Адамзат дамуы талай құпияны бүге ілгерілеуде, бұған кей адамдардың ерекше жаратылып, ондаған жыл бұрынғыны болжай алуы, кей жандардың қазіргі медицина ғылымы түсіндіре алмас оталар жасап, ана дүниеге кетіп бара жатқандарды аман алып қалуы, кей адамдардың басқа пенделер қолынан келмес әрекеттер жасай алып, отқа қызып, қып-қызыл боп тұрған кетпенді жалауы, қақаған қыста далаға жалаңаяқ шыққанда аяқ астындағы қардың еріп, суға айналып, оның қайнауы, қойшы, әйтеуір қарапайым жұмыр басты пенденің ақыл-ойы жете қоймас жайттар осы құпиялардың бір кішкентай бөлігі ғана. Бұған қатысты көркемөнерде де зерттелуі керек мәселелер аз емес. Оның бір бағыты халық композиторлары шығармашылығына қатысты дер болсақ, талантты жандардың музыкалық сауаты болмаса да, яғни, музыка мектептерінде оқымаса да, нота танымаса да әлемдік музыка өнерінің жауһарлары болып саналар күйлер мен әндерді өмірге әкелгендерін қалай түсіндірерсіз.
Сол сияқты сөз өнері саласында да поэзия, проза, драматургия, әдеби сын, әдебиет пен өнер зерттеуді қабат алып жүргендер де, бұларға қоса әншілікті, домбырашылықты, суретшілікті де жетік игеріп, бірнеше өнер саласының қосын қатар жеккендер де аз емес. Мұндай жандардың шығармашылық даралықтары, ерекшеліктері толық ашылмауы біздің елде шығармашылық психологиясы мен шығармашылық зертхана салаларының зерттелуі көш соңында екенін айғақтайды. Қалың оқырман З.Шүкіровтің үлкен ақын екенін білгенмен, оның шебер прозашы, жақсы аудармашы екенін, І.Жақановтың композитор екенін білгенмен, жақсы ақын, үлкен өнертанушы, мықты суретші екенін, Ә.Нұрпейісовтің талантты жазушы екенін білгенмен, оның жақсы әдебиет сыншысы екенін, академик Р.Бердібаевтың ғұлама ғалым болумен қатар ғажап домбырашы, академик Ө.Айтбаевтың әлемге белгілі тілші-ғалым болумен қатар керемет әнші екенін біреу білсе, біреу білмейді. Бұл тізімді жалғай берсек, оның өзі талай бетті алары анық.
Бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болып отырған жан – берісі қазақ еліне, әрісі күллі түркі әлеміне белгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаев. Оның шығармашылығын салаға бөлер болсақ, төмендегіше қарар едік: 1) Қазақ әдебиетінің тарихы, 2) қазақ фольклоры, 3) оқыту әдістемесі, 4) педагогика, 5) публицистика, 6) поэзия, 7) проза, 8) Әдеби сын, 9) Түркология, 10) Абайтану. Бұлардың әрқайсысын іштей тағы да бірнеше салаға бөле қарауға болады. Тіпті өнертану мен пәлсапаға ұштасатын еңбектері де аз емес. Бұл айтылғандар атақты ғалым-түркітанушының шығармашылық жолы сан тарау екенін көрсетумен қатар, оның шығармашылық тұлғасын толық ашатын еңбектер өмірге келуі қажеттігін көрсетеді.
Біз бүгін ғалымның шығармашылығында көпшілік біле бермейтін деректі прозасы туралы аз-кем әңгімелегенде осы үлкен іске тамшыдай болса да үлес болсын дегенді мақсат еткенімізді айта отырып, қазақ елі тарихында өзіндік орны бар үш тұлға – Қалжан, Әуелбек, Әлібек Қоңыратбаевтар шығармашылықтарын ішкі байланыста да қарау қажеттігін атай өткенді жөн санадық.
Енді Әуелбек Қоңыратбаевтың көркем әдебиеттегі қолтаңбасы дегенге келер болсақ, ғалым поэзияға да, прозаға да қалам тербеген. Оның 1959 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан «Жеті алып» атты поэмасы, 1963 жылы «Сұр көжек» атты әңгімелер жинағы жарық көргенінің өзі біздің жоғарыдағы пікірімізге дәйек бола алады. Ташкентте Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев сынды қазақ әдебиетінің классиктерінен дәріс алған оның көркем әдебиеттегі ізденісі мен үлесі үлкен зерттеулерге жүк болары анық.
Ә.Қоңыратбаев қаламгерлігіндегі ерекше саланың бірі – деректі проза. Қаламгер деректі әңгімелері мен естеліктерінен мына екі жайт анық аңғарылады. Оның біріншісі – нақтылық, тарихи фактілердің бұрмаланбауы болса, екіншісі – саясаттың салқыны. Өмір бойы кеңес билігінің қудалауын көрген қаламгердің әңгімелерінде болсын, естеліктерінде болсын кей жайттарды атамауға тырысады, бірақ ол ой астарынан, мәтін астарынан аңғарылады және кей адамдардың аты-жөнін атамайды. Бүгін құпия органдар архивтері толық ашылмағанмен, біршама жағдайлар белгілі болған кезде олардың да кім екенін оқырман біліп отырады деген ойдамыз.
Қазіргі кезде кешегі өткен кезеңге қатысты, сол тұстағы көркем шығармашылыққа, көркем аудармаға қатысты атүсті пікірлер де айтылып жатады. Бұл көбіне-көп сол тұстағы тілдік қолданысты, сол тұстағы саяси-қоғамдық жағдайды ескермеуден шығып жататын сияқты. Өткен кезеңге қатысты пікір айтарда сол кезең ерекшеліктерін ескере, қаламгерлердің өз бастарын қатерге тіге еңбек еткендеріне назар аудара, олардың еңбектерінің сол тұстағы әдеби дамуға үлесі тұрғысынан қараған жөн деп ойлаймыз.
Қаламгердің деректі әңгімелері түрлі тақырыпта, бірі сол тұстағы ел жайын сөз етсе, бірінде алғаш теміржолдың түсуі, паровоздың келуі кейіпкерлер көзімен беріледі. Бірінде қосыла алмаған екі ғашықтың жайы қозғалса, бірінде қақпаншылық, енді бірінде саятшылық, құс салу әңгіме арқауына айналады. Мәселен, «Жалшы күні» атты әңгімеде өткен ғасырдағы қазақ елі тұрмысы, кедей-кепшіктің күні, байлардың озбырлығы жалданып мал бағушы Іздібай бейнесі арқылы ашылады. Ал «Ел іші» атты әңгімеде Сыр бойындағы алғашқы теміржол байланысы, ел арасындағы дау-дамай, Әйекенің атылуы және т.с.с. адам мен қоғам байланысында суреттеледі. «Дәмеш» атты әңгімеде қосыла алмаған екі жастың қайғылы тағдыры сол тұстағы қазақ қоғамы қайшылықтарымен қосөрім болып суреттеле шынайы көрсетіледі.
Қаламгер өз әңгімелерінде адам баласы мен табиғат бірлігін шебер көркем кестеге түсіреді. «Қаракер» атты әңгімеде құсбегі Құлманның кедей болғанмен жан-дүниесінің тереңдігі, оның Қаракер атты бүркітімен достығы түрлі оқиғалар өрмегінде өріледі. Ал «Киіктің айласы», «Біз тұмсық», «Сұр көжек», «Қарлы түн», «Жақыпбек пен үлек», «Әнші торғайлар» атты шағын әңгімелері – адам мен табиғат, аң-құс әрекеті мен адамдар психологиясын тұтастыра суреттеген дүниелер. Бұл шығармалардың тағы бір қызықты тұсы – автор ойының ұлттық тәлім-тәрбие қайнарынан бастау алуы. Оның деректі әңгімелерінен қаламгердің тек өзіне әсер еткен жайттарды ғана шығарма арқауына айналдырғанын, қай шығармасының да ойға жетелеп, адам атына лайық болуға үндейтінін аңғару қиын емес.
Оның деректі әңгімелерінде («Ел іші», «Доңғал тауы», «Арсен мен Костя») өткен ғасырдағы Сыр елі жағдайын суреттей отырып, бүкіл қазақ елі басындағы хал-ахуал, ел ішіндегі тартыс, қазақ даласына орыс мұжықтармен қатар төңкерісшіл жандардың келуі, Ресей патшалығының күш-қуаттан айрыла бастаған жайы және оның қазақ еліне айрықша салмақ салуы шынайы суреттеледі. Ал «Иман – Жүсіп» атты әңгімеде атақты батыр, ақын Иманжүсіптің 1914 жылы атақонысы Сырға оралуы, елдің оған той жасай қарсы алуы көркем баяндалады. Қалың қауымға Тайжан, Мансұр, Нартай есімдері таныс болғанмен, ХХ ғасыр басында Сыр бойында, қазіргі Жаңақорған мен Қызылорда аралығында Есенбек, Мәмбетәлі, Қайдар сынды ақын-жыраулар, Сыздық пен Бөпе сынды күйшілер өткенін біле қоймауы мүмкін. Міне, біз оларды Ә.Қоңыратбаев әңгімесі арқылы ғана біліп отырмыз. Сол сияқты Шиелі маңындағы Ақдала, Қобыланды құмы сияқты жер-су атаулары да осы әңгіме арқылы белгілі болып отыр. Бұл әңгіме де біздің жоғарыда айтып өткен нақтылық, тарихи деректердің, жағдайлардың бұрмаланбай, шынайы қалпында берілуі жайлы пікірімізді тиянақтай түседі.
Ә.Қоңыратбаев деректі әңгімелерінен оның қаламгерлік ізденісін байқаймыз. Ол бір әңгімесін табиғат көріністерінен, яғни, пейзаждан бастаса, бірін нақты оқиғадан бастап, ойды әрі қарай тарқатады. Кей қаламгерлер деректі прозасында нақтылықтан ауытқымаймын деп бір сарындылыққа ұрынып, тек болған оқиғаны құрғақ баяндау басым болып кететін жағдайлар көп, ал Ә.Қоңыратбаев бұл тұста өзіне қатаң талап қойғаны байқалады. Ол шағын деген әңгімесінің өзінде кейіпкер бейнесін сомдауға тырысқанын, көркемдікке баса назар аударғанын көреміз.
«Әдеттегідей биыл да Сыр бойына қар түспеді. Анда-санда сіркіреп өткен жаңбырдың жерді жібітуге шамасы да келмеген» деп басталатын «Жалшы күні» атты әңгімеде елдің ауыр халі «Құрман ауылы биыл осы Балкөгендегі құмды өзекті қыстап отыр. Құрманда бес-алты түйе, сауындық сиыр, мінерлік ат бар. Өткен жазда көк шықпағандықтан жерде іскекке ілінетін шөп тұқымы жоқ» дегеннен-ақ аңғарылмай ма. Әдетте «Шалғыға түсер, ораққа ілінер шөп жоқ» деген тіркестер қазақ қара сөз өнерінде кездесе береді, ал «Іскекке ілінетін» дегенді Ә.Қоңыратбаев көркемдік ізденісінің жемісі деу керек. Бұл тұста жағдайдың тіпті мүшкіл екендігін қаламгер осы бір ауыз сөзбен-ақ жеткізген. Сол сияқты «Ел іші» атты әңгімеде генерал Куропаткиннің Шиелі стансасына келуі туралы да баяндалады. Ал мұны біз өлке тарихына байланысты кездестіре қоймаған едік. Бұл деректі әңгіменің құнын арттыра түседі. Сондай-ақ осы әңгімеде «Таң ата теміржол қуысына келіп тұрған екі көкшіл вагонды көрген ел дүрлігіп, у-шу.» деген сөйлем бар. Бір қарағанда айтарлықтай ешнәрсе жоқ сияқты болып көрінгенмен, осы сөйлемнен қазір біз теміржол тұйығы деп аударып жүрген железнодорожный тупик дегеннің дұрыс баламасы теміржол қуысы екенін аңғарамыз. Оның деректі әңгімелерінен мұндай мысалдарды ондап-жүздеп келтіруге болады. Алайда, бір мақала деңгейінде біздің оның деректі әңгімелерін толық талдай алмасымыз белгілі, сондықтан, тек оның шығармашылығындағы осы бір қыр туралы ақпарат бере, деректі әңгімелерінің ерекшелігіне, көркемдігіне назар аудартуды жөн санадық. Әйтпесе, бұл шаруа үлкен ғылыми зерттеулердің еншісінде ғой.
Қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып, соңына «Қазақ совет әдебиетінің очеркі» (1949), «Қазақ совет әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» (1950), «Қазақтың Қозы-Көрпеш жыры туралы» (1956), (1959), «Әдебиетті оқыту методикасының очерктері» (1962), «Әдебиетті оқыту методикасы» (1966), Эпос және оның айтушылары (1975), «Шеберлік сырлары» (1979), «Қазақ эпосы және түркология» (1987), «Қазақ фольклорының тариxы» (1991), «Қазақ әдебиетінің тариxы» (1994) және т.б. көптеген еңбектер қалдыра 1986 жылы 27 қаңтарда өмірден озған ғұлама ғалымның туғанына биыл 125 жыл толып отыр. Бұл айтулы күнге орай біз оның шығармашылығын келер күндерде толық зерттеп, зерделеу қажет, бұл тек ғалымдардың ғана емес, Қазақстан Жазушылар одағының да міндеті дегенді айтпақпыз.
Алдажар ӘБІЛОВ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Білім беру ісінің құрметті қызметкері





