Әділетті қоғамға бастайтын жол

4

0

Кеше облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетовтің қатысуымен Конституциялық реформаға арналған кездесу өтті. Оған Қазақстанның Еңбек Ері, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Имамзада Шағыртаев, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, бизнес-қоғамдастықтар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.

Облыстық мәслихат төрағасы еліміздің келешегі, демократиялық, әлеуметтік, құқықтық мемлекет ретінде орнығуы ең алдымен Ата Заңның мазмұны мен маңызына тікелей байланысты екенін атап өтіп, бірқатар маңызды өзгеріске тоқталды.

– 2026 жылғы 21 қаңтарда Конс­ти­туциялық комиссия құрылды. Осы ко­мис­сия құрамында Сыр өңірінен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың болуы – аймаққа деген сенімнің, атқарылып жат­қан жүйелі жұмыстың және оның нәти­же­сінің жоғары бағалануының айқын көрінісі.

Сонымен қатар, комиссия құрамына Қазақстанның Еңбек Ері Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлы және облыстық мәслихат төрағасы ретінде мен де қосылдым.

Бұл өзгерістер өз кезегінде халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Жаңа Конституция – бұл жай ғана заң емес, әділетті қоғамға, ашық мемлекетке бастайтын жол.

Жалпы алғанда, ұлттық құндылықтар мен елдің идеялық бағдарын Конституцияның кіріспесінде бекіту, адамның ең жоғары құндылық ретіндегі мәртебесін нақтылау және неке мен отбасы институтының Ата Заң деңгейінде қорғалатыны қуантады.

Бұл Конституциялық реформа Қазақстанның тұрақты дамуына, құқық үстемдігіне және әділетті қоғам құруға берік негіз қалайды, – деді мәслихат төрағасы.

Жиында сөз алған Қазақстанның Еңбек Ері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Имамзада Шағыртаев, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев Конституциялық реформаның маңыздылығын атап өтіп, оның қоғам өміріне оң ықпалын тигізетінін, азаматтар құқықтарының күшейетінін және мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ететінін жеткізді.

Жиын соңында облыстық мәслихат төрағасы жаңа Конституцияның елдің бірлігі мен тұрақ­тылығын, азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарын нығайтуға бағыт­талғанын атап өтіп, реформаларға қолдау білдіру әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін жеткізді.