Әр өрнекте мән бар

3

0

Наурызнама онкүндігінде белгіленгендей, алдағы 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Бұл – қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрінің айқын көрінісі.

Осы күні қазақстандықтар өздерінің бі­регейлігін дәстүрлі киім арқылы көрсете отырып, мәдени мұраның құн­дылығын ай­шықтай түседі.  Өйткені ол – қазақ хал­қы­ның құндылықтарын, тұр­мыс-тіршілігін, дү­ниетанымын көр­сететін өткен дәуірдің бейнесі. Бүгінде ұлт мәдениетінің жарқын көрінісіне ай­налған ұлттық киім жаңа заманмен ұштасқан құнды мұраға айналды. Бү­гінде үлкен сұраныста.

Кейінгі кездері көпшіліктің ұлттық на­қыш­қа деген ықыласы қайта оянды. Дәстүрді заманауи сән трендтерімен үйлестірген эт­ностиль танымалдылыққа ие болды. Қа­зақ­стандық сәнгерлер ұлт­тық нақыштағы элементтері бар киімдер тігіп, заманауи ба­ғытта қайта жаңғыртты.  Әсіресе, жас­тар арасында кеңінен таралуы олардың қызы­ғушылығынан туындады. Олар әр өрнекте мән, әр бұйымда тарих, әр әшекейде қаза­қы болмыс барын айтады. Осылайша қазақ тіліндегі этникалық элементтері бар, күн­делікті киюге арналған киімдерге – ою-өрнек, кесте, ұлттық нақыштар мен пат­риот­тық бағыттағы ұрандар бейнеленген заманауи стильге сұраныс артты.

Қазақтың ұлттық киімдері мән-мағы­насымен де ерекшеленді. Табиғи материалдар – былғары, үлбір, киіз және мата тек жайлылық үшін ғана емес, мәртебе мен бай­лықтың белгісі ретінде де қолданылған. Мә­селен, сыйлы адамға шапан жабу құрметтің белгісі саналады.

Ұлттық киімді дәріптеп жүрген шебер­лердің бірі Бағжан Шайхыслам – жүн мен киізден киім тігетін ди­зайнер. Бала күнінен қолөнерге қы­зығып, әсемдікке құштарлықты бойы­на сіңірген ол қазір киіз басу әдісімен әзір­лейді. Заманауи үлгіде дайындалып, ою­мен зерленген сән­ді бешпент, шапан, көйлек, бас киім, сырт­қа арналған аяқ киім мен байпақ жасайды. Табиғи таза өнімнен дайындалған сырт киім­дерге тұтынушылардың қызығушы­лығы жоғары.

– Менің мақсатым – ұмытылып бара жат­қан қолөнерді насихаттау, ұлттық киім­ді тұрмысымызға қайта енгізуге үлес қосу. Ата-бабамыз төрт түлік малды бере­келі кәсіпке айналдыра білген. Қойдың жүні­нен киіз басып, ұршық иі­ріп, тоқыма тоқы­ғанды әже­мізден көріп өс­тік. Сол себепті қол­­өнерге жақын бол­дым. Бұрын ана­лары­­мыз киген киімді заманауи үлгіде қайта жасадым. Киізден оюлы жакет, тақия, көй­лек, шапан мен байпақ жасап, ондағы ою-өрнек­тер­ді аңыз, жырл­ардан, дас­­тан­дар мен тарихи оқи­ғалардан ізде­дім. Қо­лым­нан шық­қан дү­ниелерім еліміз­дің түкпір-түкпіріне жөнел­тілуде.  Мә­селен, жақында 45 са­ғат­та тобықтан келетін киіз шапанды бітірдім.

Бұрын ұлттық киім­дерді мейрамда ғана сұра­са, қазір күнделікті тапсырыс түседі. Бұл – қуанарлық жағдай. Себебі, әр ұлттың өз киімі бар. Ал оны күнделікті кию бәрінен маңызды. Сол себепті біз ұлттық киімдерді бүгінгі күнге сай етіп жасаймыз. Жастар жағы киізден тігілген байпақ, жейде, белдікке қызығады. Өйткені, қыста  жылы әрі тыныштанды­ратын қасиетке ие. Меринос қой жүні  өте жұмсақ, денеге ыңғайлы. Аяқты суықтан қорғайды, терлетпей, бірқалыпты температураны ұстайды. Сондай-ақ иммунитет көтеруге де көмекші құрал. Үлкен кісілерде жиі кездесетін қан қысымы ауруына, ұйқыны қалыпқа келтіруге әсері мол. Киізден жасалған бұйымдарды мерзімдік, яғни тек қыста пайдаланады деген қате түсінік те бар. Жазда киетін жұқа маталардан тігілетін көйлектер мен жейделерге киізден әдемі ою жасап, жапсырса одан әрі сәнді болады, – дейді Бағжан Шайхыслам.

Наурыз мейрамы аясында елімізде сән фестивалі, байқаулар мен тақы­рыптық жәрмеңкелер өткізіледі. Ұлттық киім этно-шеруі, би флешмобы, «Кимешек fashion» сән көрсетілімі, сондай-ақ заманауи ұлттық киімдер көрсетілімі ұйымдастырылады.

Ұлттық құндылықтарымыз ұлық­талған айтулы күні барша Сыр жұрт­шы­лығы қа­зақы нақыштағы киім­дерді кие­ді. Облыс көлемінде түрлі мере­келік іс-шараларға ұласады.

Атап айтқанда, А.Тоқмағамбетов атын­­дағы мәдениет үйінде облыстық «Бұрым­ды ару – 2026» атты дәстүрлі телеви­зия­лық байқауы өтіп, қала кө­лемінде «Ұлт­тық нақыштағы заманауи образ» ви­део­челленджіне жалғасады. Бұл күні дүрия көйлек киген, беліне күміс белдік таққан, камшат бөрік басында, сылдырмақ шолпы тағынған, қызыл қамзол жамылған аналарымыз бен қыздарымыз және үкілі домбыра қолында, құндыз бөрік басында серілер, аталар мен жігіттер көзге түседі.

Сонымен қатар, қала және барлық ауданда Ұлттық киім күніне орай түрлі мерекелік іс-шаралар өтеді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»