Иә, ән – көңілдің ажары да, бойды сергітер базары да, есте қалатын естісі де, есті кетірер есері де бар екені баршаға аян. Әсем әуен еңбектеген баладан бастап еңкейген қартқа дейін жанына жағымды да жақсы әсер ететіні жасырын емес.
– Өмір – өзен,
Ұқсас Сыр мен Жайыққа,
Жастар мінген Шәмші айтқан «Қайыққа».
Жан сырларын жайып салып жасырмай,
Талай тағдыр тоғысты сол «Қайықта…».
Сол жұптардың жасы бүгін сексенде,
Жетті солар сыйласумен сексенге.
Шынайы сезім сейілмек емес санадан,
Шын махаббат жоқ дегенге бек сенбе!
Шынайы, пәк, шын махаббат – санадағы сезімнің ең биік шыңы. Бойдағы нәзік сол сезімге өнердің де тікелей әсері бар. Сонау 1960-1980 жылдар аралығындағы ақындардың жазған өлеңдері табиғаттың тамаша әсем көріністерімен астасып жататын. Сол кездегі ақындардың жазған өлеңдерінде «сүйдім, күйдім, келсең кел, келмесең қой, мен де сені сүймеймін» деген сияқты шыдамсыздық сезімдегі сылдыр бос іркес-тіркестер тіпті болмайтын. Ән әлемінде айқай-шу, тарсыл-тұрсыл, құйқа тамырды шымырлатып жіберетін шыңғыру мүлде болмайтын да естілмейтін. Әннің әсем ырғағы адам жанына керемет әсер беретін еді-ау. Мысалы «Қайықта», «Арыс жағасында», «Ақмаңдайлым», «Алтыным», «Сыр сұлуы», «Әлі есімде» сияқты тағы басқа көптеген өлеңдердің сөзіне жазылған әндердің өзі де, сөзі де адамды еріксіз баурап алатын….
«Қазір заман басқа, адам басқа, талғам мен талап басқа. Эстрада, тағы басқа…» дерсіз. Дұрыс-ақ делік. Дегенмен, ұлтымыздың өзіндік өнегелі өсиет сөзі мен ұяңдау нәзік үні бар емес пе еді?! Оны да естен шығармаған жөн-ау. Әйтпесе, басқаға еліктеп ереміз деп…
Қазыбек Әшірбекұлы





