Тереңөзек кентінде ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған «Ағылшын тілін оқыту: ізденіс, тәжірибе, нәтиже» атты облыстық семинар өтті. Оны Қызылорда облыстық оқу орталығы мен Сырдария аудандық білім бөлімі бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты мектеп мұғалімдерінің ағылшын тілін оқытудағы кәсіби тәжірибесін жетілдіру, тиімді әдістемелерді талқылау арқылы оқу нәтижесін жақсарту және өзара тәжірибе алмасу негізінде ұсыныстар әзірлеу болатын.
Семинарға облыстық оқу орталығы жалпы орта білім беру бөлімінің әдіскері Ақсәуле Ахметова, Қызылорда облыстық ағылшын тілі мұғалімдері ассоциациясының вице-президенті Ләззат Фазылова, Назарбаев Зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Мадина Рашитова және халықаралық волонтер Дениз Ван Дер Мерв қатысып, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш, Қазалы, Арал аудандарынан келген мұғалімдер мен әдіскерлер белсене араласты.
Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып, облыстық оқу орталығының әдіскері Ақсәуле Ахметова семинарды ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Іс-шараның мазмұнды әрі сапалы өтуіне Сырдария ауданының ағылшын тілі пәні мұғалімдері зор үлес қосты. Олар өз тәжірибелерін ортаға салып, әдістемелік тұрғыда жоғары деңгейде дайындалған шеберлік сағаттарын өткізді. Атап айтқанда, №129 мектеп-лицей мұғалімі Раушан Абдраманова аудан тарихын, пән мұғалімдері мен оқушылардың жетістіктерін таныстырса, №44 орта мектеп мұғалімі Гүлжазира Абдалиева, №36 мектеп-лицей мұғалімдері Қарлығаш Садуова мен Жансая Садуова шеберлік сағаттарын ұсынды.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Мадина Рашитова мен халықаралық волонтер Дениз Ван Дер Мервтің бірлескен презентациясы іс-шараның мазмұнды өзегіне айналды. «Инновациялық оқыту стратегиялары – табысты оқытуға жетелеу» атты таныстырылым заманауи әдістер мен оқушының тілдік дағдысын дамытуға арналған практикалық құралдарымен ерекшеленді.
Семинарда «KazTEA» және Британ консулдығынің бірлескен жобасының курс фасилитаторы Батима Қожатаева іс-тәжірибесін, курс менторы Мөлдір Eceмбаева мен қатысушысы, Шиелі ауданының ағылшын тілі мұғалімі Жансая Палымбетова «Британдық кеңестің ресурстары негізінде ағылшын тілін оқыту» жобасы бойынша өткізілген екі курстың мазмұны жайлы ойын бөлісті. Жалағаш ауданының ағылшын тілі пәні мұғалімі Гүлдана Каипова курс материалдарын қолданып, қандай нәтижеге жеткені жайлы презентация жасады.
Көңілді үзіліс форматында ұйымдастырылған әдістер көрсетіліміне аудан мектептерінің мұғалімдері Ақайым Сарсенова, Алтынай Әбдіғаппарова, Ләйлә Жұмабекова, Гаухар Самет және Әйгерім Әбдірахман атсалысты. Олар оқушылардың сергек, белсенді болуына бағытталған әдістерді ұсынып, мұғалімдердің кәсіби қоржынын толтыра түсті. Сондай-ақ Майра Есқалиева оқушыларымен бірге ағылшын тілінде «Aladdin» қойылымын сахналап, көрермендерді ерекше әсерге бөлесе, Ұлдана Бақытбаева мен Сания Арысланова «Ақыл Батл» интеллектуалдық сайысын ұйымдастырды. Семинардың мазмұнды өтуіне белсенді атсалысқан Ақерке Ыбраева, Нұрдәурен Әбенов, Меруерт Жақанова, Сымбат Жүсіпова, Қарлығаш Бекжанова, Ботагөз Құнанбаева сияқты ұстаздардың еңбегін де ерекше атап өту керек. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Салтанат Ғалымжанқызы әр кезеңнің жүйелі өтуін қадағалап, барлық жұмыстың нақты орындалуына басшылық жасады. Аудандық ағылшын тілі пәні бірлестігінің жетекшісі Раушан Абдраманова мұғалімдерге бағыт-бағдар берді.
Семинар соңында қатысушылар Қызылорда облыстық оқу орталығының арнайы сертификаттарымен марапатталды. Шиелі және Жалағаш ауданының ағылшын тілі мұғалімдеріне сертификаттар салтанатты түрде табысталды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<