Аграрлық саланы жаңашылдық алға бастырады

92

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі бағыттардың бірі агроэкономика және аграрлық ғылымды дамыту мәселелері талқыланған жиын өтті. Оған мәслихат депутаттары, басқармалар мен аумақтық департамент басшылары, ғалымдар, шаруашылық құрылымдарының өкілдері, онлайн байланыс арқылы Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдері қатысты.

Облыс әкімі сала басшыларына Жолдаудан туындайтын міндеттерді сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

– Мемлекет басшысы Жолдауында: «Қол­данбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп ке­шенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес» деген болатын. Әсіресе, аграр­лық саланы цифрландыруға, ауыл шаруа­шы­лығы ғылымын жетілдіруге негізгі басымдық беруді ерекше атап өтіп, бес міндетті айқындады.

Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласына жаңа тәсілдерді, заманауи техноло­гиялар мен цифрлық шешімдерді, жасанды интеллектіні енгізу, екінші, өнімділік пен қайта өңдеуді арттыру, үшінші, техно­логия­лық жаңғырту, төртінші, ғылым мен зерт­теуді дамыту, бесінші, қаржылай қолдау көрсету.

Аграрлық салаға цифрлық техно­логияларды кеңінен қолдану, терең өңдеу бағытындағы жұмыс баса мән беруді қажет етеді. Ғылымды дамытып, цифрлық техно­логияларды қолданудың тиімділігін шаруа­шылық құрылымдарына түсіндіру керек.

Саланы жетілдіруге арналған ғылыми жобаларды қолдап, оларды іске асыруды сүйемелдеп, цифрландырудағы тың бас­тамаларды өндіріске енгізуді қарас­ты­рыңыздар.  Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты білім беру орталығының жұмысын жандандыру, ғылыммен айналысатын білікті мамандар даярлау өте маңызды. Оқу орындарын бітірген түлектерді жұмысқа тарту керек.

Президентіміздің сенімін ақтау – баршамыздың ортақ парызымыз. Сон­дықтан осы бағытта атқаратын жұмыс­тарымыз жүйелі, нәтижелі болсын.

Бүгінгі берілген барлық тапсырманың орындалуы тұрақты бақылауымызда болады. Жүктелген міндеттерді жауап­кершілікпен бірлесе атқаруға шақырамын, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мемлекет тарапынан жыл сайын бөлінген қаржының арқасында өткен 8 айдың қорытындысымен ауыл шаруа­шылығында 66 млрд 900 млн теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,5 пайыз, тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 16 пайыз артқан.

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев күріш көлемін кезең-кезеңімен оңтайландырып, суды аз қажет ететін дақылдарды жерсіндіру туралы хабарлама жасады.

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының дирек­торы, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев аграрлық ғылымды жедел өркендету арқылы агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндіктері­не тоқталды. «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов цифрландыру тәсілдері арқылы өндіріс тиімділігін арттыру, Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова білікті кадр дайындап, озық ғылыми жобаларды өндіріске енгізу, сала ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов су тапшылығы жағ­дайында қолданылған тәжірибелер жайын­да пікір білдірді.