Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі. Тұрғындар үшін әркез маңызды – газбен қамту, су жүргізу, электр желісін тарту және жол сапасын жақсарту күн тәртібінен түспек емес. Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қала маңындағы ауылдарға барып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдаған болатын.
Алдымен аймақ басшысы Ақжарма ауылдық округіне қарасты Талдыарал ауылына барды. Мұнда тұрғындар ескі жатақхананы пайдалану және мектеп жанынан шағын балабақша ашу мәселесін көтерді. 1965 жылы салынған екі жатақхананың бірінің тозығы жеткен.
– Рас, Талдыаралды бұрынғы кезбен салыстыруға келмейді. Соңғы 10 жылда жаңа мектеп пен амбулатория салынды. Көшелерге жол төселді. Интернет желісі тартылды. Ауызсудан мәселе жоқ. Биыл аяқсу әкелу жұмыстары да шешімін тапқалы тұр. Ал енді ауыл жылдан-жылға үлкеюде, жақын елді мекендерден көшіп келушілер де көп. Сонымен қатар, мына ауыл орталығында қараусыз қалған жатақханалар бар. Бұлар кезінде республикалық песхананың балансындағы ғимараттар болатын. Қазір қалалық әкімдік балансындағы жатақхананың бірінде ауыл тұрғындары тұрса, екіншісі қараусыз қалып отыр. Осындай нысандарды жөндеуден өткізіп, балабақша не спорт бөлмелерін ашса дейміз. Өйткені, ауылда спорттық додалардан топ жарып жүрген балаларымыз жетерлік. Басқа да кәсіп ашам деген азаматтар пайдалы дүниеге жаратуға болады, – дейді талдыаралдық еңбек ардагері Серік Сейітназаров.
Қараусыз қалған екінші ғимаратты жөндеп, ауыл балаларының игілігіне жаратуға кәсіпкер табылып тұр. 2020 жылдан бері осында егін шаруашылығымен айналысып жүрген Нұрмұрат Елшібеков жатақханадан түрлі спортқа бейімдейтін секциялар ашуға ынталы. Облыс әкімі де балалардың бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасау үшін бос тұрған нысанды тиімді пайдалану қажеттігін айтып, ауыл әкіміне жұмыс жүргізуді тапсырды. Ал мектеп жанынан балабақша ашу ұсынысы ескерілетінін және тиісті деңгейде қаралатынын айтты.
Иә, қалаға жақын орналасқан бұл ауылға көшіп келушілер жетерлік. Бүгінге дейін 174 отбасы тұратын елді мекенде тағы да 256 адамға жер дайындалып, инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Ақжарма ауылдық округі әкімі Жұмабек Әлиевтің айтуынша, Талдыаралға электр желісін жаңадан тарту үшін сараптама қорытындысы дайындалған. Жоба құны 43 млн теңгеден асады. Бұған қоса ауылда биыл балаларға арналған шағын футбол алаңы да салынбақ.
Мұнан кейін аймақ басшысы Баймұрат батыр ауылының тұрғындарымен кездесті. Ауыл ақсақалдары дәрігерлік амбулатория салу мәселесін көтеріп, көшені жарықтандыру керек екенін алға тартты. Айта кету керек, ауылға аумағы 3000 шаршы метрді құрайтын амбулаторияны салу үшін былтыр 3,4 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Жоба құны 395 млн теңге. Қазір құрылысты бастауға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал жарықтандыру жұмысы бойынша тиісті құжаттар дайындалуда.
Сапар барысында облыс әкімі Ақсуат ауылдық округіндегі Ж.Махамбетов ауылына аялдады. 10 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда бұған дейін газ желісін тарту мәселесі өзекті болып келді. Тұрғындар бірнеше жылдан бері осы мәселені көтеріп келген. Ауыл ақсақалдарымен тілдескен өңір басшысы тұрғындардың талап-тілегіне орай ауылды «көгілдір отынға» қосу жұмыстары екі жылда аяқталып, биыл ұзындығы 9 шақырымды құрайтын 5 көшеге газ құбыры орнатылатынын жеткізді. Бұл ретте мердігер компания басшысына жұмысты сапалы әрі уақытында орындауды тапсырды.
– Ақсуат ауылдық округін газдандыру жұмыстары былтыр басталды. Әдепкі жылы 500 млн теңге бөлінсе, биыл 2 млрд 439 млн теңге қаралып отыр. Ал келесі жылы 1 млрд 874 млн теңге ақша бөлінбек. Қазір ауыл көшелеріне құбыр жүргізу жұмыстары қарқынды жүруде. Жергілікті тұрғындардан 50-ге жуық адам алдық. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы толық аяқтаймыз, – дейді мердігер «Алия-Сервис» ЖШС өкілі Ұлан Рахатұлы.
Облыс басшысы Тасбөгет пен Белкөл кентіне де барды. Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықовтың айтуынша, 30 мыңнан аса тұрғыны бар кентте биылдан бастап спорттық сауықтыру кешенін салу жоспарлануда.
– Біздегі көптен бері көтеріліп келген мәселенің бірі – спорт кешенінің құрылысы. Тасбөгетте №5 спорт мектебі бар, бірақ ол ғимарат ескірген әрі онда барушыларға тарлық етуде. Қазір кенттегі халық санын есептеп, 150 орындық спорт кешенін салу жоспарланды. Бастапқы қаржылары бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталды, – дейді кент әкімі С.Сыздықов.
Спорт ғимаратына кент орталығынан 1 гектар жер бөлінген. Ал жобаның жалпы құны 560 млн теңгеге жуықтайды. Облыс әкімі халықтың талап-тілегін тыңдап, жас спортшылармен де кездесті. Сондай-ақ тасбөгеттіктер мұндағы емхана ғимаратының келушілерге тарлық ететінін айтып өтті. Аймақ басшысы бұл мәселенің ұзамай шешілетінін, тиісті жұмыс жүргізілетінін атап өтті.
– Жастардың бос уақытын болдырмау әрі назарын спортқа бұру үшін кентте спорттық сауықтыру кешенін саламыз. Ол үшін қажетті қаражат қарастырылады. Мұнан бөлек, емханадағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін осындағы фтизиопульмонология орталығын Талсуаттағы орталыққа көшіріп, бұл нысанды емханаға ыңғайлы етіп бейімдеп, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сол арқылы өздеріңіз айтқан орын тапшылығы мәселесі жойылатын болады. Сіздер айтқан әрбір ұсыныс қараусыз қалмайды, жан-жақты саралап, кезең-кезеңімен шешеміз, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында аймақ басшысы кент әкімі С.Сыздықовқа жастарды жұмыспен қамту ісінде нақты алгоритм әзірлеуді және жұмыссыз жүрген жастарды санатына қарай бөлу, оларды сұранысқа ие салаларға бейімдеу жұмыстарын нақты жүргізу қажеттігін ескертті.
Мұнан кейін Белкөл кентіне барған өңір басшысы тұрғындармен бірге ортақ мәселелерді талқылады. Мұнда бірнеше жылдан бері темір жол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу жөнінде айтылып келген еді. Қазір мәселе оң шешімін тапқан.
– Біз былтыр жыл соңында тендерге қатысып, жеңімпаз атандық. Бүгін құрылыс жұмыстары басталды. Осы Белкөл кентіндегі темір жол үстінен өтетін көпір құрылысына бөлінген қаржы 225 млн теңгеден асады. Жобаның сметалық құжаттары 2019 жылы берілген. Арадағы уақыт пен бағаның көтерілуін есептесек, қазір құрылыс материалдары тым қымбат екені де белгілі. Соған байланысты қосымша қаржы қажет. Сондай-ақ жұмысшылар да жергілікті жерден қамтылады, – дейді мердігер мекеменің өкілі Тоқмағанбет Сарыөзенов.
Айта кетсек, аспалы көпірдің биіктігі 8, ал ұзындығы 110 метр. Құрылыс жұмыстары сегіз айға созылмақ. Нысан қазан айында пайдалануға беріледі дейді мердігер мекеме өкілі.
Еске салайық, облыс әкімі осы уақытқа дейін 100-ден аса ауылға барып, халықпен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Әлеуметтік мәселелерді шешу нәтижесінде өңірде газбен қамту 67, жақсы жолдардың үлесі 75, ауызсу жүргізу 98 процентке жетіп отыр.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<