Айдынды Аралдың келбеті жастар көзімен

33

0

Фото: Автордан

Биыл аудандық «Толқын» газетінің ақпарат айдынына желкен кергеніне 95 жыл. Ғасырға жуық уақытта теңізді өлке тұрғындарын жағымды жаңалықтар мен татымды тақырыптарда тынымсыз хабардар етіп келе жатқан жергілікті басылымның ғұмырлы болуы бірінші кезекте журналистердің табысты еңбегі болса, екіншіден халықтың газетке деген ықыласы.

Міне, осынау атаулы жылды кең көлемде атап өту шаралары бүгінде басталып кетті. Аудан әкімдігі мен «Толқын» қоғамдық-саяси газетінің ұйымдастыруымен өткен «Айдынды Арал келбеті» атты аудан мектептерінің 9-11 сынып оқушылары арасында өткен шығармашылық бәйге соның алғашқысы.

Эссе және поэзия жанрында 90-ға жуық шығарма ұсынылып, осы бейсенбіде Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейде аталған байқаудың екінші және шешуші кезеңі өтті.

Бұл кезеңде алғашқы турдан сүрінбей өткен 10 оқушы поэзия бағытында бақ сынаса, 16 оқушы берілген тақырып бойынша жазу шеберліктерін ортаға салды. Сондай-ақ ақындық өнерді жастайынан жанына серік еткен он оқушы шығармаларын қазылар алдында оқып берді.

Қазылық еткен Журналистер одағының мүшесі, ақын, журналист Ерғали Абдулла, «Толқын» газетінің бас редакторы, ақын Айдар Сайлауов және басылымның тілшісі Оңталап Жолдасовтардың шешімі бойынша «Толқыннан толқын туады» тақырыбы бойынша топқа түскен үздіктер арасынан Т.Г.Шевченко атындағы №13 мектептің оқушысы Фатима Арапханова ІІІ орын иеленсе, ІІ орынға №260 мектептің оқушысы Ерасыл Қаршығаұлы тұрақтады. Ал І орын №291 мектептің шәкірті Альбина Айжарыққызына, бас жүлде №57 мектептің талапкері Нұрайым Серікбайға бұйырды.

Өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасын қалдырғысы келетін өнерлілерден қаламы жүйрік, ойы зерек, жазуы бөлек эссе жазушылар да кем түспеді. Бірінен бірі озып, ұтымды ой мен тұщымды тапқыр тіркестерімен көзге түсті. «Айдынды Арал шежіресі» тақырыбында эссе жазғандар арасынан №72 мектептің оқушысы Нұрбану Талғатқызы ІІІ орын, №59 мектептің оқушысы Ақсезім Есмұқанова ІІ орын иеленсе, Диана Салахадинова өзі білім алатын №82 мектептің намысын абыроймен қорғап, І орын алса, №220 орта мектебінің шәкірті Гүлбақыт Іздібай дара шығып бас жүлдені еншіледі. Сонымен қатар ақшалай жүлде табысталды.Жүлдегерлерден басқа ерекше талантымен таныла білген 12 қатысушыға да ынталандыру жүлдесі мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Оңталап ЖОЛДАСОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<