Әйел әрі әдемі, әрі әрекеті әлеуетті

347

0

Фото: қала әкімдігі

Қызын арға, ұлын нарға балаған қазақтың қайсар қызы – Сұлутөбенің сұлуы Бақытгүл Жаппасбаева.

Өнегелі ұядан ұшқан ұлағатты қыз өзінің сүйікті мамандығы есепшіліктен басталған еңбек жолын Қызылорда қаласында жалғастырды. «Тасбөгет» мекемесінде инспектор, «Қызылорда су жүйесі» МКК оператор-кассир болып, мол тәжірибе жинады. Жүктелген жауапкершілік пен сенімді ақтап, өзінің еңбекқорлығын, ізденімпаздығын сан мәрте дәлелдеді.

Осындай озық ісі мен тиянақты тірлігі бағаланып, 2014 жылы «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің №6 аумақ бойынша бастығы болып тағайындалды. Қазір ол әріптестеріне қолдау жасап, тұтынушыға сапалы қызмет көрсетудің үлгісін қалыптастырды. Бақытгүл басқаратын аумақтың еңбек өнімділігі әркез жоғары.

– Жер бетіндегі ең нәзік дүние – әйелдің махаббаты ғой. Сол айтқандай, мен үшін бірінші парыз – аналық борышым. Жолдасым – жігерім, ұл мен қызым –бақытым. Ата-бабамыз әйел затын перзентін жоқтан бар ғып өсіретін, ұрпақты адам етіп тәрбиелейтін, ел мен елді ұйыстыратын ел ұйытқысы деп қастерлеген емес пе, сондай қасиет иесі болу барлық анаға биік мәртебе. Көктемнің керемет мерекесі 8 наурыз –Халықаралық әйелдер күнінде біздің адал борышымызды қоғам болып құрметтеуі жанымызды жадыратып, көңілімізді көтеріп келеді. Осыған дән ризамыз. Ал, еңбек ету – тек күнкөріс ғана емес, елмен тығыз байланыста болып, қаламыздың өркендеуіне өз үлесімізді қосу деп білемін, – дейді Бақытгүл Жаппасбаева.