Аймақ басшысы Сыр спортшысын құттықтады

382

0

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Парадзюдошы Олжас Оразалыұлы Қазақстан қоржынына төртінші алтынды салды. Қытайдың Ханжчоу қаласында өтіп жатқан Азия пара ойындарында қазақстандықтар тағы бір алтын және күміс жүлдеге қол жеткізді. Аймақ басшысы Сыр спортшысын айтулы жеңісімен құттықтады.

«Алтын жүлде құтты болсын, жерлестер! Бүгін Тәуелсіз еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күні қарсаңында тағы бір сүйінші жаңалық келіп жетіп, қуанышымыз еселене түсті. Екі күн бұрын Қытай елінің Ханчжоу қаласында ІV Жазғы Пара Азия ойындары басталған болатын. Байрақты бәсекеге аттанған Сыр спортшысы Олжас Оразалыұлы Пара дзюдодан жеңімпаз атанды!

Олжас – Пара Азия ойындарында жеңіске жеткен алғашқы жерлесіміз. J2 санаты бойынша 73 келі салмақта өнер көрсеткен ол жартылай финалда Токио Паралимпиадасының қола жүлдегері, жапониялық Юджиро Сэтоны 10:0 есебімен жеңіп, финалға шықты. Финалда өзбекстандық Феруз Саидовты «Иппон» әдісімен, яғни, таза жеңіспен ұтып, алтын медаль иегері атанды.

Осылайша Олжас Оразалыұлы өз спорттық жолында тағы бір биікті бағындырды! Ол Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, парадзюдодан Гран-при халықаралық турнирінің үш дүркін және парадзюдодан Әлем чемпионатының жеңімпазы атағына міне, Азия ойындарының жеңімпазы атанған жетістігін қосты.

Ханчжоудағы бәсекеге қатысушы барша спортшыларымызға сәттілік тілейміз! Жеңіс жолы жалғаса бергей, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<