Әлеуметтік саланың бағыты халықтың әл-ауқатымен сараланады

5

0

Әлеуметтік сала реформаларының басты мақсаты – халықтың тұрмыс жағдайын, өмір сүру сапасын арттыру. Бұл саланың жұмыс нәтижесі де халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайының тұрақталуымен өлшенеді. Бүгінде жұмыстар мен жобалар жетерлік.

Басқарма бірнеше бағытта жұмыс атқарады, екі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бес арнаулы әлеу­меттік қызмет көрсету орталығы бар. Ат­қа­рылған жұмыстардың нәтижесінде халықты тұ­рақты жұмысқа орналастыру бойынша респуб­ликада алдыңғы орынға енді. Биылға 46560 жұмыс орнын құру жоспарланса, 11 айда 43318 адам жұ­мыспен қамтылған. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 3525 адам оқыса, «Электронды еңбек биржасы» порталы арқылы 36966 онлайн оқудан өтіп, біліктілігін арттырды.

Облыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеу­меттік бағдар­ламалар бас­қар­масының басшысы Ғабит Жаңабаевтың айтуынша, жыл басынан 109 рет бос жұмыс орны жәрмеңкесі өткізіліп, 1648 адам тұрақты, 744 адам уақытша жұмысқа орналасты, 4729 адамға кеңес берілген.

– Жұмыс күшінің ұтқыр­лығын арттыру үшін сол­түстікке 80 отбасы  қоныс ау­дарды. Мүге­дектігі бар адам­дарды еңбекке тарту кво­тасымен 76 адам жұмысқа орналасты. Жұмыссыздық дең­гейі 4,8-ден 4,6 пайызға дейін айтарлықтай төмендеп, рес­пуб­ликалық көрсеткішпен бір деңгейде қалыптасты. 

Оңалту құралын пайдалануды үйренуде

Әлеуметтік қолдауға мұқ­таж жандардың бірі – мү­гедектігі бар адамдар. Ор­та­лық­тандырылған дерек­тер қо­рына қарағанда, 34 мың­нан ас­там мүгедектігі бар адам тіркелген.

Әлеуметтік қызметтер пор­талы арқылы 35604 мүге­дектігі бар адамның 33368-і оңалтудың жеке бағ­дар­ламасына сәйкес техникалық оңалту құралдарымен қам­та­масыз етіліп, 93,8 пайыз болды. Облыс көлемінде 2023-2027 жылдарға 1830 әлеуметтік инфрақұрылым объектісін бейімдеуден өткізу жоспары белгіленді. Биыл мәдениет, ден­саулық сақтау, білім беру, транспорт, жеке сектор, әлеуметтік және спорт саласы бойынша жоспарланған 360 нысанның 344-не бейімдеу жұмыстары  жүргізілді.

Облыста инватакси қыз­метін 67 автокөлік көрсетеді, 12 автокөлік кресло-арбамен жүретін мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген. Оған бюджеттен 268,9 млн теңге бөлініп, жыл басынан бері 1742 адам инватакси қызметімен қамтылды.

Облыста ерекше қажет­тілігі бар азаматтардың еркін қозғалысына, қоғам өміріне белсенді араласуына және әлеуметтік бейімделуіне жағ­дай жасау үшін «INTERTASCO» ЖШС Қызылорда облыстық мүгедектер қоға­мына инватакси автокөлігін сыйға тартты.

Арнаулы әлеуметтік қыз­меттер көрсету балалар орта­лығы базасында 2024 жылдан іске қосылған «Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы бар.  «Қазақстан халқына» қо­ғам­дық қоры 95 оңалту құ­ралын алды. Бүгінде реа­би­литолог мамандар 142 балаға оңалту құралын пайдалануды үйретуде.

Биыл екінші жыл барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдарға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек беруге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 25 қазан Ұлттық мереке – Республика күніне орай төленді.

Атаулы көмекті алатындар азайды

Бұрын атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін түрлі амалға баратындар көп еді. Қазір көмек тек шын мұқтаждарға берілу керек деген Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Облыста мұндай көмекті 3708 отбасы алады.

Еңбекке жарамды жастағы 413 адам жұмыспен қамтылды. Аз қамтылған 814 отбасына тұрғын үй көмегі төленді.

Жекелеген санаттағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін 9061 адамға әлеуметтік төлем берілген. Бюджеттен тыс көздерден көмекке мұқтаж халықтың әлжуаз топтарынан шыққан отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетіліп келеді.

Биыл стационарлық және жартылай стационарлық жағ­дайда 2746 адам­ға арнаулы әлеуметтік қыз­мет көрсетілді. Облыстық бюд­жеттен бөлінетін қаржы көлемі артып, орталықтардың материалдық-техникалық база­лары жыл сайын жаңартылуда.

Облыста мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Са­мұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 260 адамға, «Шағын кәсіпкер әйелдерінің қоғамы» қоғамдық бірлестігі адам саудасының құрбанына ұшыраған 32 жанға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»