Сыр өңірі – талай өнерпаздың түлеп ұшқан қасиетті мекені. Бұл топырақтан қаншама жыршы-жыраулар, күміс көмей әншілер шыққанын тарихтан білеміз. Солардың ізін жалғап, қоңыр даусымен елдің жүрегін жаулаған жас таланттардың бірі – Айдос Шадаев.
Айдос 1994 жылы Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылында дүниеге келген. Бала кезінен әнге әуестенген ол өнердің биік шыңына шығуды армандап, Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыкалық колледжіне вокал әндері мамандығына түседі. Бұл жерде ол классикалық бағытта білім алып, өнер жолының табалдырығын аттады. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, қазақ өнерінің майталманы Хафиз Қадірұлының шәкірті атанды.
– Классикалық жанрда сегіз жыл бойы білім алдым. Бірақ уақыт талабына сай эстрадаға бет бұрдым. Өйткені бізде опера тыңдарманы аз. Еңбекпен дайындалған дүниені санаулы адам тыңдап, кейін архивте қалдырғанша, халық сұранысы жоғары жанрда өнерімді жалғастыруды жөн көрдім. Эстрадада да өз тыңдарманымды таптым деп сенемін, – дейді әнші.
Студент кезінде Айдос «Voice» квартетінің құрамында өнер көрсетіп, түрлі байқауларда бақ сынады. Әсем дауысымен елге танылып, республикалық сахналарда өнерін паш етті. Қазір ол туған өлкесіне оралып, облыстық филармонияның әншісі атанды.
Айдостың басты арманы – қазақ әнін шетел сахналарында шырқау.
– Қазақ әнін ел ішінде орындап қана қоймай, әлемге танытсам деген арманым бар, – дейді ол.
Жас әншінің жетістіктері де айтарлықтай. Ол республикалық жас орындаушылар конкурсының жүлдегері, «Сыр жұлдыздары» эстрадалық байқауының жеңімпазы. 2022 жылы «Адажио» тобының құрамында жүріп Роза Бағланова атындағы республикалық байқауда I орын, дәл сол жылы Рамазан Тайманов атындағы байқауда да I орын иеленді.
Сырдың қоңыр үнді әншісі Айдос Шадаев – ұлттық өнерге өзіндік өрнек қосып келе жатқан жас талант. Айдостың әр әнінен Сырдың самалы, қазақ даласының кеңдігі сезіледі. Қоңыр үн – оның табиғи болмысы. Өнердің шыңына шығу жолы оңай емес, бірақ Айдос сол соқпақта талмай еңбек етіп келеді. Ән қанатында самғаған жас өнерпаздың мақсаты – тек туған елін ғана емес, күллі әлемді қазақтың қазынасындай әуезді әнімен тамсандыру. Талабы таудай Сырдың топырағынан түлеген жас әншінің даусы әлі талай елдің төрінде әуелейтініне сенім мол.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»





