Айқындалған міндеттер ауқымы

267

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына сегізінші Жолдауын арнады. Президент Жолдаулары елдің стратегиялық даму бағыттарын айқындаумен қатар, азаматтардың саяси дүниетанымын қалыптастыруда сүбелі рөл атқарады. Алғашқы Жолдауларда Мемлекет басшысы ашықтық пен қоғамдық сенім, саяси қатысуды күшейтуге шақырып, жоспардан іске көшу, оперативті реформалар ұсыныстары жасалды. Қоғамдық келісім мен жүйелі өзгерістер маңыздылығы институционалдық жаңғыру мен инновацияға басымдық берумен жалғасты. Әлеуметтік әділеттілік пен бірлік идеялары экономика, заң үстемдігі және қоғамдық оптимизм құруға серпін берді. Бүгінгі цифрлық өзгерістер мен жасанды интеллектіні басымдыққа алу кезеңіне дейін сабақтасқан Жолдаулар еліміздің стратегиялық эволюциясын көрсетті. Демек, диалогтан реформаларға, әлеуметтік әділеттіліктен экономикалық бағдарға әкелген міндеттер технологиялық трансформацияға апаратынын дәлелдеп отыр.

Мемлекет басшысы сегізінші Жолдауында еліміздің бәсекеге қа­білеттілігін арттыру мақсатында жеті маңызды міндетке тоқталды. Мін­деттер қомақты инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруа­шылығын жаңа деңгейге кө­теру, көлік-логистиканы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту, кәсіп­керлерді цифрлық дамытудың қозғаушы күшіне айналдыру және экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары мен адам капиталын дамытуды көздейді.

Жетінші міндет шеңберінде білім экономикасында адами капиталды дамытудың тиімділігі ғылым, білім және инновация салаларын басқару тәсілдерінің үйлесімділігі тәуел­ділігіне назар аударылады. Білім экономикасындағы адами капитал білім деңгейінен бөлек, зерттеу мәдениеті, инновациялық кәсіпкерлік қабілеті және үздіксіз кәсіби дамумен қалыптасады. Сондықтан ғылым, білім және инновацияны басқару тетіктерінің тепе-теңдігі жоғары білімді мамандарды тиімді дайындау, ресурстарды оңтайлы бөлу, зерт­теулердің коммерциялануы және еңбек нарығы сұраныстарына жылдам бейімдейді. Нәтижесінде белгіленген «үштіктің» өзара әрекеттестігі адами капиталдың сапасы мен ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің белсенді драйверіне айналады.

Президент әрбір Жолдауында жастарға ерекше көңіл бөледі, сенім білдіреді. Биылғы Жолдауда Прези­дент «Таза Қазақстан» жалпы­ұлттық жобасына белсенді қатысқан жастарға ризашылығын білдіріп, ел жас­тарының отаншылдықты қабыл­дауы мен азаматтық белсенділігінің негізгі сипаттамаларын атап өтті. Президент алғысы – жастардың қо­ғамдық бастамаларға қосқан үлесін ынталандыру белгісі. Жастардың әсіредіншілдік, әсіреұлтшылдықты қолдамауы әлеуметтік жауапкер­шіліктерін көрсетіп, патриотизмнің жаңа қырын айқындайды. Жастарды мемлекеттің қолдауы – жаңашыл ұрпақтың елдің игілігі жолындағы істеріне демеу.

Жасанды интеллект дәуіріндегі еліміздегі өзгерістер халықтың саяси дүниетанымын жаңаша қалып­тас­тырып, түбегейлі жаңғырту фак­торына айналатынына сенеміз. Ал­дағы уақытқа қойылған міндеттер қоғамдағы саяси мәдениеттің дамуы, азаматтық жауапкершілік пен цифр­лық өзгерістердегі ел келешегіне қатыстылықты сезінуге ықпал жасайды.

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

философия және әлеуметтік-гуманитарлық

пәндер секциясының қауымдастырылған профессоры