді біріктіретін, татулық пен бірлікті дәріптейтін шараға облыстық кезеңнің үздіктері қатысты.

Салтанатты жиында Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшім­баев отбасы институтын ны­ғайту бағытында мемлекет тарапы­нан жүзеге асырылып жатқан бас­тамаларға тоқталды.

Биылғы «Мерейлі отбасы» ұлт­тық байқауында Қызылорда облы­сының намысын қорғаған Әбса­дық­овтар отбасы жеңімпаз атанып, мерейі үстем болды. Еңбегімен ел­ге үлгі болып, ұрпақ тәрбиесінде өне­ге көрсеткен әулет көпке сыйлы. Бірлігі мен татулығы бекем, ын­ты­мағы жарасқан әулеттің отағасы Жақ­сылық Әбсадықов ұзақ жылдар  ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етіп, зейнетке шыққан.

Саланың дамуына елеулі үлес қосқан ардагер «Социалистік жа­рыс­тың жеңімпазы» белгісінің ие­гері және Сырдария ауданының әлеу­меттік-экономикасының да­муы­на елеулі үлес қосқаны үшін ау­дан­­ның 90 жылдық мерекелік меда­лі­мен марапатталған.

Тамыры тереңге жайылған Әб­садықовтар отбасында 6 баладан 29 немере мен 47 шөбере өніп-өсуде. Отбасы мүшелері түрлі салада еңбек етіп,  ел дамуына үлес қосып келеді. Ұрпақтар сабақтастығын, еңбектің қадірін, рухани құндылықты үлгі тұтады. Шаңырақ шаттығын, бақы­тын, берекесі мен бірлігін ерекше ба­ғалайды. Мұндай өнегелі әулет жас­тарға үлгі, қоғамның тірегі екені сөзсіз.

Байқау жеңімпаздарына диплом­дар мен арнайы сыйлықтар, сертификат табысталды. «Ме­рейлі отбасы» жобасы жыл сайын ел ішіндегі татулық пен рухани бірлікті нығай­туға бағытталған маңызды бастама ретінде жалғасып келеді.

«СБ» ақпарат