Аймақ басшысы құрылыс нысандарындағы жұмыс барысын көрді

94

0

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала аумағындағы құрылыс нысандарын аралады, деп хабарлады Syrboyi.kz.

Алдымен 2023 жылы Индустрияландыру картасына енгізілген нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Жоба бастамашысы «Қызылорда Нан» серіктестігі, 3,8 млрд теңгеге аумағы 6166 шаршы метр нысан салынуда. Кондитерлік цехта нан-тоқаш өнімдерінің 100-ден астам түрі, жылына 1008 тонна кондитерлік өнім, 1152 макарон түрі өндіріледі. Кешенде тәулігіне 25 тонна ұн, 20 тонна өсімдік майын өндеуге мүмкіндік болады.

Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы жолаушы вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету саласындағы «Цифрлық депо» кешенінің жұмысымен танысты. Бұл жоба да Индустрияландыру картасына енгізіліп, құрылыс толығымен аяқталған. Ресейден 54 жабдық жеткізіліп, жақын күндері пайдалануға беріледі.

Облыс орталығындағы құрылыс нысандарын аралап шыққан аймақ басшысы кешендер ұзақ уақыт қызмет етуі, халыққа пайдалы, өнімдері сұранысқа сай болуы үшін сәулетті, сапалы етіп салу керектігін ескертті.

Айта кетейік, облыста алдағы бесжылдықта 1,9 трлн теңгенің 86 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Өткен жылы 37 млрд.теңгенің 21 жобасы іске қосылды. Оның ішіндегі ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Қорқыт ата әуежайының» жаңа терминалы пайдалануға берілді. «Орда Гласс» серіктестігінің шыны зауыты айналасында энергия үнемдейтін шыны өндірісінің жаңа желісі іске қосылды. Одан бөлек, минералды ұнтақ өндірісі, асфальтбетон зауыты, газоблок, шлакоблок, металл өңдеу, 4 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы, құрт өндірісі, балық өңдеу, 5 күріш ақтау зауыты, жүгері өндірісі, тамшылатып суару әдісімен орман питомнигін ұйымдастыру жобалары бар.

Биылға 286,8 млрд.теңгеге бағаланған 24 жоба жоспарланған. Түркиялық «Акса Энерджи» компаниясының қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Орталық екінші жартыжылдықта іске қосылады.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін жылдық қуаттылығы 720 мың шаршы метр болатын айна өндірісі, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ жасайтын, жылына 90 млн.дана керамикалық кірпіш шығаратын өндірістер, жолаушылар вагондарын жөңдеу және техникалық қызмет көрсету кешені ел игілігіне айналады. Қуаттылығы 141,2 МВтболатын 4 күн және 1 жел-электр станциясы да биыл пайдалануға беріледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<