Бала күнімізден әндері құлағымызда қалды. Мақпалдай жұмсақ, әсемқоңыр, ғажайып саз жүректі тербеп, тыңдай бергіміз келетін. Ол жылдарда телевизор дегенің жоқ. Хабар, бар жаңалық, бар концерт әрбір үйге тартылған кішкене қорапша радиодан берілетін. Оның салған әндерін қалың елі қалт жібермейтін. Анық айтқан сөздері мен әуені үйлесе кететін. Әндерін өзіне ғана тән мәнерімен құбылта қайырғанда, құлпырып шыға келетін. Ол саналы ғұмырын әнмен өрнектеген ғажайып әнші Жамал Омарова еді. Тыңдаған жанның сағынышына айналған Жамал апамыз туралы аға буынның айтары аз емес. Табиғаттың сирек туындысы, қайталанбас дара тұлға халық жүрегінің төрінен берік орын алды, дауысы ұрпақтан ұрпаққа жетті және жалғасын таба берері сөзсіз.
Жамал Омарова 1912 жылы Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Жаңажол ауданы, «Қауыншы» ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан әнге әуес болып өседі. 1925 жылы Ташкент қаласында өткен балалар олимпиадасында бас жүлдені иеленеді. Әкесі репрессияға ұшырағасын 16 жасынан бастап Ташкент радиосында ән салып, отбасын асырапты. Рабфакта, Тау-кен институтында оқып жүрген кезінде де жұртты әншілігімен тәнті еткен. Жамалдың өнерге нық қадам басуына әкесінің үзеңгілес досы, Қазақстанның халық әртісі Құрманбек Жандарбеков себепші болды. Бірнеше халық әндерін үйретті. Сөйтіп ән салуға төселе бастайды. 1934 жылы қазақ музыка театры ашылып, Жамал Омарова соған шақырылды. Ол «Шұғадағы» Мақпал, «Айман-Шолпандағы» Айман, «Қыз Жібектегі» Қамқа образдарын сомдады. Арасында Қазақ радиосында ән салып тұрады.
«Алтын қорда» Жамал апаның 70-ке тарта әндері бар көрінеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқанда үш ән орындайды. Олар – «Ертіс», «Ләтипа» және «Қараторғай». Әншінің әсерлеп қайырған әндеріне қошемет білдірген Мәскеу көрермендері сатырлата қол соғып, әрбір әнін екі реттен қайталатқан. Осы сәтте келген Михайл Калинин «Жаңағы ән салған Қараторғай ма, онда тыңдайық» деп отыра берген. Сонымен «Қараторғай» әні үш рет шырқалады. Калинин бір жыл бұрын қызметтік сапармен Алматыға келгенде Жамалдың «Қараторғайын» тыңдап кеткен екен. Онкүндіктің көркемдік жетекшісі Ахмет Жұбанов былайша еске алады:
– Ертесіне бәріміз асыға күткен қорытынды концерт өтетін болып, Затаевич әншілер кіретін есіктің алдында мені күтіп тұр екен. Жылы лебізін білдіріп, қолымды қысты.
– Рахмет Александр Викторович, сіз үшін Жамал Омароваға Сырдың «Қараторғайын» орындатамын, – дедім.
Қорытынды концерт жоғары деңгейде өтіп, үлкен ризашылық тудырады. 1937 жылы Жамал Омарова Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияға әнші болып орналасты. Ел аралап концерт берді. Бірнеше ұлттың әндерін білетін. 1939 жылы өткен эстрадалық әншілердің бүкілодақтық байқауында жүлдегер атанды. Осы жолы ол өзбек халқының «Чайлик» әнін келістіре шырқайды. Ән Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған.
Соғыс жылдарында Жамал Омарова дербес өнер бригадасын жасақтап, Солтүстік Батыс және Қиыр Шығыс майдандарына барған. Оқ пен оттың арасында жүрген жауынгерлердің алдында ән салды, рухын көтерді. 1945 жылы Мәскеудегі Одақтар үйінің колонна залында жеке концертін берген.
Өмірде аңқылдаған ашық, қамқоршы әрі жан-жағына мейірім-шуағын шашып жүретін жандар болады. Жамал апамыз сондай кісі болса керек. 1956 жылы Ташкенттегі музыкалық училищеде оқып жүрген Шәмші Қалдаяқовты Алматыға алдырып, консерваторияға түсіреді. Ол туралы Шәмші былай деп жазады: «Жас күнімде Жамал апамның үйінде тұрдым. Ол кезде халықтың тұрмысы нашар болатын. Бірақ Жамал апаның дастарқаны мол. Сол үйдің үлкен баласындай болдым. Жағдайым жаман болған жоқ».
Шәмші Қалдаяқов ақын Жұмекен Нәжмеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстаным» әнінің нотасының жоғарғы бұрышына: «Апатайым Жамалға» деп жазып беріпті. Әнді алғаш орындаған да Жамал Омарова еді. Содан соң Қазақ радиосы «Менің Қазақстанымды» күнделікті беріп тұрған. Шәмшінің «Қайықта» әнін де алғаш орындаған екен.
Жамал Омарова Алматы қаласының қазіргі Қонаев көшесі №135 үйдің 75 пәтерінде тұрған. Дереккөздерде кейінірек әншінің бөлмесінде сақталған құжаттарды жинастырып және шығармашылық өмірінен деректі фильм жасағаны жазылады. 1960 жылы «Қазақконцертке» ауысып, жеке құраммен еліміздің түкпір-түкпірін аралап, өнер көрсетті.
Ұмытпасам, 1961 жылдың күзі еді. Кеңшар еңбеккерлерінің еккен егінін жинап алып, көтеріңкі көңілде демалып жүрген күндердің бірі болатын. Ауылға концерт келді. Кешкілік жұрт тайлы-таяғы қалмай клубқа жиналды. Бір күн бұрын концерт жетекшісі Жамал Омарова деп хабарлама ілінген. Концерт жүргізуші Тынышбек Бұйрабаев дауыс интонациясы ашық, ділмар екен. Сахна шымылдыған әсірелеп, келістіріп ашты. Есімде қалғаны биік сәукеле және кең етек көйлек пен оюлы қамзол киіп шыққан Жамал апайдың керемет жарасымды кейпі еді. Неше түрлі асыл тастармен безендірілген сәукелесінің салмағы 7 келі тартады екен. Сондықтан оны сахнаға шығар кезде ғана киген депті әншінің қызы Жұпар Омарова. Сол жолы ол Константин Ошлаков деген баяншының сүйемелдеуімен «Бипыл», «Сәулем-ай» әндерінен бастап, Шәмші Қалдаяқов пен Әбілахат Еспаевтың бірнеше әндерін тамылжыта орындаған. Тыңдарман қауым дуылдата қол соғып, сүйікті әншісін сахнадан жібермеді. Кімнің шығарған әні екенін қайдам, бір тамаша әннің қайырмасы есімде қалыпты:
Өзің сәулем іздегенім
Кездесуге жүз келемін
Сөйлесуге тіл жетпейді
Қиын екен қыз дегенің.
Балалық ғой, «жүз келгені несі» деген ойлағам.
«Айта айта Алтайды, Жамал апа қартайды» деген сөз тіркесі беріге дейін қолданылып келді. Ал енді «Алтай» әні қалай туды, соған келейік: композитор, өнер зерттеуші, Еңбек ері Ілия Жақанов естелігінде: «Бір жылдары Жамал Омарова гастрольдік сапармен Алтай өлкесін аралап, концерттер береді. Әншінің ғажайып үні мен керемет орындаушылығына риза болған жұрт қоштасарда: «Апай, сәтін салса Алтайға тағы келерсіз, сізді сағына күтеміз, сонда Алтай туралы ән алып келіңізші» деп өтініш жасайды. Алматыға келгесін Жамалдың есінен осы бір өтініш шықпай қойған. Ақыры Евгений Брусиловскийге қолқа салады. Обалы нешік, композитор ән-әуеннің бірнеше нұсқаларын әкеледі, бірақ Жамалға ұнамайды. Арасында екеуінің сөзге келіп қалған кездері де болған.
Ақыры, сонау 40-жылдары ұмытылып, тартпасының бір бұрышында қалып қойған нота композитордың назарын аударады. Дереу рояльға салып ойнап көрсе, тым-тәуір дүние екен. Бірнеше рет ойнайды. Жақсы шығып тұр.
Әншіге телефон шалады. Тұтқаны кешігіңкіреп, селқос көтерген Жамалға:
– Жамалочка, тыңдаңызшы бір ән шықты, мен нотасын ойнайын.
– Жарайды тыңдайын, ойнай қойыңыз.
– Міне, міне тұтқаны тастап қоймаңыз?
Күйсандықтан керемет музыка төгіле береді.
– Евгений Григорьевич, тезірек маған жетіңіз!
– Мақұл, Жамалочка…
Нығмет Баймұхамедов мәтінін жазған ән елге тез тарайды:
‒ Өр Алтай, асқан Алтай,
асқар Алтай,
Анамдай әлпештеген жастан Алтай.
Суы бал, көдесі бай, жері майса,
Ағытқан сары алтынды тастан Алтай.
Елімнің ерке алқасы,
Сымбатты сұлу жер Алтай.
Омырауда алтын алқасы,
Отанымның кені Алтай, ‒ деп басталып, шалқыған ән көп жылдар бойы Жамал апаның аузынан түспей төлқұжатына айналып кетті» деп жазады. Шындығында «Алтай» әні тыңдаған құлақтың құрышын қандырғаны анық еді. Қазақстанның қай түкпіріне барса да, көрермен «Алтайды» құмарта тыңдады. Жамал Омарова қазақтың небір керемет халық әндерін, қазақ композиторларының нақышты әндерін сонымен қоса өзге ұлттардың да әндерін өз репертуарына кіргізіп, барған жерінде құйқылжыта орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген әнші.
Қазақстанның халық әртісі Сара Тыныштығұлова ұстазы Жамал Омарованың адами абзал қасиеттерін айта келіп, былай деп жазады:
– Сен қыздың соңғы кездері тамағың неге қырылдап жүр? – деп сұрады бірде.
– Салқын суға көрпе жуамыз, апай.
– Көрпе жуғаны несі?
– Жалдамалы пәтерде тұрамыз ғой, ‒ деп сөз аяғын жұттым.
– Онда үйге кел, менің қолымда боласың, ‒ деп мейірімін төге қарады.
Содан ұстазымның үйінде тұрдым. Маған апайымның сіңірген еңбегі көп.
2022 жылы Жамал Омарованың 110 жылдығы өзінің кіндік қаны тамған Өзбекстанның Жаңажол ауданында кеңінен аталып өтіпті. Ұйымдастырушы Өзбекстандағы Қазақ мәдени орталығы екен. Ауқымды шараға Қазақстаннан ұрпақтары мен туысқандары және бір топ әнсүйер қауым барып қайтқан. Оларға рахмет! Мұны жезтаңдай әншіге деген көршілес елдегі қазақ диаспорасының бауырмалдық көңілі мен құрметі, шынайы ілтипаты деп түсінсек керек.
Ақын Сағи Жиенбаев Жамал Омароваға арнаған «Апа» деген өлеңінің екі шумағын бере кетейік:
– Ән салсаң сары белден самал өріп,
Кететін ұлан-ғайыр дала кеңіп.
Өзінің ұқсайма екен дауысына,
Кең дала қосылатын саған еріп.
Аққудай аспанымда әнің жүзіп,
Тыңдайтын кәрі-жастың бәрі үзіліп
Жалындап, қайраттанып, қайта түлеп,
Құлшынып отыратын қаны қызып…
Қазақ өнерінің мақтанышына айналған Жамал Омарова көзі тірісінде марапаттан кенде болмапты. «Қазақстанның халық әртісі» атағын алған. «Ленин», «Еңбек Қызыл ту» ордені және ондаған мемлекеттік медаль иеленген. Атақты әнші 1976 жылы өмірден озды. Бүгінде Шымкент қаласындағы №1 әуез мектебі, Алматы қаласындағы Көктөбеге дейін созылып жатқан көрнекті, ұзын көше Жамал Омарованың есімімен аталады.
Темірбек ЕСЖАНОВ,
білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





